2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы мемлекеттік стипендия мөлшері өзгермейді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, төлемдер 2025-2026 жылдардағы деңгейде сақталады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Осыған сәйкес студенттерге берілетін мемлекеттік стипендия мөлшері төмендегідей:
- бакалавриат студенттеріне – 52 372 теңге;
- мемлекеттік тапсырыс бойынша педагогикалық мамандықтарда білім алатын студенттерге – 84 000 теңге;
- магистранттарға – 117 098 теңге;
- «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша магистранттар мен резидентура дәрігерлеріне – 134 664 теңге;
- докторанттарға – 262 500 теңге.
Үздік оқитындарға стипендия жоғары болады
Аралық аттестаттау қорытындысы бойынша барлық бағасы «өте жақсы» болған бакалавриат және магистратура студенттеріне жоғарылатылған стипендия төленеді. Оның мөлшері базалық стипендияға 15 пайыз қосу арқылы есептеледі.
Бұл жағдайда:
- бакалавриат студенттері – 60 228 теңге;
- педагогикалық мамандықтарда мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алатындар – 96 600 теңге;
- магистранттар – 134 663 теңге;
- «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша магистранттар мен резиденттер – 154 864 теңге алады.





