Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың және тәуелсіз «Тарлан» сый- лығының иегері Қабдеш Жұмаділовтың қаламынан 10 роман, 21 повесть, 70-тен астам әңгіме туды. Ал оның Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік өміріне арналған публицистикалық мақалаларының өзі бірнеше томға жетерлік дүние. Бүгінгі күні оның шығармалары толық жиырма томды қамтитын мол мұра. Оның барлық шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына енген қазына десе болады. Сондықтан да Қабдеш Жұмаділовты классик, сарабдал сөз зергері, қазақтың ұлы жазушысына айналды десек артық емес.
Ұлтымыз бен ұлысымыз, тіліміз бен діліміз, дініміз үшін басын бәйгеге тігіп, тарихымызды қара күйеден тазартып, елдік рухымызды көтеру жолында жасаған жанкешті еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Өйткені оның барлық шығармаларының негізінде ел тағдыры, әділдік пен адалдық жатыр. Сондықтан да Жұмаділов шығармалары өміршең.
Ел тағдыры мен жер тағдырын басты тақырыпқа айналдырған қаламгер Үржар, Тарбағатай, Аягөз, Зайсан аудандарының және Алматы қаласының Құрметті азаматы атанды.
Биыл Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың 90 жылдығына орай жазушының әдеби еңбектерін еліміздегі және шетелдердегі қалың оқырманға кеңінен насихаттап, азаматтық тұлғасы мен ізгі істерін өскелең ұрпаққа үлгі етіп, есімін есте мәңгі қалдыру мақсатында мәдени-ағартушылық нысандарға атын беру мәселесі өкімет тарапынан арнайы қаулымен қолға алынып, көптеген іс-шара жоспарланған.
Соның бір көрінісі ретінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхана мен Қазақстанның кітапханалар қауымдастығының ұйымдастыруымен «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясын өткізуге Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романы таңдалды.
Әкем қазақ әдебиетіне Шығыс Түркістандағы қазақтардың өмірі мен тағдыры туралы тақырыпты әкелген жазушы. Сол тұстағы тырнақалды шығармасы «Қаздар қайтып барады» деп аталатын әңгімесі. Қытай қазақтарының тағдыры жайлы «Көкейкесті», «Соңғы көш» туындысы да оқырманын баурап алды. Қазақ халқының тағдыры мен азаттық жолындағы күресі суреттелген «Тағдыр» романы Қазақстан Республикасының Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты иеленді.
«Тағдыр» 1989 жылы жарық көрген. Ол кезде мен ҚазМУ-дің тарих факультетінің 4-курсын тамамдап жатқанмын. Сол жылы отыз күндік әскери жаттығудан өтуіміз керек. Жаңа басылып шыққан «Тағдырды» оқимын деп өзіммен ала барғанмын. Оқып жатқан қолымдағы кітапты көрген жолдастарым таласып-тармасып, кезекке тұрып оқыды ғой. Әр адамға бір күн, бір түн беріледі. Бір жарым айдың ішінде отыздан аса адамның оқып шыққаны есімде. Одан алған әсер қандай?! Қол боста талдайтындары сол кітап. Демежанның тұлғасы, қазақ халқының тағдыры, салт-дәстүрі мен ғұрыптары. Шығармадағы ұнаған эпизодтармен бөліседі. Әсіресе Шәуешекте бәсекелес екі көпестің бәске самаурынды ақшамен қайнатып, әлемдегі ең қымбат шайды ішкізетін жері таңқалдырған еді. Әйтеуір әскери жаттығу біткенше менің қолыма кітап тимеді.
1980 жылдардың аяғы коммунистік идеология дағдарысқа ұшырап, бұрын айтуға тыйым салынған тақырыптар ашыла бастады. Алаш зиялыларының ақталуы, тоталитарлық жүйенің қайшылықтары, сталинизмнің озбырлығы, тағы басқа өзекті тақырыптар көтеріле бастаған. Осы кезде Жұмаділовтың шығармалары үлкен сұранысқа ие болды. Жалпы, тарихшылар бара алмайтын тақырыптарды жазушылар ашады. Мысалы, І. Есенберлиннің «Көшпенділері», Мағауиннің «Аласапыраны» жанкештілікпен жазылған.
