Қазақстанда баспана мәселесі жастар үшін ең өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Әсіресе жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттер үшін жеке тұрғын үйге қол жеткізу көп жағдайда қолжетпес арман сияқты көрінеді. Өйткені ипотека рәсімдеу үшін тұрақты табыс, ресми жұмыс орны және жеткілікті бастапқы жарна қажет. Дегенмен соңғы жылдары жастарға арналған тұрғын үй бағдарламаларының кеңеюі студенттердің де ипотека алу мүмкіндігін қарастыруға жол ашты.
Сарапшылардың айтуынша, егер студент тек шәкіртақы алып, ресми түрде жұмыс істемесе, екінші деңгейлі банктер ұсынатын стандартты ипотекалық бағдарламаларға қатысуы қиын. Себебі банк қарыз алушының төлем қабілетін бағалау кезінде соңғы бірнеше айдағы тұрақты табысын, еңбек өтілін және зейнетақы жарналарының аударылуын назарға алады. Ал шәкіртақы көп жағдайда тұрақты еңбек табысы ретінде қарастырылмайды.
Алайда тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жұмыс істейтін «Отбасы банкінің» кейбір бағдарламалары жастар үшін қосымша мүмкіндік ұсынады. Соның бірі – «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы. Бағдарлама талаптарына сәйкес, өтініш беруші 18 жасқа толған Қазақстан азаматы немесе қандас мәртебесіне ие болуы керек. Ең маңызды ерекшелігі – төлем қабілеттілігін бағалау барысында шәкіртақы ресми табыс көзі ретінде есепке алынады.
Бағдарлама шарттарына сәйкес ресми табыс құрамына жалақы, кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс, қызмет көрсету шарттары бойынша төлемдер, тұрғын үй төлемдері, әлеуметтік жеңілдіктер және шәкіртақы енгізілген. Бұл мемлекеттік грант негізінде оқитын студенттердің де бағдарламаға қатысуына мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, студенттің ипотека алу мүмкіндігі оның қосымша табыс көзі болған жағдайда айтарлықтай артады. Егер шәкіртақыдан бөлек ресми жұмысы болса, банк өтініш берушінің жалақысы мен шәкіртақысын бірге есептеп, төлем қабілетін жоғары бағалай алады.
«Наурыз» бағдарламасы бойынша әлеуметтік осал топтарға несие жылдық 7 пайызбен, ал қалған санаттарға 9 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бастапқы жарна мөлшері дайын тұрғын үй үшін 10 пайыздан басталады. Ал қайталама тұрғын үй нарығынан баспана сатып алу кезінде кемінде 20 пайыз алғашқы жарна қажет.
Несие сомасы өңірлерге қарай белгіленген. Астана мен Алматы қалаларында 36 миллион теңгеге дейін, ал өзге өңірлерде 30 миллион теңгеге дейін ипотекалық несие рәсімдеуге мүмкіндік бар. Несие мерзімі 19 жылға дейін созылады.
Бағдарламаға қатысушылар үшін тағы бір маңызды талап – соңғы бес жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үйдің болмауы. Сонымен қатар үміткер «Отбасы банкінен» депозит ашып, кемінде 2 миллион теңге көлемінде қаражат жинауы тиіс.
Тұрғын үй саласының сарапшылары жастарға ипотекаға ертерек дайындалуға кеңес береді. Егер бастапқы жарнаны жинау қиын болса, ата-аналардың немесе жақын туыстардың көмегіне жүгінуге болады. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында екі адамға дейін бірлескен қарыз алушы тартуға рұқсат етіледі. Олар міндетті түрде туыс болмауы да мүмкін. Бұл тәсіл студенттің төлем қабілетін арттырып, ипотека алу ықтималдығын көбейтеді.
Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын жақын туыстар арасында пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Бұл да бастапқы жарнаны жинақтауға көмектесетін құралдардың бірі саналады.
Қорыта айтқанда, шәкіртақымен ғана стандартты ипотека алу оңай емес. Дегенмен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары жастарға қосымша мүмкіндік ұсынып отыр. Әсіресе «Отбасы банкінің» «Наурыз» бағдарламасы шәкіртақыны ресми табыс ретінде қарастырып, студенттердің баспаналы болуына жол ашуда. Сондықтан үй алуды мақсат еткен жастар үшін бүгіннен бастап депозит жинап, қаржылық тәртіп қалыптастыру – ертеңгі баспананың берік іргетасы болмақ.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





