Жетісу облысында педагог мәртебесі және жас мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін арттыру және олардың кәсіби қарым-қатынас аясын кеңейту мақсатында дәстүрлі «Жас мамандар слеті» ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Талдықорған қаласындағы Құлжабай Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейінің базасында жалауын желбіретті.
Облыстық білім басқармасының «Әдістемелік орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен слетке аймақтағы барлық білім беру ұйымдарынан жиналған белсенді, ізденімпаз жас педагогтер қатысып, бақ сынады. Іс-шара аясында жас мамандардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін шыңдайтын бірнеше тартысты байқау өткізілді.
Қатысушылардың өнері мен білімін бағалау үшін арнайы қазылар алқасы құрылды. Олар үміткерлердің жауап беру жылдамдығын, актерлік шеберлігін, дикция тазалығын, идеяларының креативтілігі мен стратегиялық ойлау қабілеттерін ескере отырып, әділ бағаларын берді.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер жекелей номинациялар және жалпы командалық есеп бойынша марапатталды. Слет нәтижесінде 6 педагог І дәрежелі, 12 педагог ІІ дәрежелі және 18 педагог ІІІ дәрежелі дипломдарға ие болды.
Жекелей сындар бойынша І дәрежелі диплом иегерлері (Жеңімпаздар):
- «Угәгәй» ән байқауы: Құрал Мұхтар – Панфилов ауданы, Ә. Қастеев атындағы орта мектеп.
- Мәнерлеп өлең оқу және монолог байқауы: Әбілхайыр Өскен – Талдықорған қаласы, Е. Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектеп.
- Мобилография сайысы: Маржан Ахатаева – Алакөл ауданы, Мұхаметбай Мыңбайұлы атындағы орта мектеп.
- «Ми battle» интеллектуалды ойыны: Нұрсерік Қуанышбаев – Ескелді ауданы Шестаков атындағы орта мектебі.
- «Хобби-шоу» шығармашылық көрмесі: Шынар Қасымбек – Кербұлақ ауданы Күреңбел қазақ орта мектебі.
- Тимбилдинг (топтастыру ойындары): Мақсат Ерболсынұлы – Талдықорған қаласы №30 орта мектеп.
Командалық есеп бойынша үздік шыққан аймақтар:
Жас мамандардың көрсеткен жалпы нәтижелерін саралай келе, командалық есепте оқ бойы озық шыққан аудандар да анықталды:
- І дәрежелі дипломмен – Панфилов ауданының құрамасы;
- ІІ дәрежелі дипломмен – Алакөл ауданы мен Талдықорған қаласының командалары;
- ІІІ дәрежелі дипломмен – Ақсу, Кербұлақ және Сарқан аудандарының жас ұстаздары марапатталды.
Облыстық жас мамандар слеті өңірдегі жас ұстаздардың өзара тәжірибе алмасып, кәсіби тұрғыда шыңдалуына зор серпін берген айтулы шара болды.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





