Текелі қаласының «Жанұя» отбасын қолдау орталығында Балаларды қорғау күніне орай «Ара мен – бақытты балалар әлемі» атты мерекелік іс шара өтті. Салтанатты шараға орталықтың қызмет алушылары мен олардың балалары қатысып, 30-ға жуық бүлдіршінге тәтті сыйлықтар мен көтеріңкі көңіл күй сыйланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мерекелік кеш барысында балалар өздеріне арнайы дайындалған түрлі қызықты интерактивті ойындарға белсенді қатысып, мың бұрала би билеп, тақпақтар мен әсем өлеңдер айтып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мерекелік бағдарлама аясында «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Зоя Шаяхметова балаларды айтулы мерекемен құттықтап, өзінің ізгі ақ тілегін білдірді. Сонымен қатар «Текелі қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ақтолқын Ысқақова сөз алып, бүлдіршіндерге жарқын болашақ, зор денсаулық және уайымсыз бақытты балалық шақ тіледі.
Сондай ақ салтанатты жиында Текелі қалалық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция капитаны Әлішер Талғатұлы маңызды сөз сөйлеп, балаларды халықаралық мерекелерімен құттықтады. Іс шара аясында барлық қатысушы балаларға тәтті кәмпиттер мен балмұздақтар тегін таратылып, олардың мерекелік қуанышы еселене түсті. Тәртіп сақшылары мен әлеуметтік сала мамандары мұндай игі іс шаралардың балаларға ерекше қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың қоғамдағы маңыздылығын арттыруға және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан шынайы қамқорлық пен мейірімділікті терең сезінулеріне үлкен ықпал ететінін жеткізді.





