Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде адам баласының жастық шағын екі әлсіз кезеңнің ортасы деп баяндайды. Яғни, нәресте және кәрілік кезеңнің ортасындағы уақыт деген сөз. Ислам ғұламалары балалық шақты күннің көкжиектен шығып, яки, әлі жер бетін қыздыра қоймаған, ал қарттық кезеңді күннің көзі кетіп, ымырт үйіріле бастаған сәтке теңейді. Күннің көтеріліп, тас төбеге жетіп, екінті уақытына дейінгі жер бетіне шуағын молынан төгетін аралық жастық шақпен салыстырады.
Расында солай. Тұтас адамның өмірі көрген түстей өте шығады десек, жастық шақ та соның ішіндегі қысқа бір кезең. 18 бен 36 жастың аралығын жастық шақ деп алсақ, осы он сегіз жыл ішінде қартайғанда көретін зейнетінің қандай болатыны белгілі болмақ. Әдемі қартая ма, жоқ, сай-сүйегі сырқырап, күші тасып тұрған кезіндегі түрлі қателіктерінің зардабын тарта ма? Бұған мысалды алыстан іздеп керек емес. Маңайымызда келместің кемесіне замандасын мінгізіп, өзі де кезегін күтіп тұрған қариялар бар. Солардың жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзінен-ақ өмірін қалай өткізгені көрініп тұрады.
Мәселен, салынып ішіп кетпесе де, арақ-шарапқа жақын немесе қанша жасқа келсе де Құдайын тани алмаған үлкен кісінің жас кезін қалай елестетуге болады? Тән тазалығын сақтап, алпыстан асса да, әр бермеген, әлі күнге бассейнде балықтай жүзіп, көшеде велосипед теуіп жүрген қарттардың жастық шағын қалай өткізгені айтпаса да түсінікті шығар. «Тәні саудың – жаны сау», «Тән тазалығы – жан тазалығы» дейміз, бірақ соған қаншалықты мән беріп жатырмыз, ол басқа мәселе. Аллаға құлшылық қылу былай тұрсын, түрлі жаман әдетпен дос болып, Оның берген аманатына қиянат жасап жатқанымызды ескермей, яғни, денсаулығымызға зиян іс-әрекеттерді біле тұра әдетке айналдырамыз.
Құранда «Аср» атты үш-ақ аяттан тұратын сүре бар. Көне замандардағы Ислам ғұламалары бұл сүре қаншалық қысқа болса да мәні зор деп бағалаған. Осы сүреде Алла Тағала уақытқа, заманға серт беріп, күллі адам баласының зиянға ұшырап жатқанын, тек ол қатарға иман келтірген және ізгі амал істейтіндердің, сондай-ақ, ақиқат пен сабырды насихаттаушылардың кірмейтінін айтады. Жастық шақ – Жаратушы айтқан зиянға қарсы тұруға қарекет қылатын кезең. Егер жас шағыңызда рухани және физикалық дамуыңыз жүйелі болып, уақытыңыз сізге бағынса, қартайғанда қиналмауға болады.
Атақты Халифа Омар ибн Хаттабтың (р.а.) «Уақыт алдаспан секілді, сен оны кеспесең, ол сені шауып түсіреді» дегені секілді уақыт адамға не зиянын, не пайдасын тигізеді. Адам баласында уақытты дұрыс, пайдалы өткізу және бос, пайдасыз өткізуге ғана мүмкіндік берілген. Үшінші жолы жоқ. Ендеше өмір жолындағы жастық шақ – мүмкіндіктер кезеңі. Қазір жиырмада болсаңыз, көзді ашып-жұмғанша отызға жетіп, арғы жағында қырықтың да белесі көрініп тұрады. Сондықтан «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп аһ ұрып қалмай, берілген нығметтерді уақытылы, жүйелі пайдаланып үлгеріңіз.
Жаман қасиеттердің ішінде жалқаулық – жас адамның нағыз қас жауы. Оны бірден жеңіп кетем деген адам сөзсіз жеңіліске ұшырайды. Егер ата-анасы бала кезінен жалқаулықтың алдын алған болса, жақсы нәрселерге әдеттену, уақытты тиімді өткізу оңай болады. Ал ондай тәрбие, белігілі бір тәртіппен балалық шағын өткізбеген жасөспірімге жалқаулықпен күрес қиындау болады. Бірақ мақсатын айқындап, қарекет қылса, желкедегі жауды төмен түсіріп жіберуге мүмкіндік бар.
Абдулла ибн Аббас деген Ислам ғұламасы, атақты сахаба «Ғалымға ілім тек жас кезінде беріледі» деген екен. Жас кезінде алған білімнің тайға салған таңбадай, қандай заман өтсе де, өшпейтіні меңзеліп тұр. Білім ғана емес, адамның физикалық мүмкіндіктері де жас кезінде шыңдалып, үздік нәтижеге сол уақытта ғана қол жеткізе алады екен. Соның ішінде спорт жаттықтырушылары бес түрлі қасиет жас кезде қалыптасып, егде тартқанда қанша тырысса да, бұрынғы нәтижесін ғана қайталай алатынын айтады. Мәселен, Олимпиада ойындарындағы рекорд жасаушылардың дені отыз жасқа жетпегендер. Отыз жасқа дейін дамытып үлгеруге тиісті бес қасиет: иілгіштік, жылдамдық пен ептілік, күш-қуат пен төзімділік.
Қорыта келгенде, жалындаған жастық шақ – ойнап-күліп емес, ойланып өткізетін кезең. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен бір хадисте: «Жастардың ең жақсысы – ойын- күлкіге берілмей, ойлы, қарттарға ұқсағаны, ал кәрілердің ең жаманы – жеңілтектікке салынып, нәпсінің жетегіне кетіп, жастарға ұқсағысы келгені» делінген. Түбі бір келетін қарттық дәуренге аман жету үшін, әдемі қартаю үшін, ақсақалды ата, ақжаулық әже болған уақытта қиналып қалмас үшін жастық шақты босқа өткізбеу керек. Өйткені жақсы істері көп қарт адамға қарағанда жас бола тұра уақытын босқа өткізбей, даналыққа жол бастаған мұсылман әлдеқайда артығырақ.
Ермұрат ШОПАН,
ҚМДБ ғаламтор секторының маманы
Сурет ғаламтордан алынды





