Ұлттық дәстүрге жат болса да қоғамда ажырасу көбейді. Шаңырағы шайқалған отбасымен бірге алиментке қатысты істер саны да жыл санап артып келеді. Баланы асырау – ата-ананың заңмен бекітілген міндеті болғандықтан некеде болмасын, азаматтық неке немесе ажырасқан болса да әкенің алимент төлеу құқығы.
Алимент мөлшерін және төлеу тәртібін сот анықтайды. Көп жағдайда сот алимент өндіру туралы шешім шығарғанымен оны орындайтындар аз. Тіпті ерлі-зайыптылар алиментті аз мөлшерде төлеу үшін табысын жасыру сынды түрлі әрекеттерге барады. Ал төленетін алимент көлемі сот шешіміне сәйкес бекітіледі. Сот шешіміне сәйкес алимент төлеуге міндеттелген ата-ананың бірі ай сайын бір балаға табысының 4/1 бөлігін төлесе, екі балаға 3/1 бөлігін, одан көп балаға табысының жарты бөлігін төлеп отыруға міндеттеледі.
Ата-ана сот шешiмi бойынша төлеуге міндеттелген қаражатты өтемеген жағдайда заң тарапынан жаза қарастырылған. Атап айтсақ, үкімді 3 айдан аса уақыт орындамаған жағдайда 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға жегуге, не болмаса екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Әке құшағын аңсаған жазықсыз жасөспірімдерге алименттен гөрі асқар тау әке қымбат. Соны түсінбейтін кейбір азаматтар «мен жұмыс істемеймін, алимент төлеуге жағдайым жоқ» деп өз баласына ақша бергісі келмей, міндетін орындаудан қашуда. Әкелердің осындай қылығын көргенде жүрегің ауырып, жаның сыздайды. Балаға деген мейірім жоғалған қоғамның болашағы да бұлыңғыр болатынын ұмытпаған жөн, әкелер!
Асан СЕЙДІҒАПАР
жеке сот орындаушы





