Талдықорғанда шетелде еңбек етуді жоспарлаған азаматтарға бағыт-бағдар беретін көші-қон алдындағы дайындық орталығы ашылды. Халықаралық серіктестік аясында жүзеге асқан бұл бастама азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, қауіпсіз әрі заңды еңбек көші-қонын қалыптастыруға бағытталған.
Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев арнайы келген мәртебелі қонақтарды қабылдады. Салтанатты жиынға Қазақстандағы БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Сарангоо Раднаарагчаа, Қазақстандағы Швейцария Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Помпилио Джорджио, Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымы миссиясының басшысы Серхан Актопрак, сондай-ақ, Халық- аралық көші-қон ұйымының өкілдері Дилбар Қадырқұл мен Әлия Қожахметова қатысты.
Кездесуде қатысушылар еңбек көші-қонын реттеудің өзекті мәселелерін, халықтың шетелде қауіпсіз жұмысқа орналасу арналары туралы ақпараттану деңгейін арттыру жолдарын, сондай-ақ, көші-қон саласындағы ведомствоаралық және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесін талқылады.
Кездесу барысында Марлен Қапашұлы облысқа арнайы келіп, тұрғындар үшін маңызды әрі қажетті жұмыстың басталуына қолдау білдірген халықаралық ұйым өкілдеріне алғыс айтты. Ол орталықтың ашылуы шетелде еңбек етуді көздеген азаматтар үшін нақты көмек алаңы болатынын атап өтті. Сонымен қатар облыс құрылған төрт жыл ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында бірқатар оң өзгеріс болғанын жеткізді.
Орталық Халықаралық көші-қон ұйымының және Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігінің қолдауымен ашылды. Ол Талдықорған қаласы, Қабылиса Жырау көшесі, 119 мекенжайындағы Талдықорған қаласы мансап орталығының ғимаратында орналасқан.
Жаңа орталық облыстың Еңбек мобильділігі орталығының базасында құрылып, әлеуетті еңбек мигранттарына кешенді ақпараттық-консультациялық қолдау көрсететін алаңға айналмақ. Мұнда азаматтарға шетелде жұмысқа орналасу тәртібі, еңбек шарты, құқықтары мен міндеттері, қаржылық және құқықтық сауаттылық, жаңа ортаға бейімделу, сондай-ақ, заңсыз көші-қонмен байланысты тәуекелдер туралы кеңес беріледі.
Ашылу рәсімі барысында халықаралық ұйым өкілдері де орталықтың маңызына тоқталды. Сарангоо Раднаарагчаа қауіпсіз еңбек көші-қоны адам құқықтарын қорғаумен тығыз байланысты екенін атап өтіп, азаматтарға алдын ала дұрыс ақпарат берудің маңызын жеткізді. Помпилио Джорджио мұндай орталықтар еңбек мигранттарының өз құқығын білуіне, қаржылық және құқықтық тұрғыдан сауатты шешім қабылдауына ықпал ететінін айтты. Ал Серхан Актопрак орталықтың заңсыз көші-қонның, жалған жұмыс ұсыныстарының және еңбек құқықтарының бұзылу қаупінің алдын алуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Мамандардың айтуынша, мұндай орталықтардың жұмысы шетелге еңбек етуге ниетті азаматтар үшін аса маңызды. Өйткені шекара асып жұмыс істеуге ниеттенген әрбір адам өз құқығын, міндетін, еңбек шартының талаптарын, барған елдегі заңнамалық ерекшеліктерді және заңсыз көші-қонның салдарын алдын ала білуі тиіс.
Аталған орталықтың құрылуы мемлекеттік көші-қон саясатын іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастама Қазақстан азаматтарының шетелдегі құқықтары мен мүдделерін қорғау, адами капиталды дамыту және қауіпсіз еңбек көші-қонын қамтамасыз ету жөніндегі басымдықтармен үндеседі.
Қажет АНДАС





