Айдынды Алакөлдің айналасы астаң-кестеңі шығып жатпаса да алабажақ. Көлге демалуға келгендердің көңілі көтеріңкі болғанымен көкейлеріне түйе жүрген мәселесі көп. Тағатыңызды қашырмаңыз, мұның бәрін мақаламызда айтатын боламыз.
Ақшиге келген қонақтардың мақтайтыны – бірінші көлдің суы, екінші жағалауда бәліші, картобы мен балығын сатып жүрген қарапайым саудагерлер. Көлді мақтайтыны айтпаса да түсінікті. Ал саудагерлерді неге мақтайды дейтін шығарсыздар. Оның да өз себебі бар. Тараздық Ақтөре Тынышбек ойын былай жеткізді:
– Алакөлге жылына бір келіп кетеміз, несі өзгерді деген оймен. Бұл жердегі мейрамханалардағы баға сұмдық енді. Шөл қысқандықтан 1 литр суды 1 200 теңгеге сатып алуға тура келіп жатыр. Сенбесеңіз көрсетейін, суреті де бар менде. Тамақтарын айтпай-ақ қояйын. Демалатын орындардың иелеріне емес, көл жағалап саудасын жасап жүрген балалар мен қыз-келіншектерге рахмет айтқым келеді. Тағамдарының бағасы көңілге қонымды. Ыңғайыңа қарап кейде заттарының бағасын түсіріп те береді. Оларды мақтап өтуім артық болмас, – деді ол.
Демалушылар «бағаға бақылау қоймаса басқасы қайдан оңсын?» деп шамданады. Жергілікті билік ең бірінші осыған назар аударғаны жөн деп есептейді. Сонымен қатар Алакөлдің жағасында байланыс та нашар. Ұялы телефонын көкке көтеріп әбігерге түсіп жүрген жұртты көзіміз көрді. Қонақүй мен мейрамхана қызметкерлері көбіне сырттан келушілерге интернет желісіне қосылуға рұқсат ете бермейді. Әрине, олар оған құқылы ғой, дегенмен жаратылысынан адамға жаны ашып келе жатқан қазақ қайда?!
Түгелдей түбегейлі жаман деуден аулақпыз. Мұндағы қонақтар қонақ- үйлер мен түрлі жатын орындардың арзандығына риза. Қатты шығынға ұшыратпайтынын айтады.
Дегенмен, көл жағалауында шешімі табылу керек мәселе аз емес. Тынығуға келген бірнеше адаммен сұхбаттастық. Айтқан ұсыныстары мен уәждеріне құлақ түрдік. Олар да айдаладағы түйткілді емес, көз алдарындағы көріністі әңгімелеп берді.
– Көлдің жағасындағы шатырларды, жатын тақтайшаларды, бәрін жалға береді. Осыны тегін қылып қойса болады ғой. Бір жерде 2 мың теңгеден, енді бір жерде 3 мың теңгеден деп тұр.Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Халық демалатын орындар ешкімнің жекеменшігіне айналмауы керек. Шетелден қаншама турист келіп жатыр, солар таңғалып кететін деңгейге жетуіміз үшін бұл жерді ретке келтіру маңызды, – дейді Астана қаласының тұрғыны Әсемгүл Саниязова.
Көлге тыным бермей зулайтын катер, моторлы қайық, гидроцикл сынды су көліктерінің кез келген жерге келіп тоқтай салатынына да халық наразы. Олардан бөлінген май мен жағармайдың иісі демалуға мұрша бермейтінін, көлдің бетін тамашалаудан қалатындарын айтады. Көріп тұрған соң рас-ау дедік. Жаңағы су көліктерінің осындай бейберекет жүрісінен кезінде адамдарды қағып кетіп жатқанын да еститінбіз. Олай болса жауаптылар бұған шара қолдануы керек. Арнайы қайық, катерлер тұратын орынды белгілегені дұрыс.
