Қазақ халқының біртуар ұлы ақыны, ағартушы әрі философ Абай Құнанбайұлының туған күніне орай өңірімізде «Абай бейнесі – ұлт бейнесі» атты тағылымды әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Рухани шара барысында кемеңгер ақынның өлмес мұрасын, өлеңдері мен қара сөздерін өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға бағытталған аудандық көркемсөз оқу байқауы өтті. Тартысты бәсекеге аудандық мекемелер мен мәдениет ошақтарының өкілдері қатысып, ұлы ойшылдың шығармаларын жатқа оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ жергілікті өнерпаздар хакім Абайдың әндерін орындап, көрермендерге ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. Әдеби кеш соңында байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, бас жүлдені Ербол Жексенбаев еншілесе, жүлделі орындарды Руслан Телғараев, Ерасыл Жұмаш, Мұнай Мұхаметқазыұлы және Әділғазы Мұса өзара бөлісті.
Ұлы ақынның өсиеттері мен рухани ілімі қоғамды ізгілікке, бірлікке және білімге жетелейтін маңызды темірқазық болып қала береді. Мұндай мәдени шаралар өңір тұрғындарының, әсіресе жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, тарихи сананы жаңғыртуға айтарлықтай үлес қосады.





