Жетісу облысының сәулет және қала құрылысы қарқынды даму үстінде. Өңірдегі елді мекендердегі құрылыстың заманауи талаптарға сай бой көтеруі, инфрақұрылымның жүйеленуі және цифрландыру бағытындағы ауқымды жұмыстар – жергілікті атқарушы органдардың басты назарында. Осы орайда сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Даркен Нұржанов брифингте өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Басқарманың негізгі миссиясы – «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының негізінде мемлекеттік саясатты сапалы жүзеге асыру. Бұл тек ғимараттар салу емес, тұрғындардың жайлы тұрмысы үшін стратегиялық жоспарлауды қажет ететін күрделі процесс.
Біздің мақсатымыз – әрбір ауыл мен қаланың өзіндік сәулеттік стилін сақтай отырып, оларды заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Өңір бойынша қуантарлық көрсеткіш көп. Облыстағы 358 елді мекеннің құрылысы жоспар бойынша 100 пайыз қамтамасыз етілген. Бұл құрылыс жұмыстары нақты бекітілген құжат негізінде жүретінінің дәлелі. Дегенмен, уақыт талабына сай бұл жоспарларға тұрақты түрде түзетулер енгізіліп отырады, – деді спикер.
Елді мекендерді егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен қамту көрсеткіші қазіргі уақытта 20,4 пайызды (60 елді мекен) құрап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Мәселен, 2025 жылы бірқатар маңызды жоба қолға алынды. Атап айтқанда Алакөл, Қаратал, Кербұлақ, Сарқан аудандары мен Текелі қаласының қала құрылысы іске қосылған. Сонымен қатар облыс аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын әзірлеу және түзету жұмыстары сәтті жүргізілді.
Заман ағымына сай, сәулет саласы да цифрлық форматқа көшуде. Басқарма облыстың барлық елді мекенінің электрондық картасын әзірлеген. Бұл жұмыс «100 нақты қадам» ұлттық жоспарының 32-ші қадамын жүзеге асыру аясында «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» порталы үшін жасалған.
Басқарма басшысы Даркен Нұржановтың айтуынша, ағымдағы жылы жаңа жобалар бастау алды. Қазіргі уақытта Алакөл ауданындағы Үшарал қаласы мен Көлбай ауылының, Ескелді ауданындағы Бақтыбай, Сырымбет, Шымыр ауылдарының қала құрылысы құжаттамалары әзірленуде. Бұған қоса, 2026 жылдың алғашқы төрт айында пайдалануға берілген тұрғын үйлер бойынша деректер жинақталып, мониторинг жүргізілуде.
Мақпал Әділханқызы





