Жауапкершілік һәм уәде. Оның ішінде берілген уәдеде тұру тек жігіттіктің белгісі ғана емес. Қазіргі әкім қараға қажеттісі осы. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, тізгін тартқандарға халықтың сенімін азайтуға берілген уәденің орындалмауы сеп. Қызметі бола тұра құзіретінен бас тартудың мың сылтауын іздеу де ақжағалыларға тән емес. Бірде Заңды, бірде құзіретті халықтан қалқан қылу мәселені шешпейді. «Басшының бағы – ел-жұрттың қамы» деген бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елге сыйлы әкім болу үшін ауылдың ахуалын жақсы білу де аздық етеді. Халықтың сенімін ақтап, елдің береке-бірлігін нығайту үшін жұмыс істеу керек», – деген еді. Демек, жауапкершілік пен сөзге сертте болу қазіргі әкімдердің тұғыры болуы тиіс. Дәл осындай ойды облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Ескелді ауданындағы халықпен кездесуде сөз етті.
Байыпты бастамалар ауылды өркендетеді
Облыс әкімі аудандағы сапарын Бақтыбай ауылынан бастады. Себебі, мұнда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауылдағы ағайынның қолайлы тұрмысы қамтамасыз етілуде. Оңтайлы бастаманың бірі – Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің күрделі жөндеуден өтуі. Құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу. Сыртқы келбеті алыстан менмұндалайды. Оқу ордасы сегіз корпустан тұрады. Мұнда балалардың білім алуына, мектепке дейінгі шағын орталықтың жұмысына, спортпен айналысуына және оқушылардың толыққанды демалуына қажетті барлық жағдай қарастырылған. Жоба бойынша мектеп 1276 оқушыға, ал шағын орталық 25 орынға арналған. Ғимараттағы жөндеу жұмыстары іс жүзінде аяқталған. Қазір кабинеттер, дәліздер мен фойелер тазартылып жатыр. Заманауи, жарық әрі ыңғайлы ғимарат білім беру мекемелеріне қойылатын барлық талаптарға сай.
Спорт инфрақұрылымына және аумақты абаттандыруға ерекше көңіл бөлінген. Жаңғырып жатқан білім ұясын аралап көрген Бейбіт Исабаев жауапты тұлғалардың назарын аумақты лайықты көгалдандыруға, жасыл желектерді дұрыс күтіп ұстауға аударды. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтап қана қоймай, оқу орнының айналасында балалар, ата-аналар мен педагогтер үшін таза, жайлы әрі әдемі орта қалыптастыру маңызды. Мектепті күрделі жөндеу былтыр мамыр айында басталған. Жаңартылған білім ордасын биыл тамыз айында ашу жоспарланып отыр.
Мұнан соң аймақ басшысы ауылдық округке қарасты Елтай ауылындағы медициналық нысанға бас сұқты. Өткен жылы іргесі қаланып, жуық арада пайдалануға берілетін ауылдық дәрігерлік амбулатория тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш. Себебі, бұрын медициналық көмек шағын әрі ескі ғимаратта көрсетілсе, енді сапалы медициналық құрылғыларға қол жеткізеді. Нысандағы жаңашылдық – стоматологиялық кабинет. Сонымен қатар, мұнда күндізгі стационар жұмыс істейді. Бұл әсіресе қарт адамдар, көпбалалы отбасылар және аудан орталығына барып уақыт жоғалтатын тұрғындар үшін өте маңызды. Дәрігерлік амбулаторияны аралау барысында облыс әкімі ғимаратты табиғи газға қосуды тапсырды. Сонымен қатар, қатты отын баламалы жылыту көзі ретінде сақталады. Бейбіт Исабаев жаңа нысанның тұрақты жұмыс істеуі әрі тұрғындар мен медицина қызметкерлеріне қолайлы болуы қажет екенін айтты.
Елтайлық Нұртай Қайырбаев жаңа амбулаторияның жанында тұрады. Ол ауыл тұрғындары атынан өңір басшылығына ауыл мәселелеріне көңіл бөлгені үшін алғыс білдірді.
