Жарты әлемді жайлаған жаһандық соғыс басталғанда Құлжабай Құлшыманов ата да бала жастан аспаған.
– Біздің көрген ол күнімізді құдай басқа бермесін. Менің алдымдағы үш ағамды соғысқа алып кетті. Бауырларым содан қайтып оралмады. Мен төрт жасқа толғанымда әкем қайтыс болған, бірақ бейнесі әлі есімде. Бес бала жалғызілікті анамыздың тәрбиесінде өстік. Ел 1932 жылғы ашаршылықтан, одан кейінгі 1937-38 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргіннен енді есін жиып, еңсесін көтере бастағанда сұм соғыс басталды. Бізде балалық шақ болған жоқ. Буынымыз қатпай анамызға ілесіп, еңбекке араластық. Аңыздан масақ тердік. Тулақтасқа мініп, бидай-арпа бастырдық. Шөп шаптық. «Барлығы майданға!» деген ұранмен, өзіміз ашқұрсақ болып жүріп, қабырғамыз қатпаған кезде ауыр жұмыстар атқардық. Сөйтіп, дала төсінде жүріп, жеңісті жақындатуға өз үлесімізді қостық. Күз айында дәрілік шөптер теретінбіз, – дейді өткенге оралған тыл ардагері Құлжабай ата.
Кереге таулы Кегеннің Саты ауылында өмірге келген Құлжабай Құлшыманов 1958 жылы Ұрымқан апамызбен бас қосып, алты баланы өмірге әкеп, үбірлі-шүбірлі болған екен. Қазіргі кезде олардан тараған 15 немере, 12 шөберенің ата-әжесі атанып, ордалы үйге айналғанына шүкіршілік етеді. Кенже баласы Талғат пен келіні, неміс қызы Неланың аялы алақынында алаңсыз өмір сүруде.
Еңбек ардагері, ауылының ардақтысы Құлжабай ата әлі күнге еңбектен қол үзбеген. Таңмен таласа тұрып, үй іргесіндегі азғантай жерге көкөністің түр-түрін егіп, күтіп-баптауды әдетке айналдырған. Оған немерелерін де баулып келеді. Жеміс ағаштары да жайқала өсіп, балаларының несібесін молайтуда. Өмірі өнегеге толы еңбек ардагері бұл күнде ауылының, әулетінің ақылшысы ғана емес, батагөй қазыналы қариясына айналған.
Шөп шапты, арба айдады бала жаста,
Салған соң көнді олар құдай басқа.
Жарты құрсақ, жалаңаш болып өсті,
Жарымай киер киім, ішер асқа.
Соғыстың сол кездегі балалары,
Қазіргінің ақылшы даналары.
«Біз сөйттік» деп ешқашан мақтанбайды,
Қажымайтын өмірдің қара нары, – деп жергілікті ақын, Кеңдала ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Көлбаев ағамыз жырға қосқан тыл ардагерлері – кеудесі алтын сандық кемеңгер ата-апаларымыз аман болсын!
Ұлбосын ИСАБЕК
Кеңдала ауылы,
Талғар ауданы





