Қазақстанда 25 маусымнан бастап техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжат қабылдау науқаны басталады. 2026-2027 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 140 мың орын бөлінген, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Талапкерлер құжаттарын eGov.kz порталы арқылы онлайн немесе колледждерге барып электронды форматта тапсыра алады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы техникалық мамандықтар бойынша ұлғайтылған.
Орта буын мамандықтары мен қолданбалы бакалавриат бағдарламаларына түсушілер арасында конкурс өткізіледі. Іріктеу міндетті және бейіндік пәндер бойынша аттестаттың орташа балы негізінде жүргізіледі.
Ал жұмысшы біліктілігін алуға ниетті талапкерлер колледждерге әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады.
Педагогикалық мамандықтарға түсетіндер үшін эссе немесе диктант жазу қарастырылған. Медициналық және шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлер арнайы және шығармашылық емтихандар тапсырады.
Құжат қабылдау кезеңі:
Жұмысшы біліктілігі бойынша:
- 25 маусым – 27 тамыз.
Орта буын мамандықтары бойынша (9 және 11 сынып базасында):
- 25 маусым – 22 тамыз.
Шығармашылық мамандықтар бойынша:
- 25 маусым – 20 шілде.
Педагогикалық мамандықтар бойынша (9 және 11 сынып базасында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім негізінде):
- 25 маусым – 10 тамыз.
Медициналық мамандықтар бойынша:
- 9 сынып базасында – 25 маусымнан 10 тамызға дейін;
- 11 сынып және техникалық әрі кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім базасында – 25 маусымнан 15 тамызға дейін.
Кешкі оқу нысаны бойынша:
- 25 маусым – 20 қыркүйек.
Оқу-ағарту министрлігі колледждерге қабылдау кезінде белгілі бір санаттағы талапкерлер үшін квота қарастырылғанын еске салды. Бұл норма Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 15 тамыздағы №261 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік тапсырыс көлемінің артуы техникалық және жұмысшы мамандықтарына сұранысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ жастардың сапалы кәсіптік білім алуына мүмкіндік береді.





