Қазан айы ұстаздар қауымы мен кәсіподақ мүшелері үшін мерекеге толы кезең. Қазанның оны Қазақстан кәсіподақтары күні ретінде аталып өтеді. Осы айтулы даталарға орай «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі «Ұстазға тағзым – еңбекке құрмет» атты салтанатты қабылдау өткізді.
Оқушылар сарайының мәжіліс залында өткен шараның негізгі мақсаты – ұстаздар мен кәсіподақ мүшелерінің еңбегін дәріптеу, сала мамандарына қолдау көрсету, әлеуметтік әріптестік пен өзара ынтымақтастықты нығайту болды.
Салтанатты жиынға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасарлары, облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшылығы, ардагер ұстаздар, аудандық және қалалық филиалдардың төрағалары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенді кәсіподақ мүшелері қатысты.
Мерекелік қабылдау барысында ұстаздар мен кәсіподақ қызметкерлеріне жылы лебіздер айтылып, олардың елдің білім беру жүйесіне қосқан үлесі сараланды. Еңбегімен ерекшеленген сала мамандарына «Кәсіподақ ардагері», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін», «Еңбек адамы», «Құрметті ардагер», «Үздік маман» төсбелгілері табысталып, Құрмет грамоталары берілді.
Жиынның соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. К. Байсейітова атындағы саз колледжінің өнерпаздары мен Оқушылар сарайының шығармашыл тәрбиеленушілері ән айтып, би билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Ұстазға тағзым – еңбекке құрмет» атты мерекелік қабылдау білім саласы қызметкерлерінің кәсіби еңбегін бағалап қана қоймай, кәсіподақ ұйымдарының бірлігі мен әлеуметтік әріптестігін нығайта түскен тағылымды шара болды. Ұстаз еңбегіне көрсетілген құрмет – ел болашағына қызмет ететін мамандықтың мәртебесін айқындайтын маңызды құндылық.
Медет ЖҰМАБАЙ





