Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын жаңа Жолдауын бүге-шігесіне дейін зерттедім. Көтерілген мәселелерге қатысты өз ойымды жеткізгім келіп отыр. Биылғы Жолдауда пандемия әкелген қиындықтарды еңсеріп, экономиканы сауықтырып қана қоймай, еліміздің әрі қарай дамуы үшін аса маңызды шаралар жан-жақты көрсетілді. Саяси реформалардан бастап мемлекеттік қызметті жаңаша жасақтау, еншілес компаниялардың санын қысқарту, халықты баспанамен қамтамасыз ету, білім беру мен медицина саласын жетілдіру, құқық қорғау органдарының жұмысын жақсарту, ауылшаруашылығы саласын жаңа жүйеде ұйымдастыру, тағы да басқа мәселелер жан-жақтылы көрсетілді.
Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси ахуалына жан-жақты талдау жасады. Атқарылып жатқан істерге саяси баға берді. Бүкіл әлемді сын тезіне алған індет кезіндегі халқымыздың сабырына, ынтымағы мен мейіріміне ризашылығын білдірді. Ең бастысы, Жолдауда мемлекетімізді нығайту жолындағы стратегиялық маңызды мәселелерді айқындап, қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге, жаңғыртуға бағытталған 11 негізгі басымдықты белгілеп берді. Мені қуантқан Президентіміздің тағы бір бастамасы – елдегі мұғалімдердің жалақысын арттырып, пандемиямен күрескен дәрігерлерге төлемақы төлеу мәселесі. Мұғалімдер мен дәрігерлер елдегі маңызды мамандардың бірі екені пандемия кезінде анық білінді. Жылдар бойы еңбегі еленбей келген ақ халатты абзал жандар мен ұстаздарға тиісті қолдау көрсеткенін қолдаймын.
Жолдауда: «Пандемия сирек мамандықтардың дәрігерлерін, эпидемиологтарды, инфекционистер, реаниматологтар және кардиологтарды әзірлеу мәселесін төтесінен қойды. Үкіметке шамамен 10 жылға медициналық мекемелерді кадрлармен қамтамасыз ету бойынша ұзақмерзімді болжам жасауды тапсырамын», – деді. Бұл өте орынды көтерілген мәселе. Маман тапшылығын жою үшін ұйымдастыру, жоспарлау, қаржымен қамтамасыз ету шаралары қолға алынуы тиіс. Жолдауда адам денсаулығына барынша көңіл бөлінгендігі көптің ризашылығын тудырды. Медицинадағы қордаланған шаруалардың қолға алынатыны қуантты. Сонымен, көптің көкейіндегі ой қозғалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда індет салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігінің қашықтан оқуға көшкенін, жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгерту қажеттігін және қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін айтты. Салыстырмалы түрде қарастырсақ, мұғалімдердің жағдайы біршама жақсарып келеді.
Жолдауда білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысы да назардан тыс қалмады. Енді 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға көбейетін болды. Бұл қиын әрі жауапты мамандық иелері үшін жайдарман жаңалық болғаны анық. Қысқасы, ұстаздар қауымына мемлекет тарапынан жақсы жағдай жасалды деп толық сеніммен айта аламыз.
Бұдан бөлек, Жолдауда Президент елдегі жемқорлықпен күрес мәселесін де айналып өткен жоқ. Енді елімізде жемқорлармен күрестің жаңа тәсілі енгізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін Президент биыл 19 тамызда өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте де айтқан болатын. Бүгінгі Жолдаудан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын күшейту, жұртшылықпен бірлесе іс-қимыл жасау, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту сынды маңызды мәселелер өз орнын тапты.
Әсіресе, мемлекеттік биліктің барлық тармағын реформалау керектігін айтуы Қасым-Жомарт Кемелұлының саясаттағы тұлғасын асқақтата түсті. Меніңше: «Егер азаматтарымыздың әл- ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мысалы, қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда, бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын» деген сөзі қордаланған мәселелердің шешім табатынын көрсеткендей болды.
Адам баласы сияқты мемлекет те өзінің қалыптасу жолынан өтеді. Бастапқы кезеңде мемлекет барынша ықпал ете алғанымен шектен тыс орталықтандыру елдің дамуын тежейтін кезең де келіп жетеді. Сонда азаматтардың позитивті белсенділігін, оларды өз шаруашылығын, ауылдық округін басқаруға тарту қажеттігін түсіне бастайсың.
Жергілікті өзін-өзі басқару процесіне қатысу арқылы азаматтар өз ауылы, қаласының дамуына ықпал ету мүмкіндігіне ие болады. Мұндай игі іске қоғамды қатыстыру біршама уақыт пен күш-жігерді қажет етеді. Алайда, тиімді басқару нәтижелі болып, өмір сүру сапасы арта бастағанда осынау игі істерге қосқан өз үлесің үшін мақтаныш сезімі оянып, бұл салаға деген қызығушылығың арта түсетіні анық.
Жолдауда алдағы уақытта не істелу керек деген сұрақтарға нақты жауаптар қайтарылды. Солардың бірі – билік пен халықтың арасындағы әңгімелердің ашық және жарасымды болуын қамтамасыз ету. Билік пен халық бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса, алынбайтын қамал жоқ. Кемшіліктерге қарсы күрестің төте жолы осындай болуы керек.
«Біз мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығы және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын», – деді ҚР Президенті. Демек, ендігі жерде қоғамдық кеңестердің рөлі артып, ол заңдық тұрғыда мәртебеленіп, оның мемлекеттік жүйедегі қаржы айналымын бақылауға мүмкіндігі болады деген сөз. Бұл – түрлі әлеуметтік топ өкілінен жасақталатын қоғамдық кеңестердің халықтық іске ықпалының еселеп артатынын білдіреді. Сол сияқты ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі де заңдық негіздер бойынша реттелетінін естідік.
Жалпы алғанда, өз басым Президенттің жаңа Жолдауынан үлкен үміт күтемін әрі онда көтерілген жеті бастаманың барлығын қос қолдап қолдаймын.
Ермек Келемсейіт,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы





