Жаңа әлеуметтік орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Марат Сағымбек қатысып, зейнеткерлердің бос уақытын көңілді, тиімді өткізуіне жағдай жасаған кәсіпкер келіншектерге алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. «Бұрын бірнеше мекемелерге жалға беріліп, тоза бастаған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, айналасын абаттандырып, халыққа тегін қызмет көрсететін әлеуметтік орталық ашқан кәсіпкерлердің ісі көптеген табысты азаматтарға үлгі болады», – деді әкім ашылу салтанатындағы сөйлеген сөзінде. Осындай ақжарма алғысты Еңбек Ері Күләш Айтжанова, аудандық іскер әйелдер бірлестігінің төрайымы Сүриям Изимова сынды құрметті қариялар жаудырды.
Орталықты ашқан кәсіпкер келіншектер өз істерін ұтымды өрістетіп, халыққа қызмет көрсетуден толайым табыс тауып жүрген аса іскер жандар. Ләззат Нүсіпқызы көптен бері балабақша бизнесімен айналысып, ал Раушангүл Жамбылбайқызы болса жұмыссыз жүрген қыз-келіншектерді тігінші, шаштараз сияқты мамандықтарға оқытып, дайындайтын «Раушан» оқыту орталығын ашып, жақсы нәтижелерімен алғыс арқалап жүрген жандар.
Жаркент қаласында алғаш ашылған «Белсенді ұзақ өмір» орталығынан 10 адам жаңа жұмыс орнын тапты. Орталық іске қосылған сәттен бастап келушілер легі толастаған жоқ. Оларға орталық қызметшілері құрғақ ванна, багуа сауна, тұз шахтасы сияқты денсаулыққа пайдалы қызмет түрлерін көрсетеді. Сонымен қатар қариялардың теннис, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, нарды ойнап, жатығу залында спорт түрлерімен шұғылдануына мүмкіндіктері мол. Демалыс бөлмесінің төріне қонақ бөлмедегідей құрақ көрпе жайылып, жастықтар қойылып, өздері қалаған шай түрлерін ішіп отырып әңгіме-дүкен құруға, домбыра тартып, әндетуге де жағдай жасалған.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы