Қазақ тележурналистикасына өшпес із қалдырған, эфир мәдениетінің үлгісіне айналған тұлғалардың бірі – Нұртілеу Иманғалиұлы. Ол соңына кәсіби биіктік пен адамдық парасаттың, ұлтқа қызмет етудің өнегесін қалдырды. Ол «қара сөздің шешені» ғана емес, тұтас бір дәуірдің үнін жеткізген тұлға! Нұртілеу ағаның болмысы «Бетпе-бет» ұғымымен егіз. Ол өмірде де, қызметте де шындықпен бетпе-бет келуден қорықпады. Бұл – нағыз журналиске тән қасиет.
Нұртілеу Иманғалиұлының шығармашылық жолына үңілсек, бұл – бір адамның тағдыры ғана емес, қазақ телевизиясының қалыптасу, даму кезеңдерінің шежіресі. Ол телевизияға келген кезең – сөз еркіндігі шектеулі, эфир мүмкіндігі тар, ой айтуға шідер салынған уақыт болатын. Осындай жағдайда жас журналист өз жолын таба білді. Оның алғашқы қадамдары-ақ өзгеше ойлауы, тақырыпқа терең бойлауымен ерекшеленді.
Телевизия – тек ақпарат жеткізетін құрал емес, ол – қоғамның айнасы, халықтың рухани сұранысына жауап беретін кеңістік. Осы миссияны терең түсінген Нұртілеу аға әр бағдарламасын қоғамдық пікір қалыптастыратын алаң ретінде қалыптастырды. Осы жайында жары Қарлығаш Советбекқызы:
«Нұртілеу үшін телевизия – жай ғана жұмыс емес еді. Ол үшін бұл – өмірдің мәні, халықпен тілдесудің қасиетті мінбері болатын. Кейде үйде отырса да ойы эфирде жүретін», – деп еске алады.
Оның жүргізген хабарларының өзегінде әрдайым адам тағдыры, ел мүддесі, ұлттық құндылықтар жатты. Әсіресе, «Бетпе-бет» бағдарламасы арқылы журналистиканың жаңа деңгейін көрсетті. Бұл жоба – сұрақ қою мәдениетін, пікірталас өркениетін қалыптастырған үлкен мектеп болды. Көп жағдайда тікелей эфирге шақырылған лауазымды тұлғалар мен қоғам қайраткерлері дайын жауаппен емес, дайындықпен келуге мәжбүр еді. Себебі қарсы алдында отырған журналист – терең дайындалған, тақырыпты жан-жақты меңгерген кәсіби маман-тұғын.
Сұхбат жүргізудің өзін өнер деңгейіне көтерген Нұртілеу Иманғалиұлы қонақтың ойын бөлмей тыңдай отырып, ең түйінді тұсында сұрақ қоя білетін. Бұл – үлкен шеберлік. Оның әр сұрағы қысқа болғанымен салмағы ауыр, мағынасы терең еді. Сондықтан көрермен әр эфирден ой түйіп, өзін толғандырған жауап алып шығатын.
Оның тағы бір ерекшелігі – эфирдегі шынайылық. Жасандылықтан ада, бірақ ішкі қуаты мықты, жүргізу мәнері көрерменді баурап алатын. Бұл қасиет оған халықтың шынайы сенімін әкелді. Ол экраннан сөйлегенде, көрермен оны тек журналистен бөлек ақыл айтатын ағасындай қабылдады.
Нұртілеу ағамыздың еңбегі тек эфирмен шектелмейді. Журналист кадрларын тәрбиелеуде де үлкен мектеп қалыптастырған оның жанынан өткен талай жас тілші кейін қазақ журналистикасының белді өкіліне айналды. Олар үшін Нұртілеу Иманғалиұлы – ұстаз, бағыт-бағдар көрсеткен тәлімгер.
