«Мейірімділік жүректен, қайырымдылық білектен» деп халық бекер айтпайды. Ауылдастардың ауызбірлігі және ынтымағымен Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында жазиралы Жаркент өңірінің Үлкеншыған ауылында көпке үлгі, жастарға өнеге боларлық қуанышты оқиға жүз берді.
Әңгімені басынан бастасақ, биыл 16 шілдеде Ләззат Матабаева есімді әйелдің отбасында оқыс оқиға орын алып, үйі отқа оранды. Күйеуі Қизат пен екі бауыры «COVID-19» кезінде өмірден озған Ләззатқа үйінің өртенуі ауыр соққы болып тиген еді. Соның салдарынан Ләззат Матабаева ауыр дертке шалдығып, аяқ, қолы, денесі жансызданып, ауруханадан бірақ шығады. Осы жайға алаңдаған ауылдастары ақылдаса келіп, Ләззаттың балаларын Жаркент қаласындағы мектеп-интернатқа оқуға орналастырып, қайғылы анаға жаңа үй салып беруді ұйғарады.
«Тон жағасыз, ел ағасыз болмайды» демекші, игілігі мол іске осы ауылдағы беделді азаматтар Тойлыбай Домбағұлов, Марат Керебаев, Аблахат Уәлиев, Мұрат Оспанов, Шахназар Гайтов, Аманжол Ибрагимов ұйытқы болып, бүкіл ауыл тұрғындары мен жастарын ұйымдастырды. Ауызбірлікпен қолға алынған іске қолдаушылар ауданнан, сырт жерлерден де табылды. Арнайы қор құрылып, жаңа үй салуға халықтан он миллионнан астам қаржы жиналды. Құрылыс материалдарын тегін әкеліп берген кәсіпкерлер де болды. Тіпті көшеден тауып алған жүз теңгені қорға әкеліп берген бастауыш сынып оқушысының ісі ауыл жастарының бойына қайырымдылықтың қасиетті дәні егілгенін байқатты. Құрылыс жұмыстарын ауылдастар өздері атқарып, екі жатын бөлмесі, қонақ күтетін залы мен асханасы, әжетханасы, шомылатын жайы бар үйді Жаңа жыл қарсаңында бітірді. Жиһазы мен тұрмыстық техникаларды да ауылдастар қамтамасыз етті.
Жаңа үйдің кілтін аудан әкімінің орынбасары Қанат Досмайылов салтанатты жағдайда тапсырып, іске ұйытқы болған ауыл азаматтары марапатталып, мейрамханада ел демеуімен қоныстой жасалды. Тойға келген қауым арбаға таңылған анаға сырқатынан тез жазылып, балаларымен жаңа үйдің қызығын көруді тіледі.
Бұл Үлкеншығанда ауылдастар асарлатып салған бірінші үй емес. Көпбалалы, жалғызілікті аналарға, мүгедек жандарға бұдан бұрын да қаржы жинап бес үй салып беріпті. «Ынтымақ – ырыс негізі», – деген осы.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





