Ибраһим пайғамбардың әулетінен басталатын Құрбан айт биыл 27-29 мамыр күндеріне тура келеді. Осыған орай Жетісу облысының бас имамы Керімбек Дәуітов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Сағыныш Жаңабай, санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов әрбір мұсылман үшін қасиетті саналатын ұлық мерекенің мән-маңызын Журналистер үйінде өткен брифингте түсіндірді.
Мұсылманның 5 парызының бірі саналатын құрбан шалу қоғамдағы теңсіздікті жойып, мұқтаж жандардың отбасына қуаныш сыйлауды мақсат етеді. Сондықтан оның діндегі мағынасы «Жаратқанға жақындау» дегенді білдіреді. Яғни, жақсылық жасау арқылы Алла тағаланың ризашылығына ие болу – әрбір мұсылманның мақсаты. Биыл да мейірімділік пен ізгілік мерекесіне дайындық ерекше. Бұл жөнінде облыстың бас имамы:
– 27 мамыр таңғы сағат 6-да облыстағы барлық мешіттерде айт намазы оқылады. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының үндеуіне байланысты Айт мерекесіне жамағат қазақи шапанмен келсе деді. Сонымен қатар, Алла үйінің маңына қазақ үй тігіп, ыстық бауырсақ пісіріліп, шұбат, қымыз ұсынсақ деген ниетіміз бар. Облыс бойынша 17 қасапханада мал сойылады. «Құрбан» араб тілінен аударғанда «жақындау», яғни жасаған сауапты істер арқылы Аллаға жақындау дегенді білдіреді. Құрбан айт – мұсылман үшін ұлық мереке. Бұл күн – барша мұсылман бауырларымызды мейірімді болуға, қамқорлық жасауға, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға шақырады, – деді.
Құрбан айт мерекесінде онлайн және офлайн режимдерінде құрбан шалынып, мұқтаж азаматтарға ет таратылады. Облыстық дін істері басқармасы басшысының айтуынша, осыған байланысты аудан, қала аумағында жалпы қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті жоспар бекітіліп, жұмыс жүргізілуде. Атап айтсақ, белгіленген орындарда мал сатылуы мен сойылуын анықтап және ол туралы тұрғындарды алдын ала хабардар ету, мал сою орындарындағы санитарлық-ветеринарлық нормалардың, өрт қауіпсіздігі сияқты талаптардың сақталуын қадағалап, құрбан шалудың тәртібі турасындағы ақпараттар әлеуметтік желілерге орналастырылуда.
Жиын барысында Самат Ахметов құрбандық шалудың әдебі, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау және мерекенің маңыздылығын кеңінен түсіндірді.
Айдар ҚАЛИЕВ





