Талдықорғанда 3 жастағы қызын соққыға жыққан ер адам 4 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Жетінші арна.
Оқиға биыл ақпан айында болған. Өз әкесінің соққысынан дене жарақатын алған бүлдіршін шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Қазіргі уақытта бала дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Белгілі болғандай, қыз бұған дейін ауыр сырқатпен күресіп, Түркияда бауырына операция жасатқан.
Тергеу мәліметінше, сол күні ер адам әйеліне де күш қолданған. Күдікті тұрғылықты мекенжайынан мас күйде ұсталған.
Аталған дерек бойынша азаптау және ұрып-соғу белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс айыптау актісімен бірге сотқа жолданған.
«Оқиғаға байланысты азаптау және ұрып-соғу белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Тергеу қорытындысы бойынша қылмыстық іс айыптау актісімен бірге сотқа жолданды. Талдықорған қалалық сотының үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды», – деді Жетісу облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Қалықова.





