Қазіргі таңдағы қоғамдық даму, оның қозғаушы күші жастардың рөлі туралы әңгіме қозғалған сайын Б. Бейсекбаев атындағы орта мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі Арман Тоғанбай ойыма оралады. Себебі, Арманның нәтижелі еңбектері де, терең теориялық білімі де ауыз толтырып айтарлықтай. Одан сыртқары қашан көрсең де маңайында бірде топталған оқушылар, бірде сұхбаттасып тұрған мұғалімдер. Оның бей-жай тұрған қалпын көрмейсің. Үнемі ізденіс үстіндегі Арманды бүкіл аудан жұртшылығы құрметтейді.
Арман Сержанұлы 1989 жылы 18 қазанда Бақанас ауылында дүниеге келді. Өзгелер сынды 7 жасында Бақанас орта мектебінің табалдырығын аттады. Оқушы кезінен алғырлығымен көзге түсті. Әсіресе, математика пәнінен қабілеті ерекше-тін. Облыстық олимпиадада 9 және 11-сыныптарда ІІІ орынға, 10-сыныпта ІІ орынға ие болды. Үш жыл қатарынан аудандық олимпиада жеңімпазы атанып, облыстық кезеңге жолдама алу екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ, ерекше ізденіспен жететін жетістік деуге болады.
Аудан халқы бала Арманның математикаға деген ерекше қабілетін ата-бабадан дарыған қасиет деп біледі. Атасы Тоғанбай қария өмір бойы бухгалтер болып, есеп-қисап саласында талмай еңбек етті. Әкесі Сержан да, анасы Гүлнәр да математика пәнінің мұғалімдері. Арманның алдындағы ағасы Нұржан да Талдықорған қаласындағы №20 лицейдегі Олег Владимирович Пактың сыныбына іріктеуге ұсынылған. Нұржанның қабілетіне таңғалған Пак: «Жалпы Балқаш ауданында жасы кішілерден осындай қабілетті бала болса, ойланбай қабылдар едім», – деген екен. Екі жылдан соң сондай іріктеуге барған Арманның қабілетін сұңғыла жан бірден байқап, аталған мектепке қабылдауды ұйғарады. Арманның екі жыл бұрын қабілетімен таңғалдырған Нұржан Тоғанбайдың інісі екенін кейін біледі.
Қиын мамандықтың құпия сырын іздеген жас жігіт 2007-2011 жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «математика пәнінің бакалавры» мамандығы бойынша білім алады. Жоғары оқу орнында жүргенде Арман математика саласындағы ізденісін үзбей жалғастырады. Жастық думан, балалық көңіл дегенді екінші орынға қояды. Студенттердің ғылыми қоғамының белсенді мүшесі болады. Ұлы математиктер Абель, Галуа, Лобачевский, Эйнштейн, Эйлер, сондай-ақ, кейінгі ғалымдардың еңбектерімен танысып, сүзгіден өткізеді. Олар ашқан теорияларды қайта саралайды. Арманның аппақ көңілінен туындаған мақсаты қате тауып, кеуде қағу немесе біреуді сүріндіру емес, солардың ерекшелігіне көз жеткізу.
«Адам талапты алдымен өзінен бастау керек». Бұл арманның – өмірлік кредосы. Өзіне талап қоюдың арқасында оқушы кезінде де, студент шағында да талай бәйгеде топ жарды. Мұғалім кезінде де үнемі өзін сайыстарға дайындап жүрді. Ол ешқашан «Мен олимпиадаға дайын емеспін» деп көрген емес. Үнемі бәйгеге шабар тұлпардай сақадай сай тұрады.
Терең білімінің арқасында Алакөл ауданында жас математика пәні мұғалімдері арасында өткен облыстық олимпиадада І орынға ие болды. Оның есеп шығарудағы жылдамдығы қазылар алқасының өзін таңқалдырды. Тіпті меценат Бауыржан Оспанұлы демеушілік жасап отырған Жыланды орта мектебіне жұмысқа да шақырылды.
Арман бойындағы басты ерекшелік – қандай жұмысты қолға алмасын жауапкершілік танытатындығы. Ауданда өтетін байқауларға қатысты слайдтар мен түрлі бейнероликтер жасау, идеялар қосу кездерінде де Арманның әбден «жеті рет ойланып, бір рет кескен» нақты идеялары қабылданады. Ол кез келген ойды айта салмайды. Саралап, нақты қажет деген пікірді тәжірибесіне, ғалымдар тұжырымына сүйеніп жеткізеді.
Арман жүргізген сабақтар ізденісімен ерекшеленеді. Өзі сабақ жүргізетін мектеп-гимназияда сынып сыйымдылығы да көп. Ауылдық менталитетке жақын балалардың сәл қолы босаса, түрлі нәрсеге бой алдыруы мүмкін. Әр баланы терең зерттеген Арманның сабақтарында балалар тапсырмаларды орындаудан бір сәт босамайды. Себебі, оқушыларды жалықтырып алмау үшін үнемі жұппен, топпен жұмыс жасатып, дистракторлар қолданып, «Балық қаңқасы», «Сиқырлы сандықша», «Өрмекші торы», «Кір қыстырғыш», т.б. тәсілдер қолданады. Топтық жұмыс арқылы балалардың ортада өзін- өзі бағалауына қол жеткізуді мақсат тұтады. «Ғылымдар атасы» атанған математика пәнін түсіндіру, оқушыларды шығармашылыққа жетелеу – қиынның-қиыны екенін білім саласындағылардың терең сезінері хақ. Сондықтан сабақтан тыс сәттерде де «Айналамызда математика әлемі» жобасымен сыныптан тыс үйірме жұмысын ұйымдастырады.
Қашықтан оқыту кезінде оқушылардың бос уақытында түрлі сайттарға кіріп, келеңсіз бейнефильмдер көруі мүмкін екендігін ескеріп, ата-аналарға баланың түрлі сайттарға кіруіне тосқауыл болатын «Family link» қосымшасын орнату туралы ұсыныс айтты. Қосымша арқылы балаларының кіммен сөйлесіп, қандай парақшаларды пайдаланғанын қадағалап отыруға мүмкіндік туатындығын жеткізді.
Көп ұзамай ашық сұхбат, түсіндіру жұмысы арқылы ата-аналардың ұялы телефондарына Play Marketте бар «ата-ана бақылауы» бағдарламасы орнатылды. Оның да өзіндік ерекшелігі бар: ата-ана белгілеген уақыттан соң ұялы телефон өшіп қалады. Сөйтіп ата-ана баласының ұялы телефонын өзінің телефоны арқылы бақылауда ұстайды. Нәтижесінде қазіргі кезде аталған гимназия білім алушылары ата-ана белгілеген уақытқа дейін ғана ұялы телефон қолдануда.
Мақала жазу барысында аудандық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскері А. Тұрсынбековадан Арман Сержанұлы жайлы пікірін сұрадық. Ол: «Арман бала жасынан математикаға алғыр болғанын бәріміз білеміз. Қазіргі кездегі ізденісі тіпті ерекше. Облыстық деңгейде Арман сынды теориялық білімі өте терең, үнемі ізденіс ретінде жүретін математика пәні мұғалімдері саусақпен санарлық. Ол – облыстық математика пәні мұғалімдерінің ассоциациясының мүшесі. Республика көлеміндегі математика пәнінің білгір ұстаздарымен үнемі желілік байланыста. Ғылымға, педагогикаға енген жаңалықтарды алдымен Арман Сержанұлы естиді. Насихатшысы да – сол. Өндіріске енгізуші де өзі.
Екіншіден, оның шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі де ерен. «Дарын» ғылыми жобасында да, облыстық пән олимпиадасында да Арманнан тәлім алған шәкірттер топ жарып жатады.
Үшіншіден, аудан көлеміндегі шараларға да белсене қатысады. Ерінбейді. Бәріне уақыт табады. Жалпы оның жақсы қырлары өте көп», – деді.
Иә, десе дегендей, Арман Тоғанбайдың есімі берісі аудан, арысы облыс көлемінде дүркіреп тұр. Еңбегімен, әрине.
Мектеп басшылары Арман Сержанұлының курсқа баруда да ең белсенді мұғалім екенін алға тартады. Жыл сайын «Жаңартылған білім мазмұны», «Бөлім және тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын әзірлеу және сараптама жасау», «Қашықтан оқуды үйренемін» сынды түрлі курстан өтіп отырады. Осындай үзіліссіз ізденісінің арқасы шығар, 2018 жылы «педагог-зерттеуші» біліктілік санаты бойынша тест сынағынан жоғары балл жинады. Биыл «педагог-шебер» біліктілік санатына тест сынағын тапсырып, сүрінбей өтті. Ұстаз білімінің тереңдігін осы деректер де айғақтаса керек.
Ұлы Абай сүйікті ұлы Әбдірахман туралы өлеңінде:
«Көргені мен білгені,
Сексендегі шалдан көп», – деп сүйсінісін жасыра алмаған екен. Арман туралы айтқанда, ойымызда осы өлең жолдары тұрады.
Кейде Арман білім додасы үшін жаралғандай көрінеді. Әлі есімде, сонау 2014 жылы небәрі үшжылдық педагогикалық өтілі бар кезінде аудандық «Бойыңдағы дарыныңды аша біл!» жас мамандар байқауында білім саласын өркендетуге байланысты өрелі ойлар айтып, бірден-ақ көзге түсті. Өзінің ізденістерін де ортаға салды. Әсіресе, сабағының өте жоғары деңгейде өткенін сол кездегі қазылар алқасының мүшелері тамсана айтып жүрді.
Білім саласындағы таусылмайтын ұзақ жол оған қол бұлғаған арман сынды. Сол жолда ізденеді, білгенін өзгелерге бөліседі. Әр жұмысына рефлексия жасап отырады. Кері байланыстар арқылы сабағын зерттейді. Білім саласындағы түрлі бәйгеде өзін шыңдайды.
Әсіресе, өткен жыл Арман үшін нәтижелі болды. Математика, физика, информатика пәні мұғалімдерінің І облыстық шығармашылық байқауында арнайы Алғыс хатпен, математика пәні мұғалімдеріне арналған «Математикалық регата» республикалық олимпиадасында арнайы дипломмен марапатталса, «Математика пәні мұғалімдерінің І республикалық шығармашылық байқауында және «Қызылорда қаласында өткен Асқар Жұмаділдаев атындағы халық-аралық олимпиадада 3-орынға, облыстық «Жылдың үздік мұғалімі-2019» байқауында 2-орынға ие болды. Осы байқаулардың бәрінің алдында аудандық кезеңнен топ жару талабы тұрғанын ескерсек, Арман асқан асулардың қаншалықты көп екенін және осы аталған жүлделер тек өткен жылдың ғана еншісінде болғанын айта кеткеніміз орынды.
Арманның осындай жетістіктерге жетуінің де баспалдақтары бар. «Осы жүлделерімнің барлығының баспалдағы ретінде 2018 жылы Алматы облыстық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталағының ұйымдастыруымен өткен «Математика пәні
мұғалімдерінің облыстық олимпиадасы» болды. Аталған байқаудың шарттары да, талаптары да, сұрақтары да бізді ізденуге жетеледі», – дейді Арман Сержанұлы. Иә, сол өребәйгеде де маңдай терін бес төгіп, топ жарып, 2-ші жүлделі орынға ие болды.
«Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірттерінің жеңісі» дегендей, Арманның шәкірттері де талай пән олимпиадаларында топ жарып жүр. Өзі баптаған Марат Еркеназ, Әлімхан Елдар, Вотина Елена, Мұрат Есма сынды шәкірттері – математика пәнінен аудандық, облыстық олимпиада жүлдегерлері.
Арман мектепте ұлағатты ұстаз ғана емес, отбасында да үлгілі шаңырақ иесі. Балқаш ауданында «Математиктер жанұясының» мүшесі атанған Арманның жолдасы Айгүл Сұлтанбек те математика пәнінің мұғалімі. Екеуі бес бала тәрбиелеп отырған жарасымды жұп.
Иә. Арман алған асулар осындай. Алда әлі биік шыңдар күтіп тұр… Отызында орда бұзған Арманның қырықында қамал аларына кәміл сенеміз.
Ләззат ӨСКЕНБАЕВА,
М. Сеңгірбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Балқаш ауданы





