Қазақстанның астық және ұн экспорты өсім көрсетіп отыр. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың мамырына дейінгі аралықта астық пен ұнды экспорттау көлемі астық эквивалентінде 12,2 миллион тоннаны құрады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, бұл өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға жоғары. Өткен жылы осы уақыт аралығында шетел нарығына 10,7 миллион тонна өнім жөнелтілген болатын.
Экспорт көлемінің артуына негізінен Орталық Азия елдері мен Ауғанстан тарапынан сұраныстың жоғары болуы әсер еткен. Атап айтқанда, Өзбекстанға жеткізілген өнім көлемі 38 пайызға өсіп, 3,6 миллион тоннадан 5 миллион тоннаға жетті. Қырғызстанға экспорт көлемі 1,5 есеге артып, 312 мың тоннадан 474 мың тоннаға дейін ұлғайған.
Сондай-ақ Ауғанстанға жөнелтілген астық пен ұн көлемі 58 пайызға көбейіп, 1,3 миллион тоннадан 2 миллион тоннаға жетті. Түрікменстанға экспорт көлемі 197 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылғы 137 мың тоннамен салыстырғанда 44 пайызға жоғары көрсеткіш.
Ауыл шаруашылығы министрлігі оң көрсеткіштер қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сыртқы нарықтағы сұраныстың жоғары екенін көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар оңтүстік бағыттағы логистикалық дәліздердің тұрақты жұмысы мен экспорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған шаралардың тиімділігі де өз нәтижесін беріп отыр.
Мамандардың айтуынша, экспорт көлемінің өсуі Қазақстанның өңірлік азық-түлік нарығындағы позициясын нығайтып, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына қосымша серпін береді.





