Сарқан қаласында тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Қазіргі таңда мұнда 60 пәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Ел игілігіне бағытталған бұл бастаманы осы өңірдің тумасы, жеке инвестор Оразғали Садуақасов қолға алған. Аталған жобаны жүзеге асыруды оның ұлы Арнұр Оразғалиұлы жетекшілік ететін «Сангаз» ЖШС белсенді атқаруда. Әке мен баланың бірлескен еңбегінің нәтижесінде құрылыс жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, белгіленген мерзімде аяқталады деп жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, барлық нысан заман талабына сай салынып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдай қарастырылған. Құрылыс жұмыстарына 30-дан аса адам алынған.
– Үй салынып жатқан жерді сатып алдық. Құрылысқа пайдаланылған заттың бәрі отандық өндіріс. Жаңа баспана қатты отынмен жылытылатын болады. Өйткені, бұл жерде әзірге газ жоқ. Ал су, жарық, кәріз жүйелерінің бәрін өзіміз жасаймыз. Газоблоктан тұрғызылған үйдің сыртын қаптап, есік-терезесін салып, еденін ламинаттап, кафелін жапсырып, бәрін дайын күйде өткіземіз, – дейді Оразғали Тоқтарұлы
Жаңа баспаналар елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, жергілікті халықтың тұрғын үйге деген сұранысын азайтуға мүмкіндік береді. Жұртшылық туған жердің азаматы қолға алған игілікті іске ризашылық білдіруде. Өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген инвестордың бұл бастамасы көпке үлгі боларлық іс екені анық. Құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң, жаңа тұрғын үйлер халық игілігіне беріліп, 60 отбасы қоныс тойын тойламақ.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Сарқан қаласы





