Түркістанда өтіп жатқан VIІI халық ойындарының финалдық кезеңдері басталды. Еліміздің әр өңірінен келгендер 10 спорт түрінен өзара мықтыны анықтайды. Бір апта бойы іріктеу кезеңдері өтті. Жетісу облысының намысын қорғаған футболшыларымыз қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. Өзгеде спорттағы атлеттеріміз шешуші кезеңге дайын.
Халық ойындарына футболшыларымызды бастап келіп, аламанға қосқан бапкер Еркебұлан Мұсабековтың үйінде жарыстың қызған шағында сәбидің үні естіліп, әке атанды. Чемпион болған жігіттер өздерінің жеңісін ес білген шақтан бастап баптап, футбол әліппесін үйреткен жаттықтырушыларына арнады.
– Шыны керек, бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қуаныштан төбем көкке бір елі жетпей тұр. Сәбилі болып қуанып жатсам, мен баптаған команда алғаш рет республикалық турнирде жеңімпаз атанып отыр. Бұл жеңіс – тынымсыз еңбектің, бірліктің және жігердің нәтижесі, – дейді Еркебұлан Мұсабеков.
Жетісудың футболшылары финалда Шығыс Қазақстан облысының құрамасын 1:0 есебімен жеңді. Жеңіс голын салған – Мади Маратұлы.
Ал құрама сапында ерекше ойынымен көзге түскендердің бірі Жанасыл Алмасұлы:
– Жарыстың деңгейі өте жоғары болды. Қарсыластардың осалы жоқ, бәрі іріктеуден өткен нағыз мықтылар. Ойындардың барлығы Түркістандағы ауа райына байланысты таңертең өтті. Күннің ыстығы айтарлықтай ойыншыларға әсер етті деп ойлаймын, – дейді.
Серік ҚАНТАЙ





