Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Ішкі істер министрліктері жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті аталған құжат 2026 жылғы 25 шілдеден бастап күшіне енетінін мәлімдеді.
Меморандум екі ел азаматтарының өзара сапарлары кезінде көлік басқаруын жеңілдетуді, артық рәсімдерді қысқартуды мақсат етеді. ІІМ өкілі Ақтоты Боранованың сөзінше, құжат екі түрлі жағдайды қамтиды.
Біріншісі – туристік немесе іскерлік сапар. Бұл ретте Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері бір-бірінің ұлттық жүргізуші куәліктерін толық таниды. Яғни, отандастарымыз БАӘ аумағында өзінің қазақстандық құжатымен еркін көлік жүргізе алады.
Екіншісі – ұзақ мерзімді тұру немесе ықтиярхат алған жағдай. Мұндай сәтте жеңіл автокөлік санатындағы жүргізуші куәлігін емтихан тапсырмай-ақ айырбастау мүмкіндігі ашылады. Дегенмен, автобус немесе жүк көлігі сияқты өзге санаттар қабылдаушы елдің заңнамасына сәйкес реттеледі.
Айырбастау үшін мынадай құжаттар қажет:
-
Ықтиярхат;
-
В немесе В1 санатындағы жүргізуші куәлігі;
-
Құжаттың мемлекеттік тілге аудармасы;
-
Медициналық анықтама.
Ұлттық куәлік иесінің өзінде сақталады. Құзырлы органдар тек ақпараттық хабарлама алмасады.
«Шетелге шығар алдында жол жүру ережелерімен алдын ала танысып, оларды сақтау маңызды. Әрбір азамат шетелде өз елінің өкілі екенін ескеріп, қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына құрметпен қарауы тиіс», – деп атап өтті Ақтоты Боранова.
Бұл жаңалық екі ел арасындағы байланысты тереңдетіп, іскерлік және туристік әлеуетті арттыруға жол ашады. Шетелге саяхаттаушылар үшін тиімді әрі ыңғайлы формат.





