Қазақстандағы балабақшаларда, мектептерде және колледждерде жеке қауіпсіздік сабақтарының мазмұны заман талабына сай қайта қаралып, айтарлықтай жаңартылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оқу-ағарту министрлігі ЮНИСЕФ ұйымымен және бейінді мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 140-тан астам жаңа тақырып әзірлеп шықты. Жаңа бағдарлама жас ұрпақтың цифрлық ортада және күнделікті өмірде кездесетін қауіп-қатерлерден қорғану деңгейін арттыруға бағытталған. Бастама кішкентай бүлдіршіндерден бастап студенттерге дейінгі аралықты қамтып, жеке және цифрлық қауіпсіздік, құқық бұзушылықтар мен алаяқтықтың алдын алу, төтенше жағдайлар кезіндегі дұрыс іс-қимыл әрі денсаулықты сақтау бағыттарын қамтиды.
Сабақ мазмұны әр жас тобының қабылдау ерекшелігіне қарай бейімделіп отыр. Мектепке дейінгі жастағы балалар бейтаныс адамдармен сөйлесу ережелерін, көмек сұрауды және адасқанда дұрыс әрекет етуді үйренеді. Бастауыш сыныптарда жеке шекара, интернеттегі қауіпсіздік, күмәнді сілтемелерге өтпеу, өрт пен эвакуация кезіндегі қадамдар қарастырылады. Орта сынып оқушылары мен жасөспірімдерге буллинг, кибербуллинг, интернет-алаяқтық, дербес деректерді қорғау, дипфейктер және жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану жолдары үйретіледі.
Жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері үшін заманауи заңсыз әрекеттердің алдын алу өте маңызды. Олар дропперлік пен «оңай ақша» схемалары, қаржылық және еңбек алаяқтығы, қауіпті онлайн-таныстықтар, груминг, сталкинг, манипуляция сияқты қауіптерді талдап, заңсыз әрекеттерге тартылу тәуекелдерін тексереді. Аталған сабақтар апта сайын сынып немесе кураторлық сағат аясында 10 минуттан өткізіліп туындайтын мәселелерді шешуге бағытталады. Негізгі назар құрғақ теорияға емес, нақты өмірлік жағдайларды талдап, өзін қорғауға және мамандардан көмек сұрауға аударылады.
Мектептерде мұндай сабақтарды тиімді жүргізу арқылы балалардың цифрлық сауаттылығы мен жеке қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтеріледі. Қоғамдағы алаяқтық пен киберқауіптер көбейген тұста жастарға дұрыс бағыт беру олардың амандығының кепілі болмақ. Оқушылардың білімін арттыру арқылы заңсыз әрекеттердің алдын алуға үлкен мүмкіндік ашылады. Білім беру жүйесінің бұл қадамы балаларды қауіпсіз ортада тәрбиелеуге септігін тигізеді.





