Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қытайлық инвесторлармен маңызды кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар өңір аумағында энергия жинақтау жүйесі бар, қуаты 250 МВт болатын жел электр станциясын салу жобасын талқылады.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
ҚХР-дың «Envision Energy» инвестор компаниясы жүзеге асыратын бұл жоба аясында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйесі орнатылған заманауи жоғары технологиялық станция салу көзделген. Жаңа нысанды Қаратал ауданының аумағында тұрғызу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 215 миллион АҚШ долларын құрайды. Аталған бастаманың жүзеге асырылуы өңірдегі «жасыл» энергетиканы дамыту және экологиялық таза қуат көздерін еселеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Инвестор компанияның қызметі, соның ішінде «ақылды» жел турбиналары мен энергия жинақтау жүйелерін өндіру бағыттары туралы компанияның аға вице-президенті Вэй Вэй кеңінен баяндады. Оның айтуынша, жобаның жылдық электр энергиясын өндіру көлемі 3200 сағаттан асады деп болжануда. Кездесу қорытындысында өңір басшысы Бейбіт Исабаев энергетика саласы облысты дамытудың негізгі бағыттарының бірі екенін, сондықтан жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған жобаларға қолданыстағы заңнама аясында қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Кездесу соңында тараптар пікір алмасып, жобаны тиімді жүзеге асыруға өзара мүдделі екендіктерін білдірді.





