Бір кездері ауылдағы шағын пошта бөлімшесіне жаңа газет келген күн ерекше болатын. Жұрт қолына тиген басылымды басынан аяғына дейін оқып шығуға асығатын. Газет бетінде жазылған әр сөзге сенетін. Өйткені онда жарияланған ақпараттың артында журналистің жауапкершілігі, редакцияның беделі, қоғам алдындағы аманат тұрды. Ақпараттың құны оның шынайылығымен өлшенетін.
Бүгінде жағдай басқаша. Қазір біз ақпарат жетіспейтін емес, ақпараттан көз ашпайтын қоғамда өмір сүріп отырмыз. Таңертең ұйқыдан оянғаннан, кешке дейін әлеуметтік желілерден, мессенджерлерден, түрлі платформалардан мыңдаған хабарлама аламыз. Бір оқиға туралы ондаған нұсқа, жүздеген пікір ұсынылады. Бірақ ақпарат көбейген сайын оған деген сенім азайып барады. Қоғамда «қай ақпарат рас?», «кімге сенуге болады?», «шындық қайда?» деген сұрақтардың жиі қойылуы да содан.
Бұл тек Қазақстанға тән құбылыс емес. REUTERS INSTITUTE жариялаған халықаралық зерттеулер әлем бойынша жаңалықтарға деген сенім деңгейінің біртіндеп төмендеп келетінін көрсетеді. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, әлем тұрғындарының шамамен 40 пайызы ғана жаңалықтарға сенетінін айтқан.
Бұл статистика бір қарағанда қарапайым көрсеткіш сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның астарында қазіргі медиакеңістіктің ең күрделі мәселелерінің бірі жатыр. Ақпарат көп. Бірақ сенім аз. Технология дамыды. Бірақ күмән күшейді. Сонда мәселе қайда жатыр? Жалған ақпараттың көбеюінде ме? Әлеуметтік желілердің ықпалында ма? Әлде журналистиканың өзінде ме? Бұл сауалдарға жауап іздеу үшін МЕДИАСАРАПШЫЛАРДЫҢ пікіріне жүгіндік.
Соңғы он жылдықта қазақстандықтардың ақпарат тұтыну дағдысы түбегейлі өзгерді. Егер бұрын теледидар мен газет негізгі ақпарат көзі саналса, бүгінде бұл орынды әлеуметтік желілер иеленді.
Медиасарапшы, Beine.Pro интернет-журналының бас редакторы Жәнібек НҰРЫШ-СМАҒҰЛ келтірген деректерге сүйенсек, Internews ұйымының Орталық Азиядағы медиатұтыну зерттеуінде 2019–2023 жылдар аралығында ұлттық жаңалықтарды ӘЛЕУМЕТТІК желілер арқылы алатындардың үлесі 46 пайыздан 57 пайызға дейін өскен. Ал ТЕЛЕДИДАР аудиториясы осы кезеңде 60 пайыздан 34 пайызға дейін төмендеген. Ал DEMOSCOPE бюросының 2026 жылғы зерттеуінде қазақстандықтардың 55,9 пайызы жаңалықтың негізгі көзі ретінде әлеуметтік желілерді атаған. Бұл – жай ғана технологиялық өзгеріс емес, ақпаратпен қарым-қатынас мәдениетінің өзгеруі.
Әуелгіде адам жаңалықты іздеп оқыса, қазір жаңалық адамның өзін іздеп келеді. Бұрын оқырман кешкі жаңалықты күтсе, қазір ақпарат секунд сайын жаңарып отырады. Кезінде ақпарат сараланып барып жарияланса, бүгін жарияланып барып сараланады.
Жәнібек Нұрыш-Смағұлдың айтуынша, қоғамдағы тағы бір маңызды өзгеріс – қазақтілді аудиторияның көбеюі.
– DEMOSCOPE зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 76,5 пайызы ақпаратты қазақ тілінде немесе қазақ және орыс тілдерінде қатар тұтынады. Алайда аудиторияның өсуі сапалы контенттің де жеткілікті екенін білдірмейді. INTERNEWS ұйымының 2025 жылғы өңірлік медиа картасы қазақтілді аудиторияның негізгі шоғыры Оңтүстік, Батыс және Орталық Қазақстанда екенін көрсеткенімен, дәл осы өңірлерде тәуелсіз әрі сапалы қазақтілді контенттің тапшылығы сақталып отырғанын анықтаған, – дейді сарапшы.
