Елімізде «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы қарқынды жүруде. Тазалықты тек көше сыпыру немесе ағаш егумен шектеуге болмайды. Оның негізінде қоршаған ортаға зиян келтіретін алпауыт кәсіпорындардың жауапкершілігі мен заң үстемдігі жатыр. Талдықорған қаласындағы Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйінде өткен брифинг Жетісу облысындағы экологиялық мәселелердің қаншалықты күрделі екенін көрсетті.
Өңірлік экология департаментінің басшысы Тілеухан Байқуатовтың баяндамасы аймақтағы табиғат қорғау саласындағы қордаланған түйткілдерді ашыққа шығарды.
Жыл басынан бері экологтар 17 ірі нысанды тексеріп, нәтижесінде 66 заң бұзушылықты анықтады. Оның жартысынан астамы, нақтырақ айтсақ 39-ы – өрескел қателіктер. Табиғатты ластаушыларға салынған әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 303,7 миллион теңгені құрады. Бұл қаржының 99 пайызы қазірдің өзінде мемлекет қазынасына өндірілген.
Тілеухан Байқуатов өз сөзінде кәсіпорындардың жауапсыздығына тоқталып:
«Біздің басты мақсатымыз – экологиялық мониторингтің сенімділігін қамтамасыз ету және өңірдің қауіпсіздігін арттыру. Әсіресе, Сырымбет ауылы тұрғындарының ұжымдық арызынан кейін жүргізілген тексерістер бірнеше ірі заңсыздықтың бетін ашты», – деп атап өтті.
Экологиялық дабылдың ең қатты соғылған тұсы – «Текелі-мрамор» ЖШС-нің қызметіне қатысты болды. Анықталғандай, бұл зауыттың экологиялық рұқсат құжатының мерзімі 2025 жылдың соңында аяқталған. Соған қарамастан, кәсіпорын жарты жыл бойы заңсыз жұмыс істеп келген. Қазіргі уақытта департамент аталған зауыттың жұмысын сот арқылы уақытша тоқтату мәселесін қарастырып жатыр.
Тағы бір өрескел жағдай «Алатау Мрамор» ЖШС-нде тіркелді. Кәсіпорын рұқсатсыз жарылыс-бұрғылау жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, ауаны шаңнан қорғайтын су шашу шараларын мүлдем ұйымдастырмаған. Осындай жауапсыздықтар өңірдегі «Таза Қазақстан» қағидатына мүлдем қайшы келеді.
Облыстағы ең ауыр мәселенің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары. Өңірдегі 7 ресми полигонның тек үшеуінде ғана (Талдықорған қаласы, Қаратал және Көксу аудандары) тиісті экологиялық рұқсаттар бар. Ал Ескелді, Кербұлақ, Панфилов және Сарқан аудандарындағы полигондар ешқандай құжатсыз жұмыс істеуде.
Оған қоса, бұл аумақтарда жиі өрт шығып, қоршаған ортаға орасан зор зиян келуде. Қоқыс өңдеу деңгейі де көңіл көншітпейді. Жетісуда жылына 220 мың тонна қалдық түзілгенімен, оның тек 17,8 пайызы ғана қайта өңделеді. Бұл – өңірде сұрыптау желілерінің жоқтығынан туындаған олқылық.
Департамент басшысы бұл түйткіл туралы:
«Облыста рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Геопортал арқылы 35 заңсыз орын анықталды, бірақ оның тек 11-і ғана жойылды. Осы жұмысқа салғырт қараған лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды», – деді.
Қоқысты уақтылы тазаламағаны үшін бірнеше шенеунікке айыппұл салынды. Олардың қатарында Текелі қаласы мен Ақсу ауданы әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ Талдықорған, Ескелді және Көксу аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары бар. Оларға жалпы сомасы 1,3 млн теңге көлемінде жеке айыппұл кесілді.
Дегенмен, экология саласында ілгерілеу де жоқ емес. Мәселен, өңірдегі ірі кәсіпорындар – «Alacem» және «Талдықорғантеплосервис» шығарындыларды автоматты түрде мониторингтеу жүйесін енгізді. Енді олардың ауаны қалай ластап жатқаны туралы деректер экологтарға онлайн режимде түсіп тұрады. Сондай-ақ, биыл I санаттағы кәсіпорындар үшін шығарындылар лимиті 3,1 пайызға төмендетілді.
Брифинг соңында спикер:
«Экологиялық заңнама талаптарына сәйкес коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламалары әзірленуде. Бұл құжаттар инвестиция тартуға және жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деп қорытындылады.
«Таза Қазақстан» – тек тазалық емес, бұл әрбір кәсіпорын мен әрбір азаматтың заң алдындағы жауапкершілігі. Жетісуда басталған бұл «экологиялық тазалау» жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Табиғатты қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ парызымыз.
Мәулен Әнербай