Ал әкеміздің қаламынан туған шығармаларды жұрт іздеп жүріп оқыды. Ол заңды да. Өйткені ол заманның адамдары кітапқұмар еді. Әр шопанның етігінің қонышында не кітап, не «Жұлдыз» жорналы жүретін. Ал Жұмаділовқа құмартатыны – кітаптарында шындық пен әділдіктен ауытқымады және шығармаларының басты тақырыбы ұлттың, елдің, тарихи тұлғалардың ғұмыры. Сюжетте өрбитін оқиғалардың бәрі өмірден алынған.
Қазір ойлап қарасам, бар абырой, атақ пен даңққа өз еңбегімен жеткен әкем өте еңбекқор адам еді. Әңгімені шегелеп қойғандай қозғалмай отырып жазатын. Бірақ жазғанда «не болса да бүгін бес бет жазуым керек» деп өз-өзін артық қинамайтын. Оның айтуы бойынша шығарма жазылмау керек, туу керек. Сіздің миыңыздағы идеяңыз ізденуге итереді, материал жиналады, деректер сарапталады. Осының бәрі шығарманың жазылуы алдындағы үлкен дайындық жұмысы. Сол ойыңызды әбден қорытып, түйсініп болған соң шығарма туу керек.
Қаракерей Қабанбай мен оның заманын сипаттайтын екі томды «Дарабоз» романы жазылып жатқан кезде бір ағайындар шетел асып қыдырып қайтайық дегенде әкеміз: «Әй, жігіттер, бармай-ақ қояйын, мазаламаңдар. Мен қазір Қабекеңнің қасында жүрмін», – деген екен.
Әкемнің барлық шығармаларын анамыз Сәуле Әукеқызы өз қолымен машинкамен теретін. Ол кезде компьютер деген жоқ, бір жазғанын үсті-үстіне қарап түзей беретін. Әкеміз машинкаға түскенге дейін әр шығармасын бірнеше рет көшіреді-ау. 200-300 бетті кейде одан да көп қолжазбаны редакциялап қайта-қайта көшіру қанша шыдамдылық пен қажырлылықты, сабырлылықты қажет етеді. Өзінің «труд прозаикам, слава поэтам» дейтін бір сөзі бар еді. Жалпы жазушының шығарма жазу технологиясы «Таңғажайып дүние» деген өмірбаяндық романында айтылған. Қызық!
Әкеміздің ел ішін, жайлау-жайлауды аралап материал жинап жүргені есімде. Сол сапарларына мені де кішкентайымнан ертіп жүретін. Енді ұқтым, оны бойымызға қазақы болмысты дарыту үшін жасаған екен ғой.
Қабдеш Жұмаділовтың бірқатар шығармалары басқа тілдерге де аударылды. Солардың ішінде «Көкейкесті», «Соңғы көш», «Атамекен», «Дарабоз» романдары мен хикаяттар топтамалары орыс тіліне аударылып басылған. Жекелеген әңгіме, хикаяттары қырғыз, өзбек, ұйғыр, украин, белорус, грузин тілдерінде, «Соңғы көш» романы түрік тілінде жарық көрді.
Жалпы, әкеміздің кітаптары оңайшылықпен басылып шықпайтын. Міндетті түрде бір мәселе туатын да тұратын. Кейде өмірлік себептер болса, кейде көреалмаушылық, қызғаныш сияқты адами пендешілік салдарынан кешігіп шығатын.
«Соңғы көш» жазылып болған соң оны бірден басып шығара қойған жоқ. Тоталитарлық жүйенің үрейі әлі бар кез. Қытай қазақтарының тағдыры туралы бұл жердегілер білмейді екен. Тақырып пен кітаптың идеясы КСРО сыртқы саясатына қайшы келмей ме екен деген күдік туындаған. Содан романды басып шығару үшін әкемізге Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен рұқсат алып келіңіз деп қайтарып жібереді. Тиісті органдар ондайға құзырымыз жоқ деп ат-тонын алып қашты. Олар кітапты орыс тіліне аударып Ленинградтағы Шығыстану институтына жіберіңіз, рұқсат керек болса солар анық-қанығын айтар деп ақылдарын айтты.