Өмір жолында мемлекеттік қызмет те ерекше орын алды. Бұл кезеңде ол ақпарат саласының дамуына, мемлекеттік саясаттың халыққа түсінікті тілде жеткізілуіне үлес қосты. Қай қызметте жүрсе де өзінің басты ұстанымы – адалдық пен жауапкершіліктен аттамады. Оның жүргізген «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Айна», «Қолтаңба», «Діңгек» секілді бағдарламалары әр кезеңнің рухани сұранысына жауап берді. Бұл жобалар арқылы қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріліп, талқыланды. Нұртілеу Иманғалиұлы журналистиканың тек ақпаратпен шектелмей, тәрбие құралы екенін де дәлелдеді.
Уақыт өткен сайын оның еңбегінің құндылығы арта түсуде. Бүгінгі ақпарат тасқыны заманына қарасақ, терең сараптама, салмақты сөз, жауапкершілікті журналистика жетіспей жататыны жасырын емес. Осындай сәттерде Нұртілеу ағамыздың мектебі, оның кәсіби ұстанымы ерекше бағаланады.
Ол өз хабарларын «Бай, қуатты болайық!» деген тілекпен аяқтайтын. Бұл сөз – жай ғана эфирге арналған сөз тіркесі емес, оның өмірлік ұстанымы, халқына деген шынайы ниеті еді. Бүгінде дара тұлға дүниеге келген Ақсу ауданына қарасты Діңгек ауылының тұрғындары да ағаларының сөзін ұрандай етіп, «Бай, қуатты болайық!» деп сабақтайды. Оның бүкіл еңбегі осы тілекпен үндестік тапқан.
«Соңғы күндеріне дейін қолынан қаламы түспеді. Ауруына қарамастан жаңа хабарлар туралы ойлап жүрді. Ол өмірден емес, уақыттан озып кеткен адам секілді…», – дейді жары Қарлығаш Табулдинова
Өкінішке қарай, 2021 жылы қазақ тележурналистикасының тарланы бақиға аттанды. Бірақ тұлға кеткенімен оның сөзі, ізі, мектебі қалды. Ендігі міндет – сол мұраны ұмыттырмай, кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Нұртілеу Иманғалиұлының есімін мәңгілікке қалдыру – уақыт талабы. Оның туған жері – Ақсу өңірі, қасиетті Жетісу топырағы. Бүгінде сол өңірде, Ақсу ауданы аумағындағы Есеболатов атындағы ауылда жаңа Мәдениет үйі бой көтеріп отыр. Бұл – руханияттың ордасы, өнер мен мәдениеттің ұйытқысы болатын маңызды нысан.
Осы Мәдениет үйіне Нұртілеу Иманғалиұлының есімін беру – әділетті әрі орынды шешім болар еді. Бұл ұсыныс – тек бір тұлғаны ұлықтау емес, қазақ журналистикасының тұтас бір кезеңіне құрмет көрсету. Жас ұрпақ мәдениет ошағына келген сайын сол есім арқылы үлкен мектеп, үлкен тұлғаның бар екенін сезінер еді. «Туған жерге деген ықыласы да айрықша болатын. «Ақсуға барған сайын ерекше қуанып, балаша шаттанатын. «Туған жерім маған қуат сыйлайды» дейтін», – деп еске алады жары Қарлығаш Табулдинова.
Мәдениет үйіне оның атын беру – туған жердің перзентіне деген тағзымнан бөлек ел руханиятына қосқан үлесін бағалау. Бұл қадам жастарға да үлкен мотивация болары анық. Себебі әр ұрпақ өзіне дейінгі дара тұлғаларды танып өскенде рухани сабақтастық жалғасады. Нұртілеу Иманғалиұлы – қазақ телевизиясының Құлагері. Оның шабысы тоқтаған жоқ, ол – эфирде қалдырған мұрасы арқылы әлі де алысқа жетелеп келеді. Ендеше, сондай тұлғаның есімі туған жерінде жаңғырып, мәдениет ордасына берілсе, бұл – елдік деңгейдегі игі іс болмақ.
Гүлжан ТҰРСЫН





