Талдықорғандағы үстел теннисі орталығында мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған «Government chess cup 2026» атты шахмат турнирінің облыстық іріктеу кезеңі өтті. Зердеге салмақ салып, сабырға жүгінетін спорт түрінен өткен додаға өңірдің әр қиырынан келген 12 команда, 48 мемлекеттік қызметші қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Қобылан Манап, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жетісу облыстық филиалының директоры Жайық Тазабекұлы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғазиз Аманжолұлы, облыстық шахмат федерациясының атқарушы директоры Ермек Сүйеніш қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шахмат тақтасы – 64 шаршы алаңнан тұратын шағын бір әлем. Алайда сол кеңістікте жасалған әр жүрістің ар жағында есеп, байлам, пайым, сабыр жатыр. Мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысында да асығыс шешімнен гөрі жеті рет өлшеп, бір рет кескенді қажет ететін сәт аз емес. Осы тұрғыдан алғанда, шахмат тақтасы қызметтік машықты шыңдайтын өзінше бір мектеп іспетті.
Облыстық іріктеу жарысына мемлекеттік қазынашылық департаментінің Жетісу облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің, облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің, аудан әкімдіктері аппараттарының және өзге де мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.
– Шахмат ойынын мемлекеттік қызметшілер арасында кеңінен насихаттауды мақсат етіп отырмыз. Облыс көлемінде кіл мықтыны анықтап, үздіктерді іріктеп, республикалық додада Жетісудың намысын қорғайтын жеңімпазды анықтауымыз қажет. Республикалық жарыс қазан айының орта шенінде Астана қаласында өтеді деп жоспарланған. Облыстық кезеңнің жеңімпазы сол бәсекеде аймақ намысын қорғайды, – дейді Қобылан Тоқбергенұлы.
Шахматта қарсыластың жүрісін алдын ала аңдау, әрбір тастың мүмкіндігін дұрыс пайдалану, қорғаныстан шабуылға дер кезінде көшу маңызды. Бір қарағанда тақта үстіндегі тартыс көрінгенімен оның ішінде нағыз тайталас бар. Мұнда күштен гөрі ақыл, шапшаңдықтан гөрі зерде сыналады.
– Бүгінде өтіп жатқан турнирде кімнің жеңіске жететінінен гөрі ойдың ұтқырлығы, сабырдың салмағы, қызметкерлердің бір-біріне деген сыйластығы бәсекеге түседі. Өмірде қандай шешім қабылдасақ, шахматта да дәл сондай байлам жасаймыз. Сондықтан бұл ойын мемлекеттік қызметшілерге аса қажет, – дейді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жетісу облыстық филиалының директоры Жайық Тазабекұлы.
Шахматқа бала күнінен ден қойғандардың бірі – Панфилов аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Зухра Байділдаева биыл Мемлекеттік қызметшілер күніне орай өткен облыстық шахмат жарысында топ жарды.
– Шахматты бала кезімнен ойнап келемін. Бұл қызығушылығымды әкем оятты. Мемлекеттік қызметте жүргеніме 20 жылдан асты. Жыл сайын өтетін спартакиадалардан да қалыс қалған емеспін. Шахмат адамды сабырға, алғырлыққа, алдын ала болжап әрекет етуге үйретеді, – дейді Зухра Байділдаева.
Ал облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің атынан сынға түскен Нұрбек Дүйсенбеков шахматтың адам зердесін ұштайтын қасиетіне тоқталды.
– Шахмат – ақыл-ой өрісін кеңейтетін үстел спорты. Оны тек жарыс кезінде ғана ойнамай, күнделікті дағдыға айналдырған жөн. Әрбір партия адамды есепке, байыпқа, қарсы жүрісті болжауға машықтандырады. Мұның қызметте де пайдасы мол, – дейді ол.
Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жүлдегерлер анықталып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар, кубоктар мен медальдар табысталды. Жалпы командалық ойында жүлделі III орынды Қаратал ауданы әкімдігі иеленсе, II орынды ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Жетісу облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жеңіп алды. Жарыс жеңімпазы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Жетісу облыстық Қазынашылық департаменті атанды. Зерде сайысында топ жарған үздіктер енді республикалық додада Жетісу облысының намысын қорғайды.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





