Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Кеген ауданында игілікті істер жүзеге асуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шырғанақ ауылындағы І. Жұмағұлов атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Оған бюджеттен 666 миллион теңге бөлінді. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша Жылысай ауылындағы М. Орманов, Жалаңаш ауылындағы С. Бейсенбетов, Құрметі ауылындағы А. Ниязбеков атындағы орта мектептер де күрделі жөндеуден өтті.
Заман талабына сай жасалған сәулетті, жылы да жарық білім ордалары оқушыларға, ұстаздар ұжымына үлкен қуаныш сыйлады. Жаңғырған мектептер қажетті құрал-жабдықтармен, жаңа парта, тақталармен толықтырылған. Жылысай ауылындағы 90 орынды балабақшаға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл бүлдіршіндер мен ата-аналар үшін үлкен игілік.
Өткен жылы балаларды мектепке тасымалдау үшін 4 шағын автобус сатып алынып, 32 мектеп кең жолақты интернет желісіне қосылған. Білім ордалары 582 жаңа типті компьютерлік құрылғылар топтамасымен қамтамасыз етіліп, 21 мектепке интернет жүйесіне қосылған интерактивті тақта орнатылды. Қашықтан оқытуға байланысты 92 миллион теңгеге 184 планшет, 121 компьютер, 455 ноутбук сатып алынып, мектептерге берілген. Қазіргі таңда 10 мектепте 1200 оқушы онлайн дәріс алуда.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы





