Жетісу облысында ішкі істер органдары қызметкерлері арасында жауынгерлік қарудан атудан республикалық турнир ашылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған полицияның үздік мергендері кәсіби шеберліктерін, төзімділіктері мен жоғары атыс дайындығын ортаға салады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ішкі істер министрлігінің спорттық іс-шаралар жоспарына сәйкес өтіп жатқан жарыс 24-26 маусым аралығын қамтиды. Үш күнге созылатын додада қатысушылар нысананы дәл көздеумен қатар, жауапты жағдайда сабыр сақтап, жылдам әрекет ету қабілеттерін де сынайды. Полиция қызметкерлерінің спорттық даярлығы олардың қызметтік міндеттерін сапалы атқаруының кепілі.
Турнирдің ашылу салтанатында Жетісу облысы полиция департаменті мен министрлік өкілдері жарыстың қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтерудегі маңызын айрықша атап өтті. Жауынгерлік қарудан ату – құқық қорғау органы өкілдері үшін қарапайым спорттық сайыс емес, күнделікті қызметтің ажырамас бөлігі. Әрбір дәл тиген оқ темірдей тәртіп пен үздіксіз еңбектің нәтижесі.
Мұндай республикалық деңгейдегі алаң тәжірибе алмасуға, үздік мергендердің шеберлігін шыңдауға зор мүмкіндік береді. Жетісу жерінде бас қосқан полицейлер өздерінің ең үздік өкілдерін анықтап, алдағы қызметтік міндеттерге деген дайындықтарын көрсетеді. Жарыс қорытындысы бойынша ең мерген әрі епті қызметкерлер арнайы марапаттарға ие болады.





