Қоғам алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі – ұлттық болмысты сақтай отырып, саналы әрі парасатты ұрпақ тәрбиелеу. Қоғам алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі – ұлттық болмысты сақтай отырып, саналы әрі парасатты ұрпақ тәрбиелеу.
Өйткені баланың тұлға болып қалыптасуында отбасы тәрбиесімен қатар ұлттық құндылықтардың да орны ерекше. Осы мақсатта Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясында «Бала тәрбиесінде ұлттық психологияның маңызы» тақырыбында тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Мектептің әдеп-құқық жұмысы жөніндегі менторы Данагүл Көпенованың бастамасымен өткен кездесуге ата-аналар белсенді қатысып, бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Шараға арнайы шақырылған Ескелді аудандық аналар кеңесінің төрайымы Дина Карипова ұлттық тәрбиенің бүгінгі қоғамдағы маңызы туралы мазмұнды әңгіме өрбітті. Ол халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тәлім-тәрбиесі, ата-ананың бала өміріндегі орны, ананың тәрбиелік рөлі мен отбасылық құндылықтардың қоғам дамуындағы маңызы жөнінде ой бөлісті.
– Ұлттық тәрбие – ұлттың рухани өзегі. Баланың бойына ізгілік, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, еңбекқорлық сияқты қасиеттер, ең алдымен, отбасында сіңеді. Сондықтан ұрпақ тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігі қашанда жоғары болуы тиіс, – деді ол.
Бала психологиясының ерекшеліктері, цифрлық дәуірдегі тәрбиенің қиындықтары, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәдениеті, ұлттық дүниетанымның жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны кеңінен сөз болған кездесуде ата-аналар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиын қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Жаһандану үдерісі күшейген заманда ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесі бұрынғыдан да өзекті. Сондықтан мұндай кездесулердің тәрбиелік маңызы зор. Себебі ұлттық рухпен тәрбиеленген ұрпақ қана елдің ертеңіне қызмет ететін саналы азамат болып қалыптасады.
Кездесу соңында мектеп әкімшілігі мен ата-аналар қауымы Дина Кариповаға тағылымды әңгімесі үшін ризашылықтарын білдіріп, арнайы Алғыс хат табыс етті.
Еламан АБАЙ
Ескелді ауданы әкімінің баспасөз хатшысы