Содан «Соңғы көш» орыс тіліне «подс- трочный переводпен» аударылып Ленинградқа жіберілді. Қателеспесем, жарты жылдан соң «шығарма еліміздің сыртқы саясатымен үйлеседі. Баяндалған оқиғалар тарихи шындыққа жанасады, басуға болады» деген оң пікірмен қайтып келді. 1974 жылы сол хатты алып әкеміз «Жұлдыз» жорналының редакциясына барған ғой. Ол кезде жорналдың редакторы Шерхан Мұртаза. Сол хатты бірінші бетке қойып «Соңғы көшті» жорналдың бірнеше нөміріне жариялаған екен.
«Соңғы көшті» мен жоғары сыныпты жүргенде оқыдым. Алған әсерім туралы айтсам бір сөзбен жеткізу қиын. Біріншіден, үлкен қызығушылық болды. Өйткені мен оны әулетіміздің, елдің, жердің шежіресі ретінде қабылдадым. Екіншіден, кейіпкерлердің мінезі, оқиғалардың желісі бірден иіріп әкетеді. Өзіңді кейіпкерлермен бірге, сол оқиғалардың арасында жүргендей сезінесің. Бойымдағы қазақы мінез, ұстанымдардың қалыптасуына шығарманың ықпалы ерекше. Жалпы, кітап оқыған адамның ойлау жүйесі өзгереді, бойына ұлттық рух біте бастайды.
Осы жөнінде бір оймен бөлісейін. ХХ ғасыр қазаққа опа-қайыр әкелген жоқ. Большевиктердің сценарийі бойынша қазақ халқы өзінің ұлттық болмысынан айырылып тұқымы тұздай құру керек еді. Қазақ жастары тарихи жадынан айырылып, орыстілді мәңгүрттерге айналып жатқан кезде, 1986 жылы желтоқсанда алаңға итеріп шығарған қандай күш?! Жастар ұлттық болмысы мен ұлттық рухын қалай сақтап қалды? Ол әдебиеттің күші! Есенберлиннің «Көшпенділерін» оқып қанша қазақтың саналы жас ұрпағы өсті! Әкеміздің айтқаны бар: «Рухани жаңғыру кітап оқудан басталады!».
Мамандығым тарихшы. Тарих пәнінің оқытушысы болуыма тікелей әкеміздің шығармалары әсер етті. Оқу бітірер кезде диплом жұмысының тақырыбын анықтап берген әкем еді. «Қандай тақырып алайын?» деп ақылдасқанда ол кідірместен «Қазақ-қытай қарым-қатынастарын» ал деп өз тақырыбын ұсынды. Ал 1990 жылы университетті аяқтап, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында еңбек жолымды бастап, айналысатын ғылыми тақырыбымды этномәдени үдерістерге қатысты алайын деп жатқанда әкем тағы да «уақытша тақырыптарды қайтесің, алсаң қазақтың қару-жарағын зертте» деп ақылын айтты.
Жалпы, әкеміздің басты ұстанымы әрқашан әділдік жағында болу. Өзінің ұстанымдарына қарсы шықпау. Мысалы, әкеміздің билікті сынаған бірқатар мақалалары мен әңгімелері бар. Сол жақпады ма, жеті жылдай Халық жазушысына берілетін стипендия тоқтап қалды. Сонда жоғарыдан біреулер арқылы: «бірауыз жылы сөз, мадақ айтсаңыз атақ та, даңқ та, дүние де болады» деген ұсыныс келді. Бірақ әкеміз оған келіскен жоқ. Сол сияқты билік партиясынан да бізге мүше болыңыз деген ұсыныстар келді. Сонда әкеміздің берген жауабы: «Мен және менің кейіпкерлерім өз алдына бөлек партиямыз» деді. Осындай мысалдар күнделікті көз алдыңда болып тұрған соң әкеміздің өнегесін бойымызға сіңіріп өстік, сондай болуға тырыстық.
