Қазақстан тәуелсіздігін жария еткеннен кейін, яғни 1992 жылдың 2-ші наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымына дербес мемлекет ретінде 168-ші мүше болып қабылданған болатын. Бүгін оқырмандарымызға осы халықаралық ұйымның Қазақстандағы гендерлік саясат жөніндегі ұлттық сарапшысы, БҰҰ-ның «Әлем елшісі» атағымен марапатталған жерлесіміз Сағадат Сәбитовамен жүргізген сұхбатымызды ұсынып отырмыз.
– Сағадат Ташболатқызы, ең алдымен өзіңіз жайлы айта кетсеңіз?
– Бұрынғы Бөрлітөбе, қазіргі Сарқан ауданына қарасты Көктерек ауылында дүниеге келіп, сол жерде орта мектепті бітіргенмін. Алматы медицина институтының педиатрия факультетінде білім алып, 17 жылдай мамандығым бойынша балалар дәрігері, невропатолог, перзентханада неонатолог болып қызмет жасадым. 2001 жылы қосымша мамандықтарды меңгеру мақсатында Алматыдағы Халықаралық бизнес институтының пиар факультетінде оқып, Ресейдің, АҚШ-тың, Англия мен Голландияның, Балтық жағалауындағы елдердің білім жетілдіру институттарында тәжірибеден өткенім бар. Аталған елдерде психология, психотерапия саласының қыр-сырына терең үңіліп, бизнес жүргізудің әдіс-тәсілдеріне ден қойған болатынмын. Рига қаласындағы Ақпараттық жүйелерді басқару жоғарғы мектебінің (ISMA ) докторантурасына түсіп, «Кәсіпкерлік қызметті басқару және кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру» тақырыбы бойынша докторлық диссертация жазып қойдым. Тек, оны қорғаудың сәті түспей келеді.
2002 жылы медицинадағы қызметімді қалдырып, жеке бизнеспен айналысуды қолға алдым. Алайда, медицинадан біржола қол үзіп кеткем жоқ. Себебі, бүгінгі жұмысымда да психотерапияны жиі қолдануға тура келеді. Кәсіпкерлік салада соңғы меңгерген мамандығым бойынша консалтинг және пиар жұмыстарымен айналыса бастадым.
2010 жылы ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне жұмысқа шақырылып, Астанаға қоныс аударуға тура келді. Бір кездері арнаулы оқу орындарында мамандар даярлауды жақсартумен айналысатын «Кәсіпқор» компаниясын ашуға атсалысып, оның жұмысын жандандыруға үлес қосқаным бар. 2014 жылы кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Даму» қорына қызметке тұрып, Алматыға қайтадан көшіп келдім. Осыдан кейінгі «Атамекен»кәсіпкерлерді қолдау ұлттық палатасындағы жұмысым «Дамудағы» қызметімнің жалғасы десе де болады.
2017 жылы Біріккен Ұлттар ұйымына жұмысқа шақырылдым. Бұл мәртебелі ұйымға жайдан-жай ала салмайтыны белгілі. Қажетті тексерулерден өтіп, түрлі тестілер мен емтихандарды тапсырғаннан кейін ғана қызметке кірістім. Мұнда БҰҰ-ның бастамасымен қолға алынған «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстандық отбасы» бағдарламасы бойынша ұлттық сарапшы мәртебесінде жұмыс жүргізіп келемін.
– Осы жылдары БҰҰ-ның «Әлем елшісі» деген атағын алғаныңызды білеміз. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін мәртебе болса керек?!
– Иә, 2018 жылы Тайландта өткен халықаралық конференцияда «Әлем елшісі» атағымен марапатталдым. Әрине, мұндай жоғары дәрежелі атақ аламын деген ой болған жоқ еді. Бұл осыған дейінгі 36 жыл бойы психотерапия саласындағы жасаған жұмысыма, Қазақстандағы және Азия мен Орталық Азия елдерінде отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес бағытында атқарған қызметіме берілген баға болса керек. Десе де БҰҰ сияқты мәртебелі ұйымның маған берген марапаты ең алдымен еліме көрсетілген құрмет, Қазақстанның мәртебесі деп есептеймін!
– Енді Сіздің міндетіңізді нақтылай түссек…
– Менің БҰҰ-дағы үш жыл қызметім отбасылық зорлық-зомбылықты зерттеу, оның себеп-салдарымен күресу бағытында жүргізілуде.
– Осы жерде алдымен өзге елдермен салыстырғанда Қазақстандағы зорлық-зомбылық деңгейі қандай деген сауалға жауап бере кетсеңіз?
– Жалпы, әлемдегі бірде-бір мемлекеттің мұндай әрекеттерден ада емес екенін айтқым келеді. Бұл – жалпыәлемдік мәселе! Дегенмен, мұндай жайлар Ислам мемлекеттерінде, Азия елдерінде көбірек кездеседі. Ал, біздің елге келер болсақ, әсіресе оңтүстік өңірлерде отбасылық зорлық-зомбылық жиірек орын алуда. Бұл, ең алдымен, осы өңірдегі патриархалдық қарым-қатынастың басым болуына байланысты деп есептеймін. Дегенмен, мұның басты бір себебі – батыстық көзқарастың келуімен еліміздегі отбасылық құндылықтардың бәсеңдеуі, қажет десеңіз – жойыла бастауынан деп айтар едім.
Осыны тарата айтар болсам, бүгіндері жастарды отбасылық өмірге тәрбиелеу, отбасындағы ер мен әйелдің, әке мен ананың, ата-ана мен баланың арақатынасын айқындайтын, түсіндіретін, санасына сіңіретін дәстүрлер ескерусіз қалды. Ғылымда отбасы құндылығы, жеке бастың құндылығы, әртарапты құндылық, әлеуметтік құндылықтар деген ұғымдар бар. Біз өзіміз кеңес өкіметі кезінде отбасы мен мектептен алған үлгімізді өмірімізге азық еттік емес пе?! Ал, тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары елімізді жайлаған экономикалық дағдарыс тірлігімізді түбегейлі өзгертіп кетті. Жұмыстарынан айрылған ата-аналардың ала дорбаны арқалап, отбасын асырау үшін Қытай мен Түркиядан тауар тасығаны есімізден әлі кете қойған жоқ. Міне, осы кезде өмірге келген бүтіндей бір ұрпақ тәрбиеден тысқары қалды. Табыс табудың соңына түскен жұртшылық балаларына деген махаббатын, ата-аналық міндеттерін ақшамен, яғни материалдық қажеттіліктерін өтеумен алмастырып алды. Сол кездегі туған балалар бүгіндері орда бұзар отыздың ар жақ, бер жағында.
Отбасындағы берекесіздік, жас шаңырақтардың жиі шайқалуы осының салдары деп ұғамын.
– Сонда батыстық көзқарастар біз үшін зиянды дейміз бе?
– Жоқ. Олай деп үзілді-кесілді айтуға бола қоймас. Кез-келген өркениеттің жақсы, жаман тұстары болады. Мәселе біздің соның қайсысына еліктеуімізде болып тұр. Мысалы біз батыстың еркін қарым-қатынас, некеге тұрмай-ақ бірге өмір сүру, бір жыныстылардың арасындағы байланыс сияқты қоғамға жат әрекеттеріне әуестік танытып келеміз. Батыстың отбасы құндылығын, білімге, өнерге, әдебиет пен мәдениетке деген құштарлығын назарымыздан тысқары қалдырдық.
Еркіндік деген осы екен деп екінші бір тарапқа ұрынғанымызды әлі байқай алар емеспіз. Міне, сол ұрпақ бүгіндері отбасын құрып, олардың балалары бозбала мен бойжеткен атануда. Нәтижесін күнделікті өмірден өздеріңіз де көріп жүрсіздер…
– Енді не істемек керек?
