21 сәуірден бастап Қазақстанда фильмдерді прокатқа дейін сараптаудың жаңа ережелері күшіне енеді. Тиісті бұйрыққа Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қол қойған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаңа талапқа сәйкес, фильмдер прокатқа шығар алдында арнайы сараптамалық комиссияның тексеруінен өтеді. Комиссия құрамына мемлекеттік орган өкілдерімен қатар заңгерлер, психологтар және кино саласының сарапшылары кіреді.
Сарапшылар фильм мазмұнында тыйым салынған контенттің бар-жоғын анықтайды. Атап айтқанда, зорлық-зомбылықты насихаттау, араздықты қоздыру, мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін немесе заңнамаға қайшы келетін өзге де материалдар тексеріледі. Сонымен қатар комиссия фильмдердің жас санатын белгілейді.
Құжатқа сәйкес, комиссия фильмнің көркемдік деңгейін, эстетикалық құндылығын, коммерциялық табыстылығын немесе саяси-идеологиялық ұстанымдарын бағаламайды.
Сараптама қорытындысы бойынша фильмге қатысты толық есеп дайындалады. Онда туындының атауы, өндірілген елі, құқық иесі туралы мәлімет, қысқаша сипаттама, сараптама нәтижелері, жас санаты және комиссияның ұсынымдары көрсетіледі.
Сондай-ақ комиссия мүшелері фильм мазмұнын жария етпеуге және ресми шешім шыққанға дейін сараптама нәтижелерін таратпауға міндетті. Құжатта мүдделер қақтығысы болған жағдайда сарапшылардың қарауға қатысуына тыйым салынатыны да нақты көрсетілген.





