Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Жүрек жылуы» атты мерекелік іс-шара өтті. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған игі шараны «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды.
Шараның басты мақсаты – балаларға мейірім мен қамқорлық сыйлау, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, қоғамдық өмірге белсенді араласуына қолдау көрсету және әлеуметтік бейімделуіне ықпал ету болды. Ұйымдастырушылар әр баланың өзін қоғамның маңызды мүшесі ретінде сезінуіне ерекше назар аударды.
Мерекенің алғашқы минуттарынан-ақ балаларды ертегі кейіпкерлері мен аниматорлар қарсы алып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қонақтарға концерттік бағдарлама, қуыршақ театры, флешмоб, фотобудка, аквагрим және түрлі ойын алаңдары ұсынылды. Балалар байқауларға белсене қатысып, би билеп, естелік суретке түсіп, интерактивті бағдарламаларға ерекше қызығушылық танытты. Әсіресе концерттік бөлім көпшіліктің көңілінен шықты. Ән айтылып, би қойылымдары мен шығармашылық нөмірлер көрерменге жол тартты. Шуақты кеш балалар мен олардың ата-аналарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, барша қатысушыларды ортақ қуанышқа бөледі.
Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – сыйлықтар табыстау рәсімі болды. Әр балаға естелік тартулар ұсынылып, бұл күннің қуанышы еселене түсті. Ұйымдастырушылар мұндай шаралардың балалар бойындағы қабілеттерді ашып, қоғамның қолдауын сезінуіне зор ықпал ететінін атап өтті.
– Басты мақсатымыз – балаларға қуаныш сыйлап, олардың қоғам қамқорлығын сезінуіне мүмкіндік жасау. Әрбір бала өз қабілетін ашып, әсер алса дейміз. Осындай игі шаралар адамдарды жақындастырып, мейірімді арттырады, – деді «Қоғамдық келісім» КММ басшысының міндетін атқарушы Айдос Игенбай. «Жүрек жылуы» мерекесі жай ғана ойын-сауық бағдарламасы емес, балаларға қуаныш пен сенім сыйлаған тағылымды шара. Бұл күн ерекше қолдауды қажет ететін балаларға қамқорлық көрсету – қоғамның ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті.
– Біз балаларымыз Медина мен Әлисұлтан бірге осы мерекеге бірнеше жылдан бері қатысып келеміз. Бұл – біз үшін әрдайым ерекше әсер сыйлайтын қуанышты күн. Балаларға бағдарлама, сыйлықтар мен қамқорлық атмосферасы өте ұнайды. Осындай ізгі шара ұйымдастырып жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді қала тұрғыны Венера Сейдаметова.
Шара соңында балалардың шат күлкісі мен қуанышты жүздері мерекенің басты нәтижесіне айналды. «Жүрек жылуы» көптеген балаға жарқын естелік, көтеріңкі көңіл-күй және мейірімге толы әсер сыйлады.
Гүлжан ТҰРСЫН





