Жетісу жері ежелден егіншілік пен еңбекке арқа сүйеген аймақ. Бұл өлкенің құнарлы топырағы мен еңбекқор адамдары талай жылдардан бері ел ырысын еселеп келеді. Сол берекелі кәсіптің бірі – қант қызылшасын өсіру. Бір қарағанда қарапайым көрінетін тәтті түбірдің әр келісі маңдай термен, маусым бойғы тынымсыз еңбектің өтеуімен өлшенеді.
Ақсу ауданы – қант қызылшасын өсірудің қалыптасқан мектебі бар, диқаншылық дәстүрі үзілмеген өңірлердің бірі. Сондықтан қызылша өсіруші үшін табиғаттың әр құбылысын бақылау – қалыпты тіршілік.
Биыл аудан бойынша 82 шаруашылық 2600 гектар алқапқа қант қызылшасын септі. Барлығы жоғары сапалы тұқыммен толық қамтамасыз етіліп, тұқым себу науқаны белгіленген мерзімде аяқталды. Бірақ диқан еңбегі тұқымды жерге сіңірумен аяқталмайды. Нағыз жауапты кезең содан кейін басталады.
Жаздың аптап ыстығында егістік басынан табылатын механизаторлар мен агрономдардың, шаруашылық басшылары мен қарапайым еңбеккерлердің әр күні алқаппен астасып жатыр. Қызылшаның әр қатары уақытылы өңделіп, арамшөптен тазаланып, қажетті минералды тыңайтқыштар берілуде. Бүгінде барлық 2600 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, күтіп-баптау шаралары толық қарқын алған.
Диқан үшін судың қадірі алтынмен пара-пар. Сондықтан соңғы жылдары су үнемдеу технологияларын енгізу – уақыт талабы. Ауданда бұл бағыттағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Биыл 3 шаруашылық 310 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісін енгізді. Оның ішінде «Самға Агро» ЖШС 120 гектарға, «Қосын» шаруа қожалығы 40 гектарға, ал «Ташкей» шаруа қожалығы 150 гектарға осы тиімді технологияны пайдаланып отыр.
Тамшылатып суару – тек суды үнемдеудің ғана емес, жердің де, еңбектің де қадірін арттыратын технология. Әр тамшы судың өсімдік тамырына дәл жетуі – өнімнің де, үміттің де молаюына жол ашады. Бұл – табиғатпен тіл табысқан еңбектің айқын көрінісі.
Қант қызылшасын өсіру – жалғыз шаруаның қолынан келетін іс емес. Оның сыртында үлкен ұйымдастыру жұмысы, қуатты техника және өзара қолдау жүйесі тұр. Осы мақсатта ауданда қант қызылшасын өсіруге мамандандырылған бес сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді. Олар шаруаларды қажетті техникалармен қамтамасыз етіп, көктемгі егістен бастап күзгі жиын-терімге дейінгі барлық жұмыстың уақытылы орындалуына қолдау көрсетуде.
Бүгінде аудан алқаптарындағы егістіктің жай-күйі көңіл қуантады. Мамандардың айтуынша, қызылша бірқалыпты өсіп келеді. Әрбір түбірдің жайқалып көгеруі – диқанның күн сайынғы еңбегінің, маңдай терінің нәтижесі. Таңның атысы мен күннің батысын алқапта қарсы алатын еңбек адамдары үшін жайқалған қызылша алқабы төккен тердің өтеуі.
Биыл ауданның шаруалары 78 мың тонна қант қызылшасын жинауды жоспарлап отыр. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің бір жылдық маңдай тері, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан үлесі, өңір экономикасының өркендеуіне бағытталған нақты еңбек.
Қай кезеңде де жердің берекесін арттыратын – еңбек. Ал еңбекке адалдық танытқан диқанның әр жетістігі елдің ырысына айналады. Ақсу алқабында жайқалған тәтті түбір де осының айқын дәлелі. Ендеше, биылғы берекелі маусымның қорытындысы аудан диқандарының еселі еңбегін ақтап, құнарлы даладан тағы бір мол өнімнің жиналатынына сенім мол.
Гүлжан ТҰРСЫН