Біздің әулеттің балалары түгел оны «Ауа» деп атайтын. Соңғы кезге дейін «Ауамның қалы қалай?» деп сұрап жататын. Бұл қайдан шыққан лақап десем, әкеміздің үлкен ағасы Ниязбектің Салтанат деген қызы кішкентайында «аға» дегенге тілі келмей «ауа» деп кеткен екен. Содан бәріміз әкемізді «ауа» атап кеттік. Кейін Салтанаттан сұраймын ғой, «неге ауа деп кеттің?» десем «қазаққа ауадай қажет болсын деп аузыма Құдай салған шығар» дейтін.
Сол рас болып шықты. Қазақстанның қоғамдық өмірінде қандай да бір жағымсыз, ерсі құбылыстар болса әкеміз соны сынға алып мақала жазатын. Және қателеспейді. Алдын ала бәрін біліп, болжап отырғандай әсерде боласың. Мысалы, жалған тарих жазатындарды бет-жүзіне қарамай қатты сынады, 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде халыққа оқ атқан билікті сынап, жазушылардың атынан өз пікірін айтты. Ал 2012 жылы «Диктатордың ажалы» деген хикаят жазылып, ол «Әріп пен Сара» атты жинаққа кірді. Өте қырағы қарт қызметкер диктаторлардың арасынан біреуді тұңғыш Президентке ұқсатады. Сол хикаят үшін Үржар ауданында тарап кеткен 150 жинақты қайта тізімдеп жинап, өртеген болатын. Міне, тәуелсіздік кезінде кітабы өртенген жалғыз жазушы Қабдеш Жұмаділов болды. Қызық болғанда «Диктатордың ажалы» хикаятында 2022 жылғы қаңтар оқиғасы болжанады ғой.
Қазір әкеміздің мұрасын сұранысқа қарай кезек-кезек бастыртып шығарып жатырмыз. Ол іспен Дәрмен деген бауырым айналысуда. Биыл әкеміздің жиырма томдық толық шығармалар жинағын дайындап жатырмыз. Құдай қаласа, шығып қалар.
Қабдеш Жұмаділовтың 90 жылдығына орай кітапханаларда, мектептерде әртүрлі кездесулер мен конференциялар өтуде. Мысалы, «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» саласы бойынша білім алушы жастардың ұйымдастыруымен Қабдеш Жұмаділовтың туғанына 90 жыл толуына орай дәстүрлі «Жұмаділов оқулары» аясында «Баспа үдерісіндегі әдеби шығарма: тарихи романдардың рецепциясы мен интерпретациясы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция ұйымдастырылды.
Қабдеш Жұмаділов есімі аталғанда, ең алдымен, ұлт тарихы, шекараның арғы бетіндегі қазақ тағдыры, азаттық рухы, шындықты бүкпей айтатын қаламгерлік мінез еске түседі. Сондықтан бұл жиынның өзегі де – жазушының әдеби мұрасын жаңа көзқараспен зерделеу, бүгінгі жас ұрпаққа қайта таныту болды.
P.S. Жыл аяғына дейін әлі талай іс-шаралар өтеді. Абай облысының әкімдігі Таскескен, Үржар, Семейде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Оңымен болсын! Жазушының қалың оқырманы әртүрлі бастамалар көтеріп жатыр. Солардың бірі – Қабдеш Жұмаділов күмбезінің алдына немесе Абай облысының аудан орталықтарының біріне немесе Семей қаласында жазушыға арнап ескерткіш тұрғызу. Бұл қалың оқырманды разылыққа бөлеп қана қоймай бүкіл облыс жұртшылығының рухани дүниесін жаңғыртуға серпін беретін еді. Бұл бастаманы жазушының есімін ерекше құрметпен қабылдайтын Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу облысының халқы қолдайтыны сөзсіз.
Арман ҚАБДЕШҰЛЫ
Алматы қаласы





