Мемлекеттік басқарудың тиімділігі билік институттарының үйлесімді, жедел әрі әрбір азаматтың мүддесі үшін әрекет ету қабілетіне тікелей байланысты. Бүгінде еліміз тарихи маңызы зор кезеңге – Құрылтай алғашқы сайлауға қадам басып отыр. Бұл оқиға халық өкілдігі институттарын одан әрі дамыту жолындағы нық қадамды білдіреді және бүкіл республикадағы жүйелі прогресс үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады.
Құрылтайға көшу заң шығару үдерісінің серпінділігі мен тиімділігін арттыру идеясын жүзеге асырады. Бірыңғай заң шығару алаңы үздік кәсіби ресурстарды бір жерге шоғырландыруға, артық рәсімдерді азайтуға және халық қалаулыларының жұмысын қоғам үшін барынша түсінікті әрі ашық етуге мүмкіндік береді.
Заң шығарушы билікті жетілдіру қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырумен тығыз байланысты. Ықшам әрі икемді басқару моделі әлеуметтік-экономикалық дамуға қуатты серпін береді. Бұл қала мен ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жобаларының іске асуын жеделдетіп, отандық бизнесті қолдау бағдарламаларын кеңейтуге, сапалы білім мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға жол ашады. Мұның барлығы еліміздің сенімді дамуына берік негіз қалыптастырып, жаңа инвестицияларды тартуға және ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алдағы 23 тамыз қазақстандықтарға түрлі саяси бағдарламалар мен жаңа идеялардың ішінен таңдау жасауға мүмкіндік береді. Елдің өркендеуіне бағытталған сындарлы ұсыныстардың көп болуы – қоғам үшін әрдайым маңызды мүмкіндік. Сонымен қатар ел болашағын қалыптастырудағы басты рөл азаматтардың өзіне тиесілі. Өйткені әрбір сайлаушының саналы әрі дербес таңдауы – ортақ әл-ауқатымызға, ел бірлігіне және Қазақстанның табысты дамуына қосылатын маңызды үлес.
Ұлан БОЛАТБЕКОВ,
пошта қызметінің ардагері
Панфилов ауданы





