Облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ «Ерлік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза АҚЖАРКЕНОВАНЫ 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Роза Хаджи-Ахметқызы облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі. Қызметтік жолын Қапал ауданының дезинфекция стансысында қызметкерден бастап, Қапал аудандық тұрмыстық комбинатында тоқымашы, «Қапал еңбеккері» аудандық газетінің штаттан тыс тілшісі болып жалғастырды. Талдықорған медицина училищесінің түлегі. Роза Хаджи-Ахметқызы 2005 жылдан 2007 жылға дейін «Бірлік» қоғамдық бірлестігіне жетекшілік етті. Сол жылы «Ерлік» ұйымының негізін қалап, Талдықорған қаласында «Инватакси» қызметін жолға қойды.
Роза Ақжаркенова осы жыл-дары қоғамдық бірлестіктің 23 әлеуметтік жобасын жүзеге асырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау мақсатында көптеген іс-шаралар атқарды. Ол көптеген шетелде болып, іс басқару бойынша тәжірибе жинақтады. Роза Ақжаркенованың ұйымдастыруымен Талдықорған медицина колледжінде зағип адамдарға арналған сылап-уқалау бөлімі ашылды. Осы еңбегінің барлығын ел-жұрты елеп, марапатқа ұсынды.
Роза Ақжаркенова «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20, 25 жылдығы» мерекелік медальдарын алған. Сондай-ақ, «Шапағат» медалінің иегері, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы. Бұл құттықтау алдыңғы марапаттаулардың жалғасы екені сөзсіз. Еліне әлі де берері көп мерейтой иесінің елжандылығы көпке үлгі.
Гүлжан ТҰРСЫН





