Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2020 жылдың шілде айында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті жұмыс істеп жатқан қазақстандықтарға табысынан толық айырылған жағдайда ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем тағайындайтынын хабарлайды. Аталған төлем мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді.
Жоғарыда аталған төлемге келесі санаттағы азаматтар үміткер бола алады:
1) екінші деңгейдегі банктердің қызметкерлерін, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғаларды, мемлекеттік заңды тұлғаларды (шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерін қоспағанда), сондай-ақ акцияларының және жарғылық капиталындағы үлесі 100% мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды қоспағанда, жалақы сақталмайтын еңбек демалысы кезіндегі қызметкерлер;
2) жеке кәсіпкерлер;
3) жеке практикамен айналысатын адамдар;
4) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар (бұдан әрі – АҚС шарттары бойынша табыс алатын жеке тұлғалар);
5) бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші жеке тұлғалар (бұдан әрі – БЖТ төлеуші).
Жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген және төлемге құқығы бар қызметкерлердің тізімін жұмыс берушілер egov.kz және 42500.enbek.kz порталдары арқылы ұсынады. Олардың қызметінің шектелу фактісін құрамына ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен кәсіподақтардың өкілдері кіретін аудандық және қалалық штабтар растайды. Басқа санаттар төлемдерді тағайындау үшін өз бетінше өтініш береді.
Мемлекет тарапынан берілетін біржолғы төлемге төменде көрсетілген порталдар арқылы өтінім жіберуге болады.
– egov.kz – «электрондық үкіметтің» веб-порталы;
– 42500.enbek.kz порталы;
– «Электрондық үкімет» telegram-bot-ы;
– Aitu мессенджерінде 42500.enbek.kz қосымшасы;
– екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары.
Өтінімдерді қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.
Еліміздегі енгізілген карантиндік шараларға байланысты аталған төлемнің табысынан айырылып, қиын жағдайда қалған азаматтарға және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үлкен көмек болатынына сенімдіміз.
З. ІЛІМЖАНОВА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті
Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы





