Ескелді ауданының Көкжазық ауылында орналасқан «Айналайын» білім беру-сауықтыру орталығында жазғы демалыс маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Биыл мұнда арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының 110 тәрбиеленеушісі демалады.
Мерекелік шараға облыстық білім басқармасына қарасты дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім берудің ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Гүлзира Байшұқова қатысты. Ол балаларды жазғы маусымның басталуымен құттықтап, дендеріне саулық, көтеріңкі көңіл-күй, ұмытылмас әсер тіледі. Сонымен қатар, орталықта балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалуы үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.
Жазғы маусым барысында тәрбиеленушілер үшін демалыс, сауықтыру, шығармашылық және спорттық іс-шараларды ұлттық құндылықтармен ұштастыратын мазмұнды бағдарлама әзірленген. Лагерьге келген балаларды орталықтың педагогтары мен қызметкерлері жылы қарсы алды.
2024 жылы күрделі жөндеуден өткен «Айналайын» орталығының жалпы аумағы екі гектарға жуық. Кешенде жатын корпус, медициналық бөлім, асхана, ойын және демалыс бөлмелері, футбол және баскетбол алаңдары, монша мен ойын аймақтары орналасқан. Онда балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Жаз бойы балалармен 62 маман жұмыс істейді. Олардың қатарында педагогтар, медицина қызметкерлері, психологтар, қосымша білім беру мамандары және техникалық қызметкерлер бар.
Биылғы бағдарлама «Жаһандануға – ұлттық құндылықтар арқылы» деген атаумен өтуде. Оның негізгі мақсаты – балаларды қазақ халқының мәдени мұрасымен, салт-дәстүрлерімен, ұлттық ойындарымен таныстырып, оларды заманауи білім беру әдістерімен ұштастыру.
Жаз мезгілінде орталықта ондаған танымдық және тәрбиелік жобалар жүзеге асырылады. Олардың қатарында «Шебер қолдар», «Дәстүр мен болашақ», «28 ілмек», «Еңбекқор жас азамат», «Жасыл клуб», «Жас туристер», «Жетісу сақинасы», «Көкжазық көкжиегі», «КиноLive», «Балалар кітапханасы», «Жас журналистер», «Жас сарбаз» секілді жобалар бар.
Спорттық-сауықтыру бағдарламасы да ерекше мазмұнға ие. Балалар күн сайын таңғы жаттығулар жасап, спорттық эстафеталарға, командалық жарыстарға қатысады. Сонымен қатар, бассейнде жүзу, үстел ойындары мен пікірсайыс турнирлері ұйымдастырылады.
Орталық педагогтарының айтуынша, жазғы ауысымның басты мақсаты – балаларға жарқын әсер сыйлап, жаңа білім мен өмірлік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру.
– Біз әр бала үшін жылулық пен қамқорлыққа толы, отбасы жылуын сезіндіретін орта қалыптастыруға тырысамыз. Жаз мезгілі олардың жаңа достар тауып, өз мүмкіндіктерін ашып, тұлғалық тұрғыдан дамуына ықпал етуі тиіс. Балалардың жақсы демалып қана қоймай, пайдалы дағдыларды меңгеріп, үлкендердің қамқорлығын сезінуі маңызды, – дейді орталық қызметкерлері.
Жазғы маусымның ашылуын тәрбиеленушілердің өздері де асыға күткен.
– Мұнда жаз сайын келгенді жақсы көремін. Бұл жерде әр күн қызықты оқиғалар мен жаңа кездесулерге толы. Әсіресе спорттық жарыстар мен шығармашылық шараларға қатысқан ұнайды. Лагерьде жақсы демалып қана қоймай, көп нәрсе үйренуге болады. Биылғы жаз да есте қаларлықтай болады деп сенемін, – дейді тәрбиеленуші Анастасия Степанова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Айналайында» өткізген уақыт балалардың денсаулығын нығайтып, жарқын әсерге бөлейді.
Гүлжан ТҰРСЫН
Ескелді ауданы





