Текелі қаласында Жетісу облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткі құралдарын насихаттайтын жазулар мен граффитилерді анықтау және жою жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Іс-шара барысында заңсыз интернет-ресурстарға сілтеме жасайтын және есірткінің заңсыз айналымын насихаттайтын инфографикалар мен жазулар толықтай өшірілді. Мамандардың айтуынша, мұндай заңсыз сілтемелер мен ақпараттар көбіне жастарды есірткі қылмысына тартудың, оларды улаудың басты құралы ретінде пайдаланылады. Сондықтан бұл жазулардың көзін уақытылы жою – ұлт саулығын сақтаудың маңызды қадамы.
«Заң мен тәртіп» қағидасы бойынша бірлескен шараның негізгі мақсаты – есірткінің таралуының алдын алу, өскелең ұрпақты зиянды ықпалдан қорғау және қауіпсіз қоғамдық ортаны қалыптастыру болып табылады. Тәртіп сақшылары мен жастар белсенділері қаладағы әрбір жойылған жазу – заңсыз ақпараттың таралуына қойылған берік тосқауыл және жастардың қауіпсіз болашағына қосылған үлкен үлес екенін атап өтті.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, есірткіге қатысты кез келген құқық бұзушылықтарға бейжай қарамаудың маңызын түсіндірді. Қоғам болып жұмылғанда ғана есірткі індетіне тосқауыл қою мүмкін екені ескертілді.





