Қазіргі таңда экстремизм мен терроризм әлемдік қоғамдастықтың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіретін құбылыстардың бірі болып отыр. Мұндай әрекеттер қоғамдық тұрақтылықты бұзып қана қоймай, адамдардың өмірі мен денсаулығына, бейбітшілік пен өзара түсіністікке зиян әкеледі. Осы ретте діни құндылықтарды дұрыс түсіну және сауаттылықты арттырудың маңызы ерекше.
Негізінде, дін адамның рухани дүниесін қалыптастыруға, ізгілікке, мейірімділікке, сабырлылыққа және өзара құрметке үндейді. Әртүрлі діни дәстүрлерде адам өмірінің қадір-қасиеті жоғары құндылық ретінде қарастырылады. Сондықтан зорлық-зомбылықты, адамға қастандық жасауды және қоғамда араздық туғызуды діннің негізгі қағидаларымен байланыстыруға болмайды.
Экстремизмнің қауіптілігі оның адамдардың діни сенімдері мен құндылықтарын бұрмалап, оларды радикалды көзқарастарға тартуынан көрінеді. Әсіресе интернет пен әлеуметтік желілерде таралатын күмәнді ақпараттар, жалған діни түсіндірмелер және арандатушылық материалдар жастарға кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты кез келген діни ақпаратқа сын тұрғысынан қарап, оның шығу көзіне назар аудару қажет.
Терроризмнің де дінмен байланыстырылуы қоғам үшін қауіпті түсініктердің қалыптасуына әкеледі. Террорлық әрекеттерді белгілі бір діннің атынан жасалған әрекет ретінде көрсету сол діннің ұстанушыларына қатысты негізсіз теріс көзқарастың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан терроризмді оның нақты идеологиялық және қылмыстық сипаты тұрғысынан бағалаған жөн.
Экстремизм мен терроризмнің алдын алуда діни сауаттылық маңызды рөл атқарады. Діни білімді білікті мамандардан алу, ресми және сенімді ақпарат көздеріне жүгіну, күмәнді уағыздар мен радикалды мазмұндағы материалдарға сақтықпен қарау – қоғам қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететін факторлар.
Сонымен қатар отбасы, білім беру ұйымдары, мемлекеттік органдар және діни бірлестіктердің өзара іс-қимылы да маңызды. Жастар арасында толеранттылық, өзге адамның көзқарасына құрметпен қарау, заңды сақтау және жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру радикалды идеялардың таралуына тосқауыл болады.
Қазақстан үшін дінаралық және конфессияаралық келісім қоғамдық тұрақтылықтың негізі. Әртүрлі діни көзқарастағы адамдардың бейбіт өмір сүруі өзара құрмет пен түсіністікке сүйенеді. Бұл ретте ар-ождан және діни сенім бостандығы заң талаптарын сақтау және басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу қағидаттарымен қатар жүреді.
Қорытындылай келе, дін мен экстремизмді немесе терроризмді теңестіруге болмайды. Діни құндылықтарды дұрыс түсіну, сапалы діни білім алу, сыни ойлау қабілетін дамыту және заң талаптарын сақтау – радикалды идеологиялардың алдын алудың өзекті тетіктері. Қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты.
Жұлдыз АСҚАРБЕКОВА
Панфилов ауданы бойынша өңірлік бөлімнің маман теологы