– Жалпы, ғылыми айналымда зорлық-зомбылықты төрт түрге бөліп қарастырады. Атап айтқанда психикалық, физикалық, сексуалдық, экономикалық зорлық-зомбылық деп нақтыланған. Өмірде бұлар көбіне жеке-жеке емес, топтасқан түрде жиірек орын алады. Мысалы, психикалық – адамды кемсіту, балағаттау, жанына тиетін сөздер айту. Мұның ұрып-соғуға, яғни физикалық әрекеттерге ұласатыны жасырын емес. Бұл екеуі орын алған жерде қаржыдан қағу, материалдық игіліктердің жолын кесу, демек, экономикалық зорлық-зомбылық жалғасын табады. Әсіресе патриархалдық ұстанымдарға құрылған отбасында жас отбасының тапқан ақшаларын өздері жарата алмауы жиі орын алуда. Мұны да қысым көрсетудің бір түрі демеске шара жоқ. Немесе үйде бала қарап отырған әйелге шектеулі ғана ақша беріп: «Сен осыны бәріне жеткізуің керек!» деген жайлардың бар екенін өмірден көріп жүрміз. Яғни, адамның жеке басының қажеттіліктері ескерілмейді.
Сексуалдық зорлық-зомбылық жасау әрекеттері де азаймай келеді. Алайда, бізде осындай жағдайлардың дені жабулы күйінде қалып жатады. Себебі, «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде…» деген түсінікке басымдық беретін халқымыз «ұят» деген ұстаныммен көбіне-көп үндемей қалып жатады.
Қазақта: «Білімсіз ілім жоқ, ілімсіз күнің жоқ!» деген тамаша нақыл бар. Оны айтып отырған себебім, көбіне-көп ешқандай мамандығы жоқ, күнкөрісі біреуге тәуелді әйелдер ерлер тарапынан жасалынатын қиянатқа төзуге мәжбүр.
– Сіздің пікіріңізше, осындай жағдайларды жария қылу қажет пе?
– Әрине, қажет. Себебі, «Бір қылғанын екі қылады, екі қылғанын әдет қылады…» дегендей, үндемегеннен кейін әлімжеттігін әдетке айналдырып, ақыр соңы қайғылы жағдайға әкеліп жататын жайлар аз емес. Ұрып-соғудың нәтижесінде мүгедек болып қалғандар да жетерлік. Әсіресе мына пандемия кезінде жұмыссыз, табыссыз қалған отбасыларында орын алған сорақылықтарды әлеуметтік желіден жиі оқып жүрміз. Демек, бұл залалды әдетпен мақсатты түрде күресуіміз керек.
Отбасының өзін «ашық» және «жабық» деп екі топқа бөліп қарастырсақ, кез-келген мәселені отбасы мүшелерімен талқылап, ақылдаса отырып шешетіндер бар да, керісінше, «Мен осы үйдің қожайынымын! Демек, менің айтқаным ғана орындалуы керек!» деп өктемдік жүргізетіндер де кездеседі. Бұл жерде зорлық-зомбылықтың негізгі мақсаты – билік жүргізу, үстемдік жасау екенін естен шығармағанымыз жөн.
Отбасы – адамзат өркениетінің құндылығы екендігінде дау жоқ. Ендеше неге оны бағалай білмейміз?! Мысалы, жол үстінде көлігіңіз тоқтап қалатын болса оны сылап-сипап, асты-үстіне түсіп, әбігер болып қалатыныңыз рас қой. Ал, жаныңызда отырған жарыңыз артық ауыз сөз айтса оны балағаттап, орта жолда түсіріп кетуге дейін барамыз. Демек, құндылықтарымыздың критерийлерін, оның қандай маңызды екенін іс-әрекетіміз арқылы көрсете білуіміз керек. Құнды нәрсені ешкім ұрып-соқпайды, жолға тастамайды!
Дегенмен, отбасындағы кикілжіңге ер адамдар ғана кінәлі деуден аулақпын. Көп жағдайда жанжалдың шығуына әйелдердің түрткі болып жататынын несіне жасырамыз…
– Осы орайда бүгінгі жас отбасыларының жиі ажырасуын немен түсіндіресіз?!
– Иә, бұл қазіргі кезеңде мемлекеттік деңгейдегі мәселеге айналып отыр. Бізде екі жылдың бедерінде БҰҰ-ның бастамасы бойынша «Отбасылық соттар» пилоттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Осы кезеңдегі зерттеулерге жүгінетін болсақ, ажырасуға арыз бергендердің 90 пайызына дейін зорлық-зомбылықты басты себеп етіп көрсетеді. Ал, ар жағына үңіліп қарар болсақ, жастардың отбасын құруға дайын емес екенін көреміз. Яғни, көпшілігі отбасын құрған кезде: «Уақыт келді, үйлену керек!» деген ұстанымды басшылыққа алады. Қыздар, ал көп жағдайда олардың ата-аналары «отырып қалған, кәрі қыз» атағына қалудан қауіптенеді. Меніңше, жастар әке болуға, ана болуға дайын болғанда, жауапкершілік жүгін толық сезінгенде ғана отбасын құрулары керек.
Осындай отбасылармен тренингтер өткізгенімде ері мен әйелінің бір-бірімен қалай қатынас жасауы керектігін білмейтінін жиі аңғарамын. Яғни, «ол әйел – тұрмыстық мәселелермен сол айналысуы керек!», еркек болса «табысты сол табуы керек!» деген көзқарастар басым.
«Ішімде не барын ойлап тап?!» деген ойын сияқты бір-бірімен қасарысып жүретіндер де бар. Содан кейін шаңырақтағы билікке таласу орын алып жатады. Гендерлік теңдік деген осы жерде қылаң береді. Осыдан кейін жастардың қарым-қатынасына ата мен ененің араласуы деген мәселе жиі кездеседі. Ата-ене келінін немесе күйеу баласын өзінің таным-түйсігіне лайықтап тәрбиелеп алғысы келеді. Жастардың араларына іріткі салу осыдан басталады.
Импринттік қағидалардың баланың бойында жеті жасқа дейін қалыптасатынын ескерер болсақ, 23 – 25 жастағы азаматтың мінез-құлқын, өмірлік ұстанымын өзгертіп, тұжырымынан тайдырамын деу бос әурешілік. Әрине, жақын адамын жоғалту, сәбиін өмірге әкелу сияқты қатты толқыныстар болғанда адам өзгеруі мүмкін. Алайда, өмір есігін аша салысымен әке-шешесі берген тәрбиенің, жастайынан санасына сіңірген ұстанымының өмір бойы өзімен бірге кететіні дау туғызбаса керек.
Бұл жердегі әңгіме жастарға отбасын құрған кезде қандай жағдайларға дайын болу керектігін түсіндіріп, оларға жарының бойынан тек қана жағымсыз қасиеттерді іздемей, жақсы жағын да көре білу қажет екенін сезіндіру жайлы болып отыр. Әр адамның бойында жақсы-жаман қасиеттердің қосарлана жүретінін ескерсек, оның жақсы жағында өмір сүру, кемшіліктеріне кешіріммен қарау, ашуды ақылға жеңдіру дағдыларын отбасында, баланың сәби кезінен бастап қалыптастырған жөн. Біздің жастар осыған дайын емес. Тіпті, жасы есейгенімен таным-түйсігі бала қалпында қалып қалған адамдар көп кездеседі.
Сөйлеу мәдениеті деген ұғым бар. Осы қарапайым қағиданы меңгере алмағандар ортамызда жүр. Көшеде темекінің түтінін будақтатып, былапыт сөздерді қардай боратып тұрған қыздарды көргендеріңіз бар шығар. Осылардан қандай отбасылық өнегені күтуге болады?! Ол ертең қандай Ана болады?! Адамның өзі туралы, әлем жайында, қоршаған орта хақында, тіпті діни таным жайлы түсінікті қалыптастыратын, жадына құятын – ата-ана! Оны институттар мен академиялар да бере алмайды.
– Сағадат Ташболатқызы, Сіз қызмет бабымен еліміздегі гендерлік саясаттың орындалуын да бақылауға алып келесіз. Осының Қазақстандағы жүзеге асырылуы қандай дәрежеде?
– Гендерлік саясатты қарапайым тілмен әйел мен ер адамның тең құқығы деп айтса болады. Алайда бұл екінші жақтың құқығын шектеуге әкелмеуі керек. Гендерлік теңдікті жоғары биліктен емес, қоғамның ең қарапайым құрылымы – отбасынан бастау қажет. Қоғам дамығанда, өмірдің өзі талап еткенде гендерлік теңдік мәселесінің туындайтыны сөзсіз. Шет мемлекеттерде жоғары билікке жеткен әйелдерді айтар болсақ, олардың отбасылық міндет-парыздардан тысқары болғанын байқаймыз. Бізде де, өкінішке қарай, биік мансап иелеріне осы жағдай тән. Оны, ең алдымен, отбасы, ошақ қасының жүгі негізінен әйел адамның иығына түсетінімен түсіндіреміз.
– Бізде гендерлік теңдік тұрғысында мәселе бар деп есептейсіз бе?
– Әрине, бар. Оны қарапайым көзбен де көруге болады. Жоғары билікте, табысы көп салаларда негізінен кімдер еңбек етіп келеді?! Осыдан ақ ойлана беріңіз…
– Осы гендерлік саясат әр отбасына, қоғамға, мемлекетімізге қандай оңды ықпалын тигізуі мүмкін деп ойлайсыз?
– Әйелдердің қабілеті, білім-білігі, еңбекқорлығы мен өз ісіне деген жауапкершілігі ер адамдардан артық болмаса кем емес. Тек, бізде үлкен қызметтерге ер адамдарды тағайындау дәстүрі қалыптасқан. Қазір шет елдің озық оқу орындарында білім алып, жақсы қызметте жұмыс жасап жүрген қыздар көптеп кездеседі. Әрине, бұл жерде де мәселеге біржақты қарауға болмайды. Конфуцийдің: «Өзін отбасында орнықтыра алмаған жан өзге жерде де тұлға бола алмайды!» деген тағылымы бар. Қазақ мұны: «Үйде оңбаған түзде оңбайды!» деп бір ауыз сөзбен тұжырымдаған. Демек, әйел де, ер де ең алдымен үйде қалыптасуы керек.
Гендерлік саясат деп заманның ығына түсіп алып, әйелдердің жаппай билікке ұмтылуын, феминистік көзқарасты соқыр құптай беру де бола қоймас. Әр нәрсенің өзіндік шегі, шеңбері болуы керек дейтінім де сондықтан. Біз жақтыра бермейтін батыс мемлекеттерінде отбасылық құндылықтардың аса бағаланатынын да білгеніміз жөн.
– Ал, жаратылыс заңдылығына жат ағымдарды, бір жыныстылар арасындағы неке мәселесін қайда қоямыз?
– Сіз айтып отырған құбылыстар Еуропа елдерінде жан-жақты зерттелуде. Негізінен, мұндай әрекеттер миллионнан бір кездесетін табиғи ауытқуы бар адамдарға тән болса, енді біреулері бала кезінде алған психологиялық зардаптардың нәтижесінде осы жолды таңдайды. Дегенмен мұнда еліктеу, қоғамға қарсылық көрсету себебі алдыңғы орынға шығады. Адам қандай әрекеттерге барса да, ең алдымен, жеке басының қажеттіліктерін қанағаттандыруды мақсат ететіні рас. Ал, мақсат дегеніміздің өзі –құндылықтарымыздың материалдық жүзеге асуы. Еуропадағы еркіндік ондағы жұртшылықты осыған әкеліп отыр.
– Мазмұнды әңгімеңіз үшін үлкен рахмет! Еңбегіңізге табыс тілейміз!
Қуат Қайранбаев