– Бұрынғы амбулатория ескі, шағын болатын. Жаңа ғимаратпен салыстыруға келмейді. Менің төрт балам, жеті немерем бар. Біз үшін мектептің, медицинаның, қалыпты өмір сүру жағдайының жақын болғаны маңызды. Бүгінде ауылымыз өзгеріп жатыр, оны халық көріп, қуанып отыр, – дейді тұрғын.
Тұрғындар талабы назарда
Ескелді ауданындағы сапар барысында облыс әкімі әуелі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Мұнан соң Қарабұлақ ауылындағы Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Келелі кездесу барысында аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелердің шешілу барысы жайында баяндады. Сонымен қатар, аудан көлемінде атқарылуы тиіс міндеттер мен бастамалардың да тінін тарқатты. Ауыл шаруашылығын, жолдарды, ирригацияны, туризмді дамытуға, сондай-ақ жер мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға ерекше назар аударды.
Әкім сөзіне сенсек, Жетісу облысы соңғы жылдары тұрақты даму қарқынын сақтап келе жатыр. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына Ескелді ауданы да елеулі үлес қосып отыр. Мұнда аграрлық сектордың облыс көлеміндегі үлесі 11 пайыздан асады. Сонымен қатар, өңір басшысы ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді белсенді дамыту, инвестиция әкелу, жаңа өндірістер ашу, тұрғын үй құрылысын жандандыру, жолдарды жақсарту және туристік әлеуетті тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы айтқан облыс әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасы және өзге де бағыттар аясындағы мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге техникаларын жаңартуға, жеңілдетілген несие алуға, мал және егін шаруашылығын, шикізатты өңдеуді дамытуға мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді. Өңірде құс шаруашылығы, балық өңдеу, жылыжай шаруашылығы, қант саласы мен құрама жем өндірісі бойынша ірі инвестициялық жобалар қолға алынған.
– 2025-2027 жылдары облыстың агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 94 млрд. теңгеге 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, Панфилов және Көксу аудандарында жылдық қуаты 19 мың тонна құс етін өндіретін 2 құс фабрикасының құрылысы биыл басталады. Бұған қоса, Кербұлақ ауданында 5 мың, Ақсу ауданында 2 мың бас мал бордақылау алаңдары, Талдықорған қаласы және Ескелді ауданында жалпы қуаты 1,6 мың тонна болатын 2 балық зауыты салынып жатыр, – деді аймақ басшысы.
Бейбіт Өксікбайұлы Текелі қаласында қанша уақыттан бері тұралап, есігіне қара құлып салынған жылыжайдың қайта жаңғыртылатынын айтып, ақжолтайлады. Айтуынша, инвестор қаржы құйып, жұмыстар жүргізіліп жатыр, жыл соңына қарай алғашқы өнім алынбақ. Өңір басшысының айтуынша, бұл мысал экономика үшін жаңа мүмкіндіктерді көрсетеді.
Өңірде жүзеге асып жатқан бастамалардың бірі ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру. Биыл Жетісу облысында тоғыз ірі жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 3,2 мың гектар жаңа жер суармалы сумен қамтамасыз етіледі, 34,3 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы толықтай су алады. Ескелді ауданында Алмалы және Бәйбіше каналдарына күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып, қайта айналымға енгізу жұмыстары жалғасуда.
Сөз арасында аймақ басшысы өңірдегі жол мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, 2-3 жыл көлемінде ауыл ішіндегі жолдар тақтайдай тегіс етіледі. Оған дейін республикалық, Талдықорған қаласындағы жолдар толықтай сапалы болмақ.
– 2025 жылдан бастап Алматы – Талдықорған автожолының 21 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жұмысты биыл аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Талдықорған айналма жолын қайта жаңарту және Шеңгелді – Қызылтоған жолына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Биыл Талдықорған – Үштөбе бағытындағы 40 шақырым жолды орташа жөндеу қолға алынды. Соның нәтижесінде облыстық маңызы бар жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 96 пайызға жетеді. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Біз республикалық және облыстық жолдардың жағдайын жақсарттық. Енді ауылішілік жолдарды жөндеуге назар аударылады, – дейді облыс әкімі.
