Жетісудың жас өнертапқыштары республикалық «El Umiti Premiasy» жобасының лауреаттары атанып, өз стартаптарын дамытуға арналған 1 миллион теңгелік грантқа ие болды.
«El Umiti Premiasy» – еліміздің дарынды оқушыларына арналған жеке тұлғалық даму жобасы. Биыл бағдарламаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 700-ге жуық оқушы өтінім бергенімен олардың тек 200-і іріктеуден өтті. Қатысушылар бір жыл бойы түрлі бағыт бойынша дамып, кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, өз стартаптарын әзірледі. Финалға технология, білім беру және әлеуметтік инновациялар саласындағы ең үздік 15 жоба жолдама алды. Соның бірі – облысымыздың мақтанышы Нұрасыл Шәріпов негізін қалаған «QLab Studio» жобасы. Стартап 3D сканерлеу, модельдеу және жедел өндіріс технологиялары арқылы түрлі бөлшектер мен өнімдерді қысқа мерзімде жасап шығарады. Жоба импортқа тәуелділікті азайтып, кәсіпкерлер мен өндіріс орындарына қажетті бөлшектерді бірнеше апта күтпей, небәрі 24 сағат ішінде дайындауды ұсынады.
Бүгінде QLab Studio нақты клиенттермен жұмыс істеп, ондаған тапсырыс орындаған. Жоба аясында инженерлік бөлшектерден бастап ұлттық нақыштағы сувенирлер мен жеке тапсырыстарға дейін өндіріледі.
Лауреат атанған тағы бір жоба – Аяулым Нұртай мен Назым Шайзат әзірлеген «JetiErtegi» платформасы. Бұл жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін қазақ тіліндегі ертегілер сервисі. Платформа әр баланың қызығушылығына бейімделген жеке ертегілер құрастырып, ұлттық құндылықтар мен тәрбиелік мазмұнды заманауи технологиялармен ұштастырады.
Жоба әсіресе қазақ тілді балаларға, ата-аналарға және шетелдегі қазақ диаспорасына арналған. Ерекшелігі – бала өз ертегісінің басты кейіпкеріне айналып, мазмұн оның қызығушылықтарына қарай автоматты түрде бейімделеді. Қазіргі таңда платформаның MVP-нұсқасы дайын және алғашқы пайдаланушыларын жинауда.
Ақмола облысындағы «El Umiti Camp» жазғы білім беру лагерінде өткен шарада екі жоба да үздіктер қатарынан көрініп, авторлары 1 миллион теңгеден грант жеңіп алды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ





