Мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қорғау, әлеуметтік жағдайын және денсаулығын жақсарту, бүлдіршіндерге қазіргі заманға сай сапалы әлеуметтік қызмет түрлерін ұсыну, енгізу мемлекеттік деңгейде көтеріліп отырған мәселенің бірі. Осыған орай Үштөбе қаласында «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-нің «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қаратал күндізгі болу орталығы» ашылды.
Орталықта 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 60 балаға жоғары білікті ақысыз көмек көрсетіледі. Жартылай стационарлы жағдайда әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандартының талаптарына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтердің сегіз түрі бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларды болашақта жұмыс істей алатындай және ел экономикасының дамуына өз үлестерін қоса алатындай бейімдеу біздің мақсатымыз. Соған орай орталықта тәрбиешілер мен логопедтер, дефектологтар, психологтар, мәдени ұйымдастырушы, музыка жетекшісі, әлеуметтік жұмыс мамандары, дәрігерлер, еңбекпен емдеу нұсқаушысы, жүзу жөніндегі және емдік дене шынықтыру, музыка терапиясы, арт-терапия, дене шынықтыру, массажист сынды білікті мамандар қызмет атқарады. Заманауи диагностикалық және коррекциялық әдістерді меңгерудің теориялық және практикалық білімдерін жаңарту үшін орталық мамандары САТР орталығында біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар «Тәуелсіз өмір: Қазақстан мен әлемдегі психикалық ауытқулары бар адамдар» және «Аутизм. Мүмкіндіктер әлемі» атты халықаралық конференцияларға қатысты.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді сапалы ұсыну үшін ЕДШ, Монтессори, дефектолог, логопед, ер балалар мен қыз балаларға арналған еңбек терапиясы, музыкотерапия, психолог, сенсорлық кабинет, массаж кабинеті, ҚТҚ кабинеті (әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету), сауықтыру-дене шынықтыру үшін спортзал, мәдени-бұқаралық іс-шараларға арналған акт залы, бассейн, душ бөлмесі, сондай-ақ 6 топтық бөлме және 7 жатын бөлме жұмыс істейді. Шағын мобильді топтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында орталықта пандус, дәретханаларда арнайы тұтқалар, қолжуғыш, автотұрақ орнатылған. Қоларбада отыратын балаларды екінші қабатқа көтеру үшін шынжыртабанды көтергіш бар. Мүгедектерге арналған халықаралық таңбалар, дыбыстық сигналдар мен дабыл сигналдары қойылған. ҚР санитарлық нормалары мен ережелеріне сәйкес қосымша-тактильді жол, брайль шрифті орнатылды. Балалар орталықта күніне 4 рет тамақтанады.
Біз емделмейтін психикалық ауытқулары бар балаларды қоғам өміріне барынша бейімдеуге тырысамыз. Қиын жағдайға тап болған кезде отбасы оқшауланбауы тиіс. Өйткені, бұл баланың дамуына да, отбасындағы атмосфераға да кері әсерін тигізеді.
Біздің алға қойған мақсатымыз – баланың өмірдегі және қоғамдағы қалыпты адамның өмірінен еш айырмашылығы жоқ екендігіне көзін жеткізу және ақыл-есінің кемістігі бар адамдарды әлеуметтендіру. Сондықтан, біз мүмкіндігі шектеулі балалар үшін барлық қолайлы жағдайды жасап, олар үшін кедергісіз орта қалыптастыру жолында барымызды саламыз.
Оңалту орталығы ашылғалы бергі аз уақыттың ішінде оң нәтижесін берді. Білікті мамандар бүлдіршіндердің таланттары мен қабілеттерін дамытып, аша білді. Талай баламыз дүбірлі додаларға қатысып, жеңістің желкенін көтерді. Атап айтсақ, «Дала сазы» республикалық конкурсында Юлия Левинская мен Диана Дәулет бас жүлде мен 1-орынды иеленді. Сонымен қатар, «Нұрмед» корпоративтік қоры мен Талдықорған қаласындағы Лидия Дроздованың АРТ шеберханасы ұйымдастырған «Ұлы даланың инклюзивті шеберлері» атты облыстық көрме-аукционға, дарынды балаларға арналған «Тәуелсіздік – мәртебе!» қол еңбегі номинациясына орталықтан арнаулы әлеуметтік қызмет алушы Гузеля Магомедова қатысып, бас жүлдегер атанды.
Мамандар мен қызмет алушылар аудандық іс-шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. «Біз бақытты баламыз» тақырыбындағы Республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы онлайн байқауына біздің орталықтың қызмет алушы балалары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Сайыста «Қолөнер» номинациясы бойынша Маргарита Бышина бас жүлдені иеленсе, Голушкин Владислав осы номинация бойынша І орынға, «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша Диана Даулет І орынға ие болды. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты халықаралық дарынды балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауында «Қолөнер» номинациясы бойынша Еркебұлан Абынғазы бас жүлделі болса, «Көркем сөз» номинациясы бойынша Диана Даулет ІІ орын жүлдегері атанды. «Бейнелеу өнері» бойынша Медет Джанадилов бас жүлдені қанжығасына байлады. Орталықтың еңбекпен емдеу нұсқаушылары Л.Ж. Сембекова мен Қ.С. Ашықбаев және музыка жетекшісі Ж.Ж. Сергазинов Алғыс хаттармен марапатталды.
Ирина БАЙГАЗАКОВА,
«Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру
және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-нің
«Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қаратал күндізгі болу орталығы»
КММ директоры