Жол жөндеу жұмыстарында тұрғындар талабы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Аймақ басшысы аудан тұрғындары атынан Сырымбет ауылындағы жол учаскесінің жарамсыз күйге түскені туралы көп шағым түскенін жеткізді. Бұл ретте облыс әкімі орынбасары Әсет Қанағатов пен аудан әкімі Елдос Ахметовке тапсырма жүктеді. Себебі, тау жыныстарынан пайдалы қазба өндірген компаниялардың көлігі осы жолмен жүреді. Ауыр техника жаңа жол салғанмен 2-3 жылда оны жарамсыз етпек. Карьерлерден шикізат тасыған көліктер үшін ауылды айналып өтер жол салынуы тиіс. Сонда ғана тұрғындар өтінішімен салынатын жолдың ғұмыры ұзақ болмақ.
Әлеуметтік сала әрлене түседі
Өңірде соңғы 3 жылда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы 270-тен астам нысан жаңартылды. Оның ішінде 2025 жылы 67 денсаулық сақтау нысаны салынып, білім саласында 3 мектеп бой көтерді, мәдениет және спорт саласындағы 16 нысан пайдалануға берілді, сондай-ақ, 14 әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Қайтарылған активтер қаражаты есебінен облыста 2023-2025 жылдары 25 нысан салынды. Оның ішінде білім беру саласында 5 мектеп, денсаулық сақтау саласында 18 нысан, сумен жабдықтау бойынша 2 нысан бой көтерген. Биыл тағы 9 нысан іске қосылады. Аймақ басшысы аудандағы Ешкіөлмес және Жаңалық елді мекендерінде мектептер бой көтеретінін де сүйіншіледі. Қазір құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржыландыруға өтінім берілген.
– Өңір халқының қолайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз етуге демеушілер де атсалысуда. Мәселен, жеке демеушілердің есебінен Талдықорған қаласында Үстел теннисі орталығы, «Жетісу Арена» мұз айдыны, «Жетісу» волейбол клубына арналған төрт қабатты тұрғын үй, Ақсу ауданында спорт кешені, Қаратал ауданының Үштөбе қаласында бокс залы, Кәлпе ауылында үстел теннисіне арналған блокты-модульдік кешен және Жаркент қаласында 100 орынды жүзу орталығы салынды. Биыл демеуші қаражаты есебінен Үштөбе қаласында «Jenys Judo Ortalygy» дзюдо бойынша спорт кешені бой көтеруде. Жалпы, облыста халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, жәрдемақыларды арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылуда, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, өңірде мектептерді, медициналық мекемелер мен Мәдениет үйлерін жөндеу, жаңа әлеуметтік жобаларды дайындау, еңбек нарығын дамыту және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келген мамандарды қолдау жалғасуда. Дегенмен, аудандардағы басым мәселенің бірі – кадр тапшылығы. Бейбіт Өксікбайұлы Ескелді ауданындағы дәрігер тапшылығын шешуде қарымды қарекет қажет екенін алға тартты. Қызметтік үй тауып беруде белсенділік қажет. Аудан әкіміне қызметтік пәтерге арналған үй салуды тапсырды. Аймақ басшысы ауданда көптен сұрау белгі болған Жастар ауылындағы көпқабатты үй мәселесінің тіні тарқағанын да сүйіншіледі. Тәуелсіздік жылдары құрылысы аяқсыз қалған нысан жаңғыртылып, биыл мұқтаж жандарға табысталады.
Кездесуде облыс әкімі туризм жайын да сөз етті. Саладағы кемшін жайттарды да пысықтап, құзырлы құрылымдардың қарекет етуі үшін нақты тапсырмаларды жүктеді. Айтуынша, Ескелді ауданында өңірдің бірегей табиғи нысандарының бірі – «Бұрқанбұлақ» сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы жалғасып жатыр. Алайда Бейбіт Исабаев ауданның туристік әлеуеті әлі де жеткілікті деңгейде пайдаланылмай отырғанын тілге тиек етті. Мұнда туризм бөлімі құрылған соң, енді нақты істерге – қонақүйлер мен демалыс аймақтарын салуға, жолдарды жөндеуге, сервис пен туристік инфрақұрылымды дамытуға көшу қажет. Дербес туризмді дамыту күн тәртібінен түспеуі керек. Мәселен, Ескелді ауданынан шыққан тұлғаларды, кәсіпкерлерді туризмді дамытуға, туған өлкені гүлдендіруге бағыттау керегін де нығырлай тапсырды.