Соңғы жылдары қазақ тіліндегі аудитория айтарлықтай өсті. Алайда сұраныстың артуы ұсыныстың сапасы автоматты түрде жақсарды дегенді білдірмейді. Ақпараттық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы сараптама, терең зерттеу, аналитикалық материалдар әлі де жеткіліксіз. Ал сапалы контент жетіспеген жерде аудиторияның сенімі де әлсірейді.
Қазіргі медиакеңістіктің ең үлкен парадокстарының бірі – адамдар ақпаратты бір жерден алып, сенімді басқа жерден іздейді. DEMOSCOPE зерттеуінде халықтың 55,9 пайызы жаңалықты әлеуметтік желілерден алатынын айтқанымен, мемлекеттік БАҚ-қа сенетіндердің үлесі 57,4 пайызды құраған. Ал блогерлер мен түрлі пабликтерге сенім білдіретіндердің көрсеткіші 16–17 пайыз шамасында ғана. Бұл қоғамның сенімді ақпаратқа деген сұранысы жоғалмағанын көрсетеді. Жәнібек Нұрыш-Смағұл мұны былай түсіндіреді:
– Адамдар ақпаратты әлеуметтік желіден көреді. Бірақ оның шынайылығын бағалағанда ресми ақпарат көздеріне немесе бұрыннан беделі қалыптасқан журналистерге сүйенеді. Яғни «қайдан көреміз?» деген сұрақ пен «кімге сенеміз?» деген сауалдың жауабы бірдей емес.
Бұл сөздің астарында бүгінгі журналистиканың тағдырына қатысты үлкен мәселе бар. Қоғам ақпараттан бас тартқан жоқ, сенімді ақпарат іздеп жүр. Аудитория бұрынғыдай жаңалықтың өзін ғана емес, оның қалай дайындалғанын да білгісі келеді.
– REUTERS INSTITUTE зерттеуі сенімнің төрт негізгі тірегін көрсетеді: кәсіби стандарттар, ашықтық, бейтараптыққа ұмтылу және адамдарды әділ көрсету. Яғни қазір ақпаратты бірінші болып беру емес, оның қалай жасалғанын түсіндіру маңызды, – дейді сарапшы.
Шындығында, бүгінгі оқырман бұрынғы оқырман емес. Ол ақпаратты тұтынып қана қоймайды, тексереді, салыстырады, күмәнданады. Өйткені цифрлық дәуір адамды тек ақпарат тұтынушысына емес, ақпарат сарапшысына айналдырып отыр.
Медиасарапшы, журналист, «Мінбер» ақпарат агенттігінің негізін қалаушы әрі бас редакторы Есенгүл КӘПҚЫЗЫ ақпаратқа деген сенімнің төмендеуін қоғам мен дәстүрлі медианың арасындағы алшақтықпен байланыстырады.
Оның айтуынша, қазақстандықтардың шамамен 59 пайызы ұлттық телеарналарға сенеді. Бірақ бұл сенім көбіне мемлекеттің ресми ақпаратына қатысты қалыптасқан.
– Халық дәстүрлі медиадан «МЕМЛЕКЕТ НЕ ІСТЕП ЖАТЫР?» деген сұрақтың жауабын күтеді. Ал әлеуметтік желіден «ҚОҒАМДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?» деген сауалға жауап іздейді, – дейді сарапшы.
Бұл пікірдің мәнінде қоғам мен медиа арасындағы күрделі қарым-қатынас жатыр. Өйткені адамдар ресми ақпаратты көргісі келеді. Бірақ тек ресми ақпаратпен шектелгісі келмейді. Оларды ауылдағы мәселе де қызықтырады. Бағаның қымбаттауы да толғандырады. Жұмыссыздық та алаңдатады. Көпбалалы отбасының тағдыры да маңызды. Қоғам өзін ақпарат кеңістігінен көргісі келеді.
Есенгүл Кәпқызының пікірінше, мемлекеттік ақпараттық саясат көбіне ресми ақпаратқа сүйенеді. Соның салдарынан қарапайым азаматтардың мәселелері, ауылдағы өмір, әлеуметтік қиындықтар немесе халықтың күнделікті күйбең тіршілігі ақпараттық кеңістікте жеткілікті деңгейде көрінбей қалады.
Ол бір өңірлік телеарнаға берген сұхбатында көтерген әлеуметтік мәселелердің эфирден қысқартылып қалғанын мысалға келтіреді. Бұл қоғамдағы өзекті мәселелердің бәрі бірдей ақпараттық күн тәртібіне шыға бермейтінін көрсетеді. Ақпараттық саясат пен қоғамдық сұраныстың арасындағы осы алшақтық сенім дағдарысын тереңдетіп отыр.
Есенгүл Кәпқызы халықтың бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімінің төмендеуіне әсер еткен тағы бір фактор ретінде ЖУРНАЛИСТІК ЭТИКА мәселесін атайды.
