Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мәліметінше, қазақстандықтар 63 жасқа дейін кемінде 50 миллион теңге зейнетақы жинағын жинауы керек. Бұл соманың иегері болашақта ай сайын шамамен 350 мың теңге зейнетақы алады деп болжануда.
Алайда, қазіргі валюта бағамы бойынша бұл небары 660 доллар, ал болашақта ол 100 доллардан төмендеуі де мүмкін. Оның үстіне, елімізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге ғана, ал орташа жалақы алатын азаматтардың өзіне бұл соманы жинау оңай емес: олар барлық табысын тек БЖЗҚ-ға аударса, 50 миллион жинауға ондаған жыл керек болады.
Статистикаға сүйенсек, жұмыс істейтіндердің басым бөлігі — 71,1%-ы орташа жалақыдан төмен табыс табады. Бұл дегеніміз, 3,4 миллион еңбеккердің 2,4 миллионы 403 мың теңгеден аз алады. Ал 1,5 миллион адамның табысы 250 мың теңгеге де жетпейді. Осыны ескерсек, 50 миллион теңге жинау миллиондаған адам үшін қиял секілді.
БЖЗҚ директоры Мұрат Шәріповтың айтуынша, қорда небары 5 миллион теңге болса, зейнетақы 32 мың теңге шамасында ғана болады. Ал 50 миллион жинаған адам 350 мың теңге алуы мүмкін. Бұл сомалар жылына 6,5% өсіммен және 5% инфляция индексациясымен есептеледі. Дегенмен, экономистердің пікірінше, БЖЗҚ салымдарды инфляциядан қорғай алмай отыр. Соңғы 10 жылда активтердің орташа табыстылығы бар болғаны 1,16% құраған. Осы аралықта жинақталған инфляция 837,99%-ға жеткен.
Ұлттық банк бұл мәселені шешу үшін БЖЗҚ активтерін тәуекелді құралдарға инвестициялауды көздеп отыр. Алайда мұндай шешім инвестициялық шығындарға да соқтыруы мүмкін. Мысалы, АҚШ-та акция нарығының құлдырауы салдарынан триллиондаған доллар жоғалған жағдайлар болған.
Қазіргі кезде орташа зейнетақы — 143 622 теңге. Оның 95 963 теңгесі ынтымақты, ал 47 659 теңгесі базалық зейнетақы. БЖЗҚ-дан төленетін орташа сома 35 523 теңгені ғана құрайды.
2040 жылдан бастап ынтымақты зейнетақы жойылып, тек базалық және жинақтаушы компоненттер қалады. Сондықтан мамандар қазақстандықтарға өз бетімен жинақ жинауға кеңес береді.
Экономист Катерина Борнукованың айтуынша, ең дұрысы — табыстың үштен бірін жинап отыру. Тіпті 30 мың теңгеден ай сайын жинап отырсаңыз, 25 жылда 9 миллион теңге жиналады. Бұл ресми зейнетақыға жақсы қосымша болмақ.
АҚШ тәжірибесіне қарасақ, азаматтар қарттықта 1–2 миллион доллар жинауға тырысады. Мұндай жинақтар бағалы қағаздарға инвестицияланады, бірақ олардың да тәуекелі бар.
Сондықтан болашақ зейнетақыңызды тек БЖЗҚ-ға сеніп қоймай, қаржылық сауаттылықты арттырып, жинақты әртараптандыру керек.
«Жетісу-Ақапарт»
Фото: gov.kz





