Ақсу өңірінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен «Халық әуені» жобасы тыңдарманға жол тартты. І. Жансүгіров ауылында өткен өнер кешіне аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, жастар мен мәдениет қызметкерлері жиналды.
Кештің басты ерекшелігі – ұлттық өнер мен әлемдік классиканың бір сахнада тоғысуы. Қазақстанның халық әртісі, белгілі скрипкашы Гауһар Мырзабекова жетекшілік ететін «Қазақстан Камератасы» мемлекеттік классикалық музыка ансамблі мен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының өнерпаздары көрермен назарына жоғары деңгейдегі концерттік бағдарлама ұсынды.
Бағдарлама барысында Нұржан Бажекенов, Айдос Жабағын, Нұрғалым Аманбай, Әлихан Бейсеков, Шыңғыс Нұрғалиұлы, Диляра Дүйсекеева, Азиза Әбдрейім, Айдана Сатыбаева және Бекзат Әбітов орындаған опералық ария, халық әндері мен вокалдық туындылар өнердің шынайы құдіретін сезіндіріп, тыңдарман жүрегіне жол тапты. Қазақтың дәстүрлі әндері мен әлемдік музыка жауһарларының қатар орындалуы кеш мазмұнын байытып, мәдениеттер үндестігінің жарқын үлгісін көрсетті. Кәсіби орындаушылық шеберлік, музыкалық шығармалардың терең мазмұны мен сахна мәдениеті көрермен қауымға ерекше әсер қалдырды.
Мәдени жобалардың шалғай ауылдарға дейін жетуі – мемлекет пен қоғамның рухани дамуға деген қамқорлығының айқын көрінісі.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев сөз сөйлеп, жұртшылық атынан өнер иелеріне алғыс білдірді. Ол осындай мәдени бастамалар жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыратынын айтып, рухани құндылықтарды ұлықтаудағы маңызына тоқталды.
Өнер – ұлттың рухани қазынасы. Ал сол қазынаны халықпен қауыштырып, мәдениет мәйегін ел арасына кеңінен насихаттап жүрген жобалардың мәні мен маңызы зор. Ақсу жерінде өткен бұл кеш соның айқын дәлелі. Өнер мен руханият үндескен тағылымды шара көрермен көңілінде ұзақ сақталып, мәдени өмірдің жарқын белесіне айналары сөзсіз.
Гүлжан ТҰРСЫН
Ақсу ауданы