– Кейбір азаматтар мәселені телеарнаға шығару үшін ақша төлеу керек деп ойлайды. Мұндай түсініктің қалыптасуының өзі журналистиканың беделіне нұқсан келтіреді. Өйткені ЖУРНАЛИСТІҢ МІНДЕТІ – қоғамдық мүддеге қызмет ету, – дейді ол.
Шын мәнінде, журналистиканың ең үлкен капиталы – техника да, қаржы да емес. Ол – БЕДЕЛ. Ал бедел сенім арқылы қалыптасады. Бір ғана этикалық қателік жылдар бойы қалыптасқан сенімді жоққа шығаруы мүмкін. Сондықтан қазіргі журналистика үшін кәсібилікпен қатар АДАЛДЫҚ пен АШЫҚТЫҚ бұрынғыдан да маңызды.
Ақпаратқа деген сенімнің төмендеуіне әсер еткен тағы бір фактор – ЖАЛҒАН АҚПАРАТТАРДЫҢ көбеюі.
Factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан СМАҚОВТЫҢ айтуынша, фейктердің ауқымы бұрынғыдан әлдеқайда кеңейген.
Әлеуметтік желілерде таралатын қауесеттердің арасында әлеуметтік төлемдер туралы жалған хабарламалар да, саясаткерлерге қатысты ойдан шығарылған мәліметтер де, белгілі бір банктің жабылатыны жөніндегі негізсіз ақпараттар да бар.
– Қапшағайдағы қолтырауын немесе Текелідегі тау адамы туралы ақпараттар күлкілі көрінуі мүмкін. Бірақ әлеуметтік төлемдер, банк жүйесі немесе саясаткерлер туралы жалған ақпараттар қоғамға нақты зиян келтіреді, – дейді сарапшы.
Дегенмен Думан Смақов қоғамдағы сенім дағдарысының негізгі себебі жалған ақпараттың өзінде емес екенін айтады.
– Егер адамдар ресми ақпараттан толық жауап ала алмаса, олар балама ақпарат көздерін іздей бастайды. Ал дәл осындай ортада ФЕЙК ақпараттардың таралуына қолайлы жағдай қалыптасады, – дейді ол.
Шын мәнінде, ҚАУЕСЕТ ешқашан бос жерден пайда болмайды, ақпарат жетпеген жерде туады. Сұраққа жауап берілмеген жерде күшейіп, ашықтық жоқ жерде тамыр жаяды.
Бүгінде ақпарат кеңістігіндегі ең үлкен қауіптердің бірі – жасанды интеллект көмегімен жасалатын контент. DEEPFAKE технологиялары арқылы адамның дауысын, бейнесін немесе сөйлеген сөзін қолдан жасау мүмкіндігі артты.
Думан Смақовтың айтуынша, қазіргі кезде адамдар көрген бейнесіне де, естіген дауысына да күмәнмен қарай бастады.
– Халықаралық зерттеулер адамдардың жасанды интеллект жасаған контентті анықтау көрсеткіші небәрі 51 пайыз екенін көрсеткен. Бұл дегені- міз – адам жалған бейне мен шынайы бейненің арасын ажыратуда көбіне қателеседі деген сөз, – дей келе сарапшы кеше мәтінге күмәнданған адам бүгін бейнеге күмәнданады. Ал ертең көзбен көрген дүниенің өзіне сенбеуі мүмкін. Бұл – ақпараттық дәуірдегі жаңа шындық екенін де айтты.
Сарапшылар пікірін сараласақ, қоғамдағы сенім дағдарысының бір ғана себебі жоқ. Бұл – технологиялық өзгерістердің, әлеуметтік желілер ықпалының, ақпараттық саясаттың, журналистік этиканың, жалған ақпараттардың және жасанды интеллект дәуірінің тоғысқан тұсы. Бірақ осының бәрінен маңызды бір ақиқат бар. Қоғам АҚПАРАТҚА сенуден қалған жоқ, ақпаратты жеткізушіге күмәндана бастады. Сондықтан бүгінгі журналистиканың алдында тұрған ең үлкен міндет – жаңалықты бірінші болып тарату емес, сенімді бірінші болып қалыптастыру. Өйткені ақпарат ғасырындағы ең қымбат ресурс мұнай да, технология да, экономика да емес. Ол – СЕНІМ. Сенім жоғалған жерде сөздің салмағы да жеңілдейді. Ал сенім сақталған жерде ЖУР-НАЛИСТИКА өз миссиясын ешқашан жоғалтпайды.
Сарби ӘЙТЕНОВА





