Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сенімді кепілі. Жаңа конституциялық өзгерістер еліміздегі құқықтық жүйені жетілдіруге, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және заң үстемдігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Конституциялық реформалар азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беріп, әділдік, ашықтық және заң алдындағы теңдік қағидаларын нығайтты. Бұл қағидалар сот орындаушыларының қызметіне де жаңа жауапкершілік жүктейді. Әрбір атқарушылық іс жүргізу заң талаптарына сәйкес объективтілік пен бейтараптық негізінде жүзеге асырылуы тиіс.
Жеке сот орындаушысы ретінде Конституцияда бекітілген қағидалардың күнделікті қызметімізде ерекше маңызға ие екенін атап өткім келеді. Сот шешімінің уақытылы әрі толық орындалуы – азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтірудің соңғы әрі маңызды кезеңі. Бүгінде жеке сот орындаушылары цифрлық технологияларды кеңінен қолданып, атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруға үлес қосуда. Электрондық қызметтердің дамуы, ақпараттық жүйелердің жетілдірілуі және мемлекеттік органдармен өзара ықпалдастық азаматтар үшін қолайлы жағдай қалыптастырып, сот шешімдерінің орындалу сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Заңның үстемдігі – тұрақты мемлекеттің негізі. Ал Конституцияға құрмет – әрбір азаматтың және құқық қорғау саласында қызмет ететін маманның ортақ міндеті. Сондықтан жаңа конституциялық қағидаларды басшылыққа ала отырып, біз заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етуге әрдайым күш саламыз.
Ерасыл СЕЙТҰЛЫ
Жетісу облысы атқарушы округінің жеке сот орындаушысы