Жиында өңірдегі абаттандыру және экология мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді көгалдандыру, саябақтарды жаңарту және жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Қарабұлақтағы «Жеңіс» саябағы мәселесі де көтерілді.
Бұл нысан ұзақ уақыт бойы тұрғындар үшін өзекті мәселе болып келген. Өңір басшылығының қолдауымен саябақ құрылысы аяқталды. Ендігі міндет – аумақты күтіп ұстау, қосымша ағаш отырғызу, тазалық пен тәртіпті сақтау және жасыл желектерді қорғау.
– Саябақтың қазіргі жағдайы көңілге толмайды. Әсіресе көк шөпті егу, күтіп ұстау жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Саябақ – аудан халқының демалатын орны. Сол себепті саябақтың тазалығы, күтіп-ұстау, суғару сияқты жұмыстары әрдайым бақылауда болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Сыннан қорытынды, тапсырмадан нәтиже қажет
Келелі жиында аудан әкімі Елдос Ахметов ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Өткен жылғы облыс әкімінің халықпен кездесуінде көтерілген сын-ескертпелер бойынша жұмыстар жүргізілгенін, қазірдің өзінде кемшіліктерді қалпына келтіру қарекеті барын баяндады. Бейбіт Исабаев атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан әкіміне бірнеше нақты тапсырма берді.
– Ауданда қоғамдық ахуал тұрақты, аудан экономикасы өсуде. Бұл тұрғындардың бірлесіп істеген еңбегінің нәтижесі. Біздің міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру, ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Дегенмен, ауданда қолға алатын бірнеше өзекті мәселе бар. Ауданды әлеуметтік-экономикалық жағынан ары қарай дамыту үшін барлық мүмкіншілік қарастырылған. Ол үшін жұмысты жүйелі жоспарлап, жоспарлардың жүзеге асырылуын қатаң бақылау қажет, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.
Ауданда атқарылуы тиіс жұмыстарды тізбектеген аймақ басшысы әуелі табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесін таразылады. Аймақ басшысының айтуынша, ауданда жұмыс істеп тұрған карьерлер негізінен шикізат өндірумен ғана айналысып, аумаққа жеткілікті экономикалық тиімділік бермей отыр. Сондықтан құрылыс материалдарын сол жерде өндіретін кәсіпорындар ашу қажет. Бұл өнеркәсіпті дамытуға, өнімнің қосылған құнын арттыруға және ауданға көбірек пайда қалдыруға мүмкіндік береді.
Жайылым мәселесі де ауданда күн тәртібінен түспегендей. Бейбіт Исабаев Шымыр, М. Байысов және Ешкіөлмес ауылдарындағы жер тапшылығы туралы шағым көп түсетінін жеткізді. Сол үшін аудан әкімдігі пайдаланылмай жатқан жерлерді, соның ішінде жайылымдық алқаптарды мемлекетке қайтару жұмыстарын күшейтуі қажет.
Ауданға қажетті басым бағыттардың қатарында ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру және жай шикізат өндіруден терең өңдеуге көшу, су үнемдеу технологияларын енгізу міндеттері тұр. Облыс әкімі Елдос Тұрсынбайұлына «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша тұрғындарға ауылдық кооперативтер құруға, шағын өңдеу кәсіпорындары мен дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын цех ашуға жағдай жасауды жүктеді. Аудан әкіміне жүктелген келесі міндеттің бірі – Көксу және Қаратал өзендерінің жоғары гидроэнергетикалық әлеуеті мен табиғи су ағыны мүмкіндігін ескере отырып, бөгетті су электр стансыларын салу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және салық базасын ұлғайту.
Жиын соңында Бейбіт Исабаев барлық тапсырма сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, билік пен халық арасындағы тұрақты ашық диалог, өзара түсіністік, жанашырлық пен адал еңбек ауданның әрі қарай дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатының негізі болып қала береді. Бастысы, халыққа қызмет ету міндетін мойнына алған атқамінерлер жауапкершілік пен уәдеде тұру қасиеттерін жанына серік етуі тиіс.
Дастанбек САДЫҚ
Ескелді ауданы





