Қазақстанның тұрғын үй нарығында баға динамикасы әртүрлі бағытта өзгеріп жатыр. Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы мамыр айына арналған деректеріне сәйкес, жаңа салынған тұрғын үйлердің құны өсуін жалғастырса, қайталама нарықтағы пәтерлер бағасы біршама төмендеген. Сарапшылар мұны құрылыс материалдарының қымбаттауымен, инфляциялық қысыммен және нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арақатынасымен байланыстырады.
Еліміз бойынша бастапқы нарықтағы тұрғын үйдің орташа бағасы бір ай ішінде 0,2 пайызға өсіп, бір шаршы метрі 614 019 теңгеге жетті. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 15,9 пайызды құрады.
Елорда мен мегаполистерде бағаның өсу қарқыны жоғары деңгейде сақталуда. Мәселен, Астанада жаңа пәтердің бір шаршы метрі 734 534 теңгеге жетіп, жылдық өсім 18,5 пайызды көрсетті. Алматыда бұл көрсеткіш 718 362 теңгені құрап, бір жылда 19,8 пайызға артқан. Шымкентте шаршы метр құны 535 036 теңгеге жетіп, жылдық өсім 11,8 пайыз болды.
Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда да баспана бағасының өсу үрдісі байқалады. Статистикаға сүйенсек, жаңа тұрғын үйлердің бір шаршы метрі 484 558 теңгені құраған. Бұл өткен жылдың қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда 5,6 пайызға жоғары.
Талдықорғандағы көрсеткіш кейбір өңірлерден жоғары болғанымен, Астана, Алматы және Шымкент секілді ірі қалалардан төмен деңгейде қалып отыр. Мысалы, жаңа пәтер бағасы Таразда – 410 275 теңге, Қызылордада – 392 323 теңге, Түркістанда – 387 697 теңге болса, Талдықорғандағы құн бұдан едәуір жоғары. Ал Өскеменде шаршы метр бағасы 530 773 теңге, Атырауда 537 969 теңге болып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, Жетісу өңірінде тұрғын үйге деген сұраныстың сақталуы және құрылыс шығындарының артуы бағаның өсуіне ықпал етуде.
Қазақстан бойынша екінші нарықтағы пәтерлердің орташа бағасы мамыр айында 0,6 пайызға төмендеп, бір шаршы метрі 626 203 теңгені құрады. Дегенмен жылдық өсім әлі де жоғары – 12,1 пайыз.
Талдықорғанда қайталама тұрғын үй нарығында керісінше өсім тіркелді. Мамыр айында пәтер құны 2 пайызға көтеріліп, бір шаршы метрдің бағасы 425 371 теңгеге жеткен. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 12,7 пайызды құрады.
Бұл көрсеткіш Талдықорғанның қайталама нарықтағы белсенді қалалардың бірі екенін аңғартады. Мәселен, дәл осы кезеңде Астанада баға 0,4 пайызға, Алматыда 0,6 пайызға, Шымкентте 0,7 пайызға төмендеген.
Салыстырмалы түрде қарағанда, Талдықорғандағы екінші нарықтағы тұрғын үй құны Алматыдағы 742 242 теңгелік және Астанадағы 725 713 теңгелік көрсеткіштен әлдеқайда төмен болғанымен, Қызылордадағы 342 612 теңге немесе Тараздағы 352 320 теңге деңгейінен жоғары.
Тек сатып алу нарығынан бөлек, жалдамалы тұрғын үй сегментінде де баға жоғарылауда. Республика бойынша пәтер жалдау ақысы бір айда орта есеппен 0,8 пайызға өскен. Ең жоғары өсім Қызылорда, Көкшетау, Қонаев, Қостанай, Атырау және Қарағанды қалаларында тіркелген.
Мамандардың айтуынша, тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруіне құрылыс материалдарының құны, ипотекалық бағдарламалар, халықтың сатып алу қабілеті және урбанизация үдерісі әсер етеді. Сондықтан алдағы айларда да жаңа тұрғын үйлер бағасының өсуі жалғасуы ықтимал.
Жалпы алғанда, Талдықорғандағы тұрғын үй нарығы тұрақты даму кезеңінде тұр. Жаңа баспаналардың да, қайталама нарықтағы пәтерлердің де құны өсіп келеді. Бұл өңірдегі тұрғын үйге деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді. Ал сатып алушылар үшін баспана таңдауда баға мен сапа арасындағы тепе-теңдікті сақтау бұрынғыдан да маңызды болмақ.