– Жағалауға қойылып жатқан тапшандардың алабажақтығы айналаның сәнін кетіріп тұр. Біркелкі емес, әртүрлі. Осының өзі адамдарды шаршатады. Үкіметтікі ме, кәсіпкерлердікі ме, білмеймін, ұсқынын кетірмей жасап қойса ғой. Мұны қадағалайтын жауапты мекеме бар шығар?! Солар жіті қадағалап тұруы керек, олай болмайды, – дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Гүлмира Жебегенқызы Алакөл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Шынар Шаяхметова туристер орналасатын Алакөл көлінің жағалауы 13 шақырым екенін, сол аймаққа 90 контейнер және 30 дана қоқыс жәшігі орнатылғанын айтады. Жағалаудағы қоқыс жұмыс күндері күніне екі рет, демалыс және мереке күндері күніне үш рет шығарылатынын алға тартады. Ал көпшіліктің ойы мүлде басқа.
– Байқасаңыздар, бұл жерде дәретхана өте аз. Адамдардың қысылғанда қайда барып жатқаны белгісіз. Қоқыс тастайтын жәшіктер жоқтың қасы десек болады. Жағалауға келген әрбір адамды тұрмыстық қатты қалдықтарды өздерімен бірге жинап жүрсе деген тілегіміз бар. Қазақ жеріне қазақтардың ғана жаны ашымаса басқалардың жүрек ауырта қоюы неғайбыл дүние. Сондықтан тазалық жағына келгенде рухани санамызбен қарауымыз керек, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Гүлден Ахметова.
Көтерілген мәселелер бойынша жауаптылардың да пікіріне құлақ астық. Жалтарып, жасырып отырған ештеңелері жоқ. Алабажақ тапшандардың жай-күйін алдағы уақытта ретке келтіру үшін шара қолданатындарын жеткізді. Айтылған ұсынысты оң қабылдады. Ал бейберекет ойқастаған гидроцикл мен катерлер жеке кәсіпкерлердікі болғандықтан әзірше ешқандай шектеу қоя алмайтынын айтып отыр. Десе де оларды болашақта арнайы орындардан ғана жүретіндей етіп жоспарлайтынын мәлімдеді. Дәретхана мен қоқыс тастайтын жәшіктерді көбейту жұмыстары қазірдің өзінде іске асырылып жатқанын атап өтті.
– Біз мейрамханалардағы бағаға бақылау жасай алмаймыз. Тек үкіметтің бекітіп берген әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрі бар, соған ғана бақылау жүргізе аламыз. Ал интернет мәселесіне келер болсақ, қазіргі таңда Алакөл ауданы, Ақши және Көктұма ауылдарында ТЕLЕ 2, АLТЕL және АCTIV, КСЕLL байланыс операторлары бар. Аталған операторлар 4G интернетімен қамтамасыз етілген. Болашақта 5G интернетін тарту жоспарда бар, – деді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Шынар Шаяхметова.
Айта кетейік, бүгінгі күні Алакөл көлінің аумағында туристік 302 нысан жұмыс істейді, оның ішіне 11 қонақ- үй, 2 сауықтыру лагері, 1 аң аулау және 288 база мен пансионат кіреді. Өткен жылы мұнда 2 млрд. 905,3 млн. теңгенің 15 инвестициялық жобасы пайдалануға беріліп, 83 жұмыс орны құрылған болатын. Сонымен қатар, демалушылардың саны осы уқытта 1 млн. 550 мыңға жетіп, 9 млрд. 300 млн. теңгенің қызметі көрсетілген еді. Биыл 1 млн. 600 мыңнан аса турист келеді деп күтілуде. Оларға 9 млрд. 989 млн. теңгенің қызметі көрсетілуі жоспарланған.
Туризм жалпы ұлттық өнімнің артуына, қоғамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, сауда байланысының белсендірілуіне үлкен ықпал етеді. Осы тұрғыда өңірдің өркендеуіне Алакөл көлінің тигізіп жатқан пайдасы орасан. Суы шипа, қадірі биік қасиетті мекеннің жарқырап абаттануы арда жұрттың қолында. Олай болса, қазақтың әрбір тау-қырат, өзен-көлін өзгенікі емес, өзіміздікі деп қараған азбал.
Медет ЖҰМАБАЙ